top of page

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (9 ақпан 1931Алматы облысыРайымбек ауданы Қарасаз - 27 наурыз 1976Алматы) шын аты Мұхаммедқали – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын.

Ақының аты өлгенмен хаты өлмейді

Өмірбаяны

         Ол 1931 ж. 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9-нда тойланады. Екінші ақпарат: ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз.» Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екінші ту­ған күніне байланысты мынадай сөз айта­ды: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпан­да дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен».    Азан шақырып қойылған аты - Мұхаммедқали. Әкесі қарапайым шаруашы:колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туған. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері - Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады("Неңді сенің аңсаймын,бала шағым?"). Мұқағалидің әкесі 1941ж

                                                                                                Хронология

  • 1948 - 49 ҚазМУ-дың филология факултетінің студенті;

  • 1948 - оқуын тастап, Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы;

  • 1949 - көктемде жары Лашынмен отау құрады;

  • 1949 - "Советтік шекара" газеті ақынның "Қырман басында", "Қойшы бала - Әкітай" деген өлеңдірін жариялады;

  • 1950 - Алматыдағы Шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне оқуға түсіп, көп ұзамай тұрмыстық жағдайына байланысты оқуын тастайды;

  • 1954 - Қарасаздың бастауыш мектебінде орыс тілі мұғалімі болып тағайындалады, осы жылы ақынның үш өлеңі "Әдебиет және искусство" журналында жарияланды;

  • 1957 - Республикалық радионың диктор қызметін атқарады;

  • 1960-62 - "Советтік шекара" газетінің бөлім меңгерушісі;

  • 1963-1965 - "Мәдениет және тұрмыс" журналында жұмыс істейді;

       Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.

Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963 жж.), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963-1965 жж.), «Жұлдыз» (1965-1972 жж.) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жж.) қызмет атқарады. Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.

Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған.

Поэзиядағы алғашқы қадамдары

        Ақынның тұңғыш өлеңдері “Қырман басында”, “Қойшы бала — Әкітай” ауданындағы “Советтік шекара” газетінде жарияланды (1949). “Інімнің ойы”, “Шебер” өлеңдері “Жастық жыры” атты жинаққа енді (1951). Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжібаев: “Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!” деген еді (“Қазақ әдебиеті”, 18.3.1960).

Шығармалары мен аудармалары

        Мұқағали Мақатаевтың суреті бейнеленген пошта маркасы, 2006 жыл

Мұқағалидің “Қарлығашым, келдің бе?”, “Дариға жүрек” (1972 ж.), “Аққулар ұйықтағанда”, “Шуағым менің” (1975 ж.), “Соғады жүрек”, “Шолпан”, “Жырлайды жүрек”, “Өмір-өзен”, ”Өмір-дастан” және т.б. жыр жинақтары, сондай-ақ, “Қош, махаббат!” (1988 ж.) атты прозалық кітабы да бар. Біршама өлеңдеріне ән жазылды. Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали Дантенің “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” деген бөлімін (1971 ж.), Шекспирдің “Сонеттерін” (1970 ж.), Уолт Уитменнің өлеңдерін (1969 ж.) қазақ тіліне аударды.

Ақынның көзі тірісінде 3 аударма кітабы [У.Уитмен, “Шөп жапырақтары” (1969); У.Шекспир, “Сонеттер” (1970); Д.Алигерьи, “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” бөлімі (1971)], 8 жыр жинағы [“Ильич” (1964), “Армысыңдар, достар” (1966), “Қарлығашым, келдің бе?” (1968), “Мавр” (1970), “Дариға-жүрек” (1972), “Аққулар ұйықтағанда” (1974), “Шуағым менің” (1975), “Өмірдастан” (1976)] жарық көрді. У.Уитмен, У.Шекспир, Н.Тихонов, Р.Бернс, Ф.Ансари, А.Акопян, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргуннің бірнеше өлеңдерін аударды. Ю.А. Александров, М.М. Курганцев тәржімалаған ақын өлеңдері “Зов души” деген атпен орыс тілінде басылып шықты

