top of page

Жазушының күрескерлік жолы, «Есеп» партиясы 

    Қаламгер Кәмел Жүністегі - елеусіздеу қазақ диссиденті, "ЕСЕП" партиясын құрушы 1960-шы жылдары Қазақстанның орталығындағы шағын қазақ ауылында қаршадай мектеп оқушысы Дарвинизм ілімі дұрыс емес деп мұғаліммен дауласaтын. Есейе келе намыс оты "ЕСЕП" – Елін сүйген ерлер партиясын құруға жетеледі. Жастықтың жалындаған төрт жылы түрмеде өтсе, кейінгі кемел жылдар Ақсу-Аюлы тауларының қойнауындағы қымбат қазыналарды аршуға арналуда.

   Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы ауылында тұратын қаламгер, Қазақстанда ХХ ғасырдың 60-шы жылдары «ЕСЕП» атты партия құрып, соның жазасын Сібірде өтеп қайтқан Кәмел ақсақал туралы көп айтыла бермейді. Жақында ғана мерейлі жетпіс жасқа жеткен қарияны мерейтойымен құттықтап, ол кісінің өткені мен бүгіні туралы аз кем тілдескен едік.

      ЕЛІН СҮЙГЕН ЕРЛЕРГЕ ҚОЗҒАУ САЛҒАН КҮШ

  – Алғашқы сұрақ ЕСЕП партиясы жайында. Студент жігітке партия құруға қандай қажеттілік болды және көздеген мақсатқа жете алдыңыз ба?

  – Енді ол кез қазақ халқының өз жерінде азайып кеткен шағы еді ғой: санымыз 30 пайызға да жетпей қалды, соның кесірінен өзге ұлттың өкілдері кеуде көтеріп, бізге күн көрсетпеуге айналды. Қазақтың баласын ұрып кету, үлкендерді қорлау деген фактілер күнделікті кездесіп қалып жүрді.

     Үлкендер «бізді кәпірлер билеп алды, өлгенде бұлар бізге жаназа шығартпайды, ең болмаса қарағайға қақтырмай (табытқа салмай деген сөз), өз беттеріңше жерлеңдер» деп жылап отыратын. Бұл сияқты көз көрген жайлар жеткілікті, осындай себептерден ашыну деген тіпті ертеден басталған ба деп ойлаймын.

Мектеп қабырғасында жүргенде, 6-7 сынып оқитын кезімде әдебиет сабағында Шортанбай, Дулаттарды жамандайтын мұғаліммен сөзге келіп қалдым. Тарих сабағынан беретін мұғалімнің де сөзімен келіспей, «сонда қазақта жібі түзу батыр да, хан да болмаған ба» деп қарсы шығатынмын.

  Мектепте біздің сынып өте мықты болды, жасымыздан ерте есейдік пе, кім білсін, мұғалімдерді сұрақтың астына алатынбыз. Дарвинизм ілімі туралы айтылған сабақта да, Дарвиннің пікірі дұрыс емес деп, сабақты өткіздірмей, дау шығарғанмын, содан кейін мені мектептің директоры шақырып алып, мұнымды қоймасам «құритынымды» ескертті, жағдайдың бәрін түсіндірді. сонымен біраз уақыт тыныш жүрдім.

   Мектепті бітіргеннен кейін халықтың арасында жүріп, жұрттың тамырын басып, пікірін біліп жүрдім. «Халықты, қоғамды ұйымдастырып, жөн сілтеу керек, лақ екеш лақ та бауыздар кезде тұяғын серпеді, ұлт ретінде қазақ халқының тұяғын серіппеуі болмайтын шаруа» дегенді айтып, халықты серпілтуге тырыстық.

     Сол кезде Зейнолла деген жолдас жігіт әскерден келіп, екеуміз бірігіп, партия құру керек, оның аты ЕСЕП болсын (Елін Сүйген Ерлер Партиясы) деп шештік. Олай деп атау себебіміз, біздің алдымызда 1949 жылы Жамбыл мектебін бітіруші жігіттер осындай бастама жасаған болатын. Сол азаматтардың бірі жазушы, ақын Бүркіт Ысқақовпен сан рет жолықтым.

   Бүкең «біз бар-жоғы 10-15 күннің ішінде қолға түстік» дейтін. Олар Жамбыл мектебінің шатырына шығып, Сәкен Сейфуллинің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің шығармаларын дауыстап оқып, өздерін біз «Елін Сүйген Ерлер Партиясымыз» деп жариялаған. Сол атау менің құлағымда қалып қойған-ды.

    Сол дүниені жаңғырту мақсатында партияны осылай атадық, өзімізді «ЕСЕП» партиясының мүшесі санағанымызбен, үнпарақтарды «Жас Алаш», «Жас Қазақ» деген атпен тараттық, өйткені «ЕСЕП» деп өз атымызды жазсақ, бұл «бәленің» Қарағандыдан екені білініп қалатын болды. Үнпарақтарымызды алғашында қолмен жаздық, содан кейін жазу машинкамыз болды. Оны Аюлы тауының бір үңгіріне жасырып қоятынбыз, сол жерде тығылып отырып жазып, жан-жаққа тарататынбыз.

  Енді мақсат дегенге келсек, шындығында біз орыстың алып империясын құлатып тастай алмайтынымызды, оған шамамыздың жетпейтінін жақсы білдік. Біздің мақсатымыз – әбден түңіліп, тауы шағылып, жер болған қазақтың көңіліне шуақ беріп, жастардың көкірегіне от тастау, халықтың намысын ояту болды, біз бұл мақсаттың үдесінен шыға білдік. Олай дейтінім, біз өз үнпарақтарымызды түрліше жолдармен барлық қалалардағы жоғарғы оқу орындарына тараттық қой.

    Сондай үнпарақтарды енді басқалар да жаза бастады, қаладан келген студент жастар ол қағаздарды өздерімен бірге ауылға әкеліп таратып жүрді. Жастардың бұл әрекеттерінен үлкендер қорқып «балалар, бұларың не, сендерді құртады ғой» деп алаңдап жүргенімен, олардың да дүрліккені байқалды. Бұл деген жастардың намысын жанып, халықты оята білу ғой, бұл тұрғыдан көздегенімізге толық жеттік, бірақ түбі ұсталатынымызды да біліп жүрдік.

    1960-1962 жылдары біздің партия жұмыс істеді, бұл кезде КГБ дегенің үнпарақтардың қайдан шығып жатқанын, оларды кім жазып, кім тарататынын біле алмай дал болды ғой. Бірақ, түбі ұсталатынымызды білдік дедім ғой, ақыры ұсталдық, сол кездегі 58-ші бап бойынша («Отанға опасыздық жасау») айыпталып, сотталдық қой.

      ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ ЖЫЛДАРЫ 

  – Партияның «арқасында» қуғынға да ұшырапсыз, бірақ бұл да қалың жұртшылық көп біле бермейтін жай, осы туралы тарқатып айтсаңыз?

   – КГБ-ның түрмесіндегі жағдайлар деген өте ауыр, адам төзгісіз болды. Олардың жендеттері адам аяуды білмейді, ұрып-соғу дегеннің небір түрін көрдік қой. Қолың байлаулы, шашыңнан сүйреп сабаған кезде құйқаң бас сүйектен бөлініп кете жаздайды. Мен алғашқы жиырма күнде орнымнан тұра алмай қалдым, өздерінің ауруханасына апарып, түрлі уколдарды салып, 15 күннен кейін қайта шығарды. 

    Диссидент, "ЕСЕП" партиясының басшысы Кәмел Жүністегінің совет түрмесінде қамауда болған кезі. Поцма кенті. 1964 ж.

    Сөйтіп сотталып кете бардық. Сол кезде мен 22 жаста едім, осы күні сол жастағы балалар аты-жөнін дұрыс жаза алмайды, ал біз деген партияны құрып, оның жарғысын жазып, бағдарламасын түздік. Түрмеге барар жолдағы Ресейдің Челябинск қаласында мені жолдастарымнан айырып, дәу бір орыстың жігітімен жекпе-жекке шығарды, оның қолында пышақ, менде түк жоқ. Бір Алланың сақтауымен, өзімнің бокспен шұғылданғанымның арқасында аман қалдым.
      Ол пышағын жүрекке салдым деп ойлады, мен қолымды тосып үлгердім, оның орны әлі күнге тыртық болып қалды, шапшыған қанды көріп шошып қалған оны мен итеріп жібердім, басы батареяға соғып, жарылып қалды. Екі жарым мың тұтқыны бар үлкен лагерьде төрт жыл отырдым, кәдімгі сотталған адамдар секілді, ағаш жаруы бар, басқасы бар қара жұмыс істейтінбіз.

     Ол жерде ылғи аңдуда болдық, түнде барақтан шығар болсаң, атып тастайтын. «Құба белдер» деген романымның 3-ші кітабында, біздің ұйымның мүшесі болған Рымқұл Сүлейменов марқұмның «Жан айқайы» деген кітабында, одан кейін менен сұхбат алып, жазып шыққан Жанболат Аупбаевтың да материалдарында осы жылдардың біраз шындығы айтылған. 

      "МАХМЕТ ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ СИЯҚТЫ АЗАМАТТЫҢ СҮЙЕГІ ШЕТ ЖЕРДЕ ҚАЛҒАНЫНА ҚАБЫРҒАМ ҚАЙЫСАДЫ" 

   - Лагерде сізбен бірге тек саяси айып тағылғандар болды ма, сол қиын-қыстау күндерді бірге өткізген үзеңгілестеріңіз қайда қазір?

   - Біз саяси лагерде отырдық қой, ол жақта «бытовиктерге» қарағанда басқаша, кілең саяси жоғарғы білімді адамдар болатын. Сол лагерде 33 жыл отырған Құнанбай Бейсенов деген қазақ ақсақал болды.
Лагерге бізден бір жылдан кейін Махмет Құлмағамбетов келді, өте өткір және білімді азамат еді, мамандығы бойынша философ-экономист болатын, Түркіменстанның Чарджоу университетінде сабақ беріп жүргенде сотталыпты.

   Ол біз құсап, жасырын ұйым құрмаған, лекция кезінде ой-пікірін ашық айтып, көзқарасын білдіріп жүрген, ондай адамды аяушы ма еді, ақырында үстінен іс қозғалып, бізге алып келді. Ол кезде сотталғаныңа наразылығыңды білдіріп, жазып беретін кассациялық шағым деген болатын, Махметтің сол қағазын біз түрмеден ала келіп едік, кейін жолдас жігіттің үйінде жоғалып кетті.

     Сонда Махмет «Түсімде тергеуші менің тамағымнан қылқындырып, біздің ісімізді дұрыс деп айт деп тұр екен, оны дұрыс дейін десем арымнан аттай алмаймын, менікі дұрыс десем, жанымнан айырыламын» деп жазған болатын, осы жері есімде қалыпты.

  Біз 33 жыл отырған ақсақал шығып кеткеннен кейін 3-ақ қазақ қалдық. Махмет социализмнің беталысының дұрыс емес екенін, ұзаққа бармайтынын экномикалық тұрғыдан дәлелдеп айтып отыратын, ол кез келген ортада пікірін өткізе алатын өте батыл жігіт еді.
    Сондай-ақ ол латыш жігіттерімен көп араласты. Бір жылдай бірге отырдық, сосын бізді бөліп жіберді. Мен шығып кетер кезде оның біздің лагерьге қайтып келетінін естіп-білдім. Ол кезде киім-кешек те тапшы ғой, сондықтан қайтар кезде өзімнің киімдерімді Махметке беріңдер деп тапсырып кеттім.
    Тағы бір есімде қалғаны Махмет ылғи «осыдан босап шықсам, шетелге шығып кетемін» дегенді жиі айтушы еді.
    Мен оған ылғи: «шетелге қалай өтпексің, айналаң аңдуға толы, оның үстіне есі түзу қазақтың елде жүргені керек қой, білмейтіндерге жөн сілтейтін, шетелде не бар, қапылыста опат боларсың», - дейтінмін.        Ол ақыры өзінің «бұларды мен шетелге барып әшкерелеймін» дегенінен танбай, шетелге кетіп қалды.
      Шіркін, дүние-ай деп ойлаймын, сол Махмет сияқты жігіттің шетелде қайтыс болып, сүйегі елге жетпей қалғанына ішім удай ашиды. Сондай азаматтың сүйегін елге әкеліп, ақ жуып арулап, құрметтеп қоя алмағанымыз, біздің әлі де болса босқа жүргенімізді көрсетеді ғой.
 

  Өздерің ойлаңдаршы, Желтоқсанды былай қойғанда, сонау 1950-ші жылдар мен 2000 жылдың аралығында, қай қазақ «қазағым, елім» деп түрмеге түсіп еді? Біз лагерде үш-ақ қазақ болдық дедім ғой, сонда өзге ұлттар жыртылып-айырылып жүргенде үшеуміздің ғана болғанымызға арланып, халқымыздың езіліп, қор болғаны екен ғой деп көңіліміз жаситын. Сол Махметтің қайтыс болғанын, оның үстіне шетелде қалғанын естіген кезде көзімнен жас шығып, көңілім құлазып қалды. Қайтерсің, қолдан келер қайран жоқ...

  - Төрт жылды артқа тастап, елге оралдыңыз, Совет үкіметі құшағын жайып қарсы ала қоймаған болар?

 - Елге келгеннен кейінгі кездегі жағдайымыз да адам айтқысыз оқиғаларға толы болды. Біздің бос жүруіміз қауіпті саналғандықтан, жұмыс беруге мәжбүр үкімет бізді жұмысқа орналастырды. Мен орыс мектебіне физрук болып жұмысқа тұрдым, оқуды жалғастырып бітіріп алдым. Үйді тінту деген жағдайлар үнемі болып тұрды. Оның үстіне мен өзім де тыныш жүре алатын адам емеспін.

     Ол заманда атын атауға болмайтын Шортанбай жыраудың мұрасын зерттедім, лагерьде 18 жыл отырып келген Шортанбайдың жырларын жатқа айтатын ақсақалдан жазып алған материалдарым бар, оларды магнитофонға жазып алып, жердің астына көміп қойдым, тауып алса құрыдым ғой, бірақ оның бәрін «олар» біліп отыр. Қыздарбек деген, шәкірттерінің бәрін совет үкіметі атып тастаған күйшінің домбырасы менің үйімде тұр, осылардың мұрасын зерттеумен де айналыстым.
    "ТЕМІР ТОРДАҒЫ ТӨРТ ЖЫЛДЫҢ ӨТЕУІ МЫҢ ТЕҢГЕ БОЛДЫ..."

  – Осы ел аралап, әдебиет - өнер зерттеумен шұғылданған еңбегіңіздің жемісі қандай болды?

 – Әрине, бұл еңбек далаға кеткен жоқ. Зерттеулерімнің бәрінің нәтижесі зор болды, Қыздарбек күйші жөнінде жазған кітабым он жыл бойы басылмады, тағайындалған 5 рецензенттің бәрі мақтағанмен, шығаруға рұқсат берілмеді. Ал Шортанбай туралы жазған «Соңғы абыз» деген романым соңғы уақытта басылып шықты.

    Түрмеде жүргенде бірге отырған ақсақал екеуміз үюлі ағаштардың арасына жасырынып, аспан әлемін, жұлдыздарды зерттейтінбіз. Ол кісі жұлдыздарға байланысты көп жайды білетін, бірақ «бала бір күні екеумізді атып өлтіреді ғой» деп қорқатын. «Жердің бетінде ешкім тірі қалмайды, өзекті жанға бір өлім» деп мен ештеңеден бас тартпайтынмын, ақыры сол жұлдыздарды зерттеудің нәтижесі «Шырағдан» деген кітабымның жеке тарауы болды.

     Қазір қарасаңыз, жұлдыздардың негізгі атауларын біздің бір де бір ғалым білмейді, орысшадан тікелей аударылған атауын қолданып жүр, бұл деген масқара ғой. Мәселен біз Үркер деп атайтын жұлдызды орыстар Дева дейді, соны біздің ғалымсымақтар Бикеш деп айтып жүр.

  – Бір адамдай-ақ қуғын көріпсіз, жетпіске келдім деп жатып алмай, жазып-сызып, әліңіздің келгенінше қазақтың қазақ болуына үлес қосудасыз, осы еңбектеріңіздің өтеуі болды ма?

  – Өтеуі сол – қазағымның егемендікке, тәуелсіздікке қол жеткізгені, елімнің амандығы мен жұртымның тыныштығы. Жеке басым үшін ешқандай өтеуі болған жоқ, бар өтемі – зейнетақыма репрессияға ұшырағандығым үшін деп бір мың теңге қосып берді.

     Кейде біреулер маған осы сенің сұрағыңды қояды, әдейі ме, әлде шынымен білгісі келе ме, бірақ менің үкімет мың теңге тағайындады деп айтуға аузым бармайды, ұят-ақ жағдай. Оны қалай айтасың, кімге айтасың, мен сөйтіп едім, маған ақша төле деп айтуға арым жібермейді. Әйтпесе, басқаны былай қойғанда, түрмеде көрген қорлықтың, жан үшін болған шайқастардың өзі өміріме жетерлік таңба ғой.

   Мәселен, Қайрат Рысқұлбековті асылып өлді дейді, шындығында ол асылып өлген жоқ, буындырып өлтірді де, асып қойды ғой. Сол сияқты мені де түрмеде жарып өлтіріп, өліп қалды дей салуы әбден мүмкін ғой және орыстың жерінен мені кім тауып алар еді, сөйтіп өлігіміз әр жерде қалмасын деп, жанымыз үшін арпалыстық қой.

  – Сіздің жиған-терген қолжазбаларыңыздың да көп қудаланғаны белгілі, солардың сақталып қалғаны бар ма?

   – Мен 7-ші кластан бастап зерттеумен шұғылданған адаммын. Нені қай дәптерге қайдан жазып алғаным, нөмірленіп сақталып тұратын, бәрі қолды болды ғой, қазір менің қолымда № 6 дәптер деген бір дәптер ғана қалды. Ал Шортанбайдың араб қарпімен жазылған шығармалар жинағы мен кириллицаға түсірілген тағы біраз өлеңдер топтамасы бар еді, олар да тінтудің құрбаны болды, соған қатты өкінемін.

    Шортанбай деген осы Шет өңірінің тумасы ғой, оның не әкесін, не шешесін білмейтін ғалымдарымыз түрлі болжамдар айтып жүр, ал мен жыраудың әке-шешесінің қай жерге жерленгенін де білемін, бұл жайларды талай рет жаздым да.

     Кейіннен Шортанбайдың кітабын шығарттым, бірақ жаңағы айтқан қолжазбада жыраудың өз айтуы-мен жазылған қай өлеңнің қай уақытта және не үшін шыққаны туралы толыққанды мәліметтер бар болатын, осы сүбелі дүниелерді сақтай алмағаныма өкінемін, ол заман кітап, қолжазба тұрмақ бастың амандығын уайым қылған кез еді ғой.

    «Ана жақта» отырғанда жақсы азамат, достар болды, олардың әрқайсысы жер шарының әр жерінен болса да, пікіріміз ортақ болғандықтан, достасып кеткен едік, солардың мекен-жайлары жазылған қойын дәптерімді түрмеден тығып, білдірмей алып шығып едім, соған дейін арпалысқа толы күндерде жоқ болды ғой.

     "ҮҢГІРДЕГІ ҚҰПИЯ КІТАПХАНАНЫ ІЗДЕП ЖҮРМІН"

  – Сіз Алматыдағы әдеби ортадан жырақта, ел ішінде жүріп-ақ талай іс тындырыпсыз, ал ол жақтағы сіздің қаламдастарыңыздың халы қалай, өзіңіз қазір не шаруамен айналысудасыз?

  – Мен Қарағандының өзінде емес, облыстан 120 шақырым жерде тұрамын. Мұнда жазушылар өте көп емес, біздің жасырын ұйымның мүшесі Рымқұл Сүлейменов деген жазушы қайтыс болды, Төкен Әлжанов деген қаламгер бар, онымен көп араластығым жоқ. Аппаз деген 87 жастағы жазушы жолдас мені туған күніммен құттықтап келіп кетті, елде айтарлықтай көп әріптесім де жоқ.

    Өз басым елде жүрсем де әлі тындыратын ісім көп деп ойлаймын, сол бастамаларды жүзеге асыруға басшылардан көмек те сұрадым, қазір енді жас емеспін ғой, жалғыз жүре беретін. Айта берсем ойға алған жоспар көп. Мәселен, Ұлытаудағы Едіге тауының басындағы Едіге батырдың мазарын сүйегін зерттейміз деп ашып тастаған, соны қайтадан жерлеуге көмек сұрап отырмын.

     Сосын тағы бір керемет дүние — бір үңгірде кітапхана бар деген ақпаратты өлім аузында жатқан кісінің үй-ішінен естідім. Ол кітапхананы тауып алған кісі ондағы кітаптың бірінің 2-3 бетін жыртып әкелген, бірақ айтуға қорқып, уақыт өткізіп жіберген, менің құлағыма тиген кезде ол кісі тіл-құлақтан айырылып, сұлқ жатыр екен, көп ұзамай о дүниелік болып кетті. Естігенім бойынша, ол кітапханада түгелдей дерлік араб қарпімен жазылған, мұқабасы теріден қапталған мыңдаған кітап бар көрінеді, соны іздеп таба алмай жүрмін.

     Бұл сияқты ойға алған шаруаның бәрін жүзеге асыруға бұрынғыдай жас емеспін, қолымнан бірде келсе, енді бірде келмей қалып жатыр, сондықтан өзімнің мерейтойыма жиналған жұртқа да осы жағдайларды айтып, көмек өтіндім. Бірақ осыған селт ете қоятын адам болса жақсы ғой...

     Ал өзімнің жазу-сызуыма келсек, ой көп, жазатын да дүние көп, бірақ қазір мен романдардан кейін сәл тынығып жүрмін, оның үстіне мен жеріне жеткізе зерттемей, өзімнің көзім толық жетпеген жайтты жазбаймын, өзіңмен қоса өлетін дүниені жазып әуре болудың қажеті жоқ деп санаймын, әйтпесе қаламыңды тербейтін тақырып жеткілікті ғой.

     "1986-шы ЖЫЛДАРЫ МЕНІ ӨЛЕҢДЕРІМ ҮШІН ДЕ ҚАЙТАДАН СОТТАП ЖІБЕРУГЕ БОЛАТЫН ЕДІ"
  – Жетпіс жасқа келіпсіз, бұл деген адамның артына қарап, өткені мен кеткеніне есеп беретін жасы ғой, сіз өткен уақытыңызды қалай бағалайсыз және жетпістің биігінен қарап, бүгінгі күннен не көресіз?

 – Артта қалған уақыт деген қанша бейнетке толы болса да, қорлық-зорлық көрсем де өткен өміріме ризамын, мені сөйтіп қорлады-ау иттер, өзгеге есем кетті-ау деген өкініш те жоқ емес. Бірақ, бәрібір өмірім мағыналы, өзімнің халқым үшін түйір де болса бір нәрсе жасадым, бұл да болса жақсы ғой.

    Менің кезінде баспа бетін көруге тиым салынған, бір кітап болатындай өлеңдерім де бар, соңғы кезде өзім прозаик болып кетіп, өлеңге қарамай кеттім. Оның үстіне 1986-шы жылдары мені сол өлеңдерім үшін де қайтадан соттап жіберуге болатын еді, маған сол кезде КГБ-ның бір жас жігіті түн ортасында келіп, «тағы да кетіп қаласыз ғой, жазған-сызғандарыңызды тығыңыз» деп ескертті.

    Сотталамын ба деп тағы да ойлап жүрдім, әйел, бала-шағама жылайды деп айтпадым, кешке жатарда балаларымның маңдайынан иіскеп, «бүгін кетіп қалам ба екен, жылап-жылап қаласыңдар-ау» деп ешкімге көрсетпей қоштасып қоятынмын. Бұл мамыр айында болған жағдай еді, осыдан күзге дейін кететін күнімді санап та жүрдім, не деген азапты күндер десеңші.

   Бізді соттаудан аяп қалған жоқ, бірақ бұл кезде Балтық бойындағы елдерде, Кавказда түрлі толқулар болып, бізге қарауға мұршалары болмай кетіп, аман қалдық. Өзіңді қашан келіп алып кетеді деп күн сайын күйтіп, ойлап жүру дегеннің азабын ешкімге сездірмей-ақ қойсын.

   Қалай болған күнде де шыдадық, көзқарасымның дұрыс болғаны ғана қазір қанағат сезімін береді. Кейде ренжіп те қалатын кезім болады. Тау-тасты кезіп жүргенде мен өзіме жоқ іздеп, алтын тауып алғым келіп жүрген жоқ. Халқымның мәдени мұрасын зерттеп, жоғымызды тауып, атылып кеткен батырлар мен ақындарды қайта тірілттім, мұндай ізденістерім ізсіз кеткен жоқ, сол үшін тәубе деймін.

     Кәмел Жүністегі - жазушы, диссидент (сурет оның жеке мұрағатынан).

   Бірақ, тілі шұбар, діні әртүрлі қазақтың ұрпағын көргенде «не болып барамыз, сонда біз не үшін жан қиюға дейін бардық, бұл сұмдыққа неге тиым жоқ, бұндай ала-құла болып аза берсек түбінде Отанымыздың тас-талқанын шығарамыз ғой» дегенді ойлағанда ішім удай ашып, жаным ұлып кетеді, көзіме жас келеді. Әйтпесе, көк байрағымыздың желбіреп тұрғанына шексіз қуанамын, бірақ жаңағыдай жағдайды көргенде қасқыр болып ұлығым келеді.

   Мен 1995 жылдары президенттің жеке билік құрғанын дұрыс деп түсіндім, өйткені ол кезде біздің ішімізде орыстар, казачество бас көтеріп жатты ғой, сондықтан бізге тізгіні мықты, кім көрінгеннен теперіш көрмейтін, «оларды» жермен жексен ететін билік керек болды. Осы себептен мен оны қатты жақтадым.

Бірақ, осы нәрсені түбіне жеткізе алмадық, қазір кім билеп кетер екен деген үрей де жоқ емес. Алыс ауылда жатқан біздің пікірімізді ешкім керек те қылмас, саясат деген даусыз дүние ғой, бірақ осылай болса екен деген ой көкейіңде сайрап тұрады, демократиялық өзгерістер өте қажет-ақ.

  – Азаттықтың оқырмандарына тілегіңіз?

 – Азаттық қай заманда да қазақтың жоғын жоқтап келеді ғой, сол Азаттықта жұмыс істеген, лагерьде бірге отырған Махмет Құлмағамбетов деген мықты азаматтың елді көре алмай, қайтыс болып кеткеніне қабырғам қайысты.

     Оның сол кезде шетелде жүріп, біз туралы хабар жасағанын жұрттан естідім. Оның сол хабарынан кейін сұмдық жағдайларды бастан кешірдік, тіпті менің балаларымды дәрілеп, талдырып тастап, үйге тінту жасаған да кездер болды.

  Елде осындай халық үшін күресетін азаматтар бар, қазақ өзінің құл болғанына риза емес деген сыңайдағы хабар Азаттықтан сол уақытта-ақ берілген еді. Сол үшін таяқ жесем де, біздің мұңымызды мұңдағаны үшін Азаттыққа ризамын. Әрдайым еңбектерің жемісті болып, қазақтың арманы мен намысын ту етіп көтере беріңдер деймін Азаттықтың ұл-қыздарына, ал оқырманға тілегім — еліміз бен жеріміз аман болсын!

  – Әңгімеңізге мың да бір рахмет!

 

  11 наурыз, 2009

  Элеонора ЯКИЯ

 

   https://www.azattyq.org/a/Kazakhstan_esep_kamel_zhunis/1497762.html

  "Есеп партиясы" туралы ел шындығы

(Әдебиеттер, мерзімді басылымдағы мақалалар мен жазушы келтірген деректер)

Ысқақ, А. Есімі дәрісханаға берілді [Мәтін] А. Ысқақ // Орталық Қазақстан, 2010.- 21 қаңтар (№8). - 6 б.

Жүністегі, К. Көне арнаның ізі қайда [Мәтін] : [хикаят, әңгімелер, ой-толғаныстар] / К. Жүністегі. - Алматы : ҚазАқпарат, 2016. - 377 б.

Қазақ әдебиетінің бүгінгі шамшырағы мен шырағданы

bottom of page