Поэмалары

         Мұқағалидің “Ильич”, “Ақ қайың әні”, “Ару-ана”, “Мавр”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Қырандастар, қош болыңдар”, “Чили-шуағым менің”, “Шекарада”, “Большевиктер”, “Өмірдастан”, “Арман”, “Шолпан”, “Досыма хат”, “Алтай-Атырау”, “Отаным, саған айтам”, “Райымбек! Райымбек!”, “Қашқын”, “Жер үстінен репортаж”, “Моцарт. Жан азасы” атты поэма-толғаулары бар. 650-ден астам лирикалық өлеңдерінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер турасында терең толғаған. Ақын өмірінің соңғы кезеңінде жазған “Моцарт. Жан азасы” реквиемі пәлсапалық мазмұны, психологиялық тіні өзгеше туынды. “Табыт үні”, “Халық үні”, “Жесірлер үні”, “Бесік жыры” аталатын 4 бөлімді туындының әрбір бөлімінде бірде табыт, бірде жесір-Ана, бірде Жер-Бесік атынан Өмір мен өлім туралы философиялық пайымдаулар айтылған. Ақын Моцарт тағдырын тілге тиек ете отырып, өмір туралы өз жанының оптимистік рухын, әрбір адамның жан түкпіріндегі арман-әнін жеткізеді. Ақын қай тақырыпта жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмады, ол туралы: “Мен жырламаймын, Сырласамын. Сыры бір замандаспен мұңдасамын. Көгендеп жыр қосағын, Келмейді жыр жасағым” немесе “Тіпті де мен емес-ті “Мен” дегенім... Өзгенің жаны-сырын ұғу үшін, Өзімді зерттегенді жөн көремін” дейді. Мұқағали шығармашылығының тіні “өзін-өзі” зерттеуден тұрады. Мұқағалидің медитативті лирикасындағы лирик. Мен — өзін-өзі іздеген, өмір мен өлім, адам мен қоғам, ғаламнан үйлесімділік іздеп шарқ ұрған, толассыз ізденістегі пәлсапашыл Мен. Мұқағалидің шығармаларында философиялық тереңдік, адамның психологиялық жан күйзелісін суреттеу, медитация басым. “Өмірдастан” атты топтамалы толғауында жесір жеңге (Дариға) образы арқылы тылдағы халық өмірі мен адамдық, азаматтық, адалдық, ар-намыс, рух пен нәпсі арасындағы толассыз күрес психол. шиеленіс арқылы шебер жеткізілген. Мұқағалидің шеберлігі өзі өмірден көрген-білгенін көңіл елегінен өткізе терең жеткізуінде. Имандылық,ислам діні турасында “Я, Жаратушы Аллам”, “Сатқан емен”, “Дін-ғылымның анасы”, “Я, Алла”, “Бүкіл дүние мұсылмандарына хат”, “Адам қайдан жаралған”, “Жүрек арызы”, “Күн батты, міне, кеш кірді”, “Не керек, осы, адамға”, т.б. өлеңдер жазды. “Сатқан емен, сатпайтын дінімді мен”, “Мұхаммедтің үмбеті-мұсылманмын”, “Сайтанның да, күнәсіз періштенің, Бал мен уын талғамай неге ішкенмін. Періштенің қайғысын бөліспедім, Сайтанменен болса да келіспедім” секілді жыр жолдарында адам табиғатына сай тартыс, пенденің жан тылсымындағы жұмбақ қақтығыстар көрініс тапқан. Ол әсіресе тауды, қазақ ауылын көп жырлайды (“Тауда өстім”, “Тау бір аңыз”, т.б.). “Өлмесін деп берген ғой тауды маған, Мен күңіренсем, күрсініп тау жылаған”. Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлентті. “Қазақтың қара өлеңі құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген” дейді ақын. Мұқағали дәстүршіл ақын, ол өлеңге интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. Мұқағалидің поэзиясы ұлттық характерімен, мінезімен ерекшеленеді: “Су сұрасам, сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем”. Ақын өлеңге ерекше кие деп қарап, Музаға табынған: “О, Муза, маған алыс сөреңді бер, ұайыптан кел де, мені демеп жібер”. Мұқағали адам жанының диалектикасына терең бойлап, оның болмысын шынайы бедерлейді (“Жапырақ жүрек-жас қайың”). Ол “Нағыз ақын алдымен ойшыл, философ болуы қажет. Поэзияда философ болу өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу, ақырына дейін “адам жанының инженері болып қалу” дегенді ұстанды (Күнделік, 10.2.1976). Ақынның шеберлігі өмірден өзін, өзінен өмірді көре білуінде. “Бүкіл менің жазғаным — бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма” дейді ақын. Мұқағалидің адамзат ғұмыры мен әлем сырын жыр еткен лирикасы қазақ әдебиетіне қомақты мұра боп енді. Мұқағали поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Қаламгердің “Қош, махаббат” жинағына (1988) әр жылдары жазылған “Құлпытас”, “Марусяның тауы”, “Өзгермепті”, “Әже”, әңгімелері, “Қос қарлығаш”, “Жыл құстары” повестері мен “Қош, махаббат” пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген. “Рух және сезім” , “Сезім найзағайы”, “1969 жылғы қазақ поэзиясы“ атты әдеби сын еңбектерінде О.Сүлейменов, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Нәжімеденов, С.Мәуленов, т.б. шығармаларына талдау жасап, өнер, поэзия туралы ой толғайды.

 
                                                                                                            Өлең үзіндісі
     Мұқағали — өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі, ақынның өз сөзімен айтқанда:

«...Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, —
деген ерен жырдың жаратушысы, Ұлы тұлға, Ұлы ақын.
Поэзия!
Менімен егіз бе едің
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан
Сені іздедім жоғалған замандардан...
... Сені іздедім.
Ӏздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?»

         Осы өлең жолдарын оқыған кезде алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз... Ақын өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары сол сенімінің жемісі. Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр.

                                                                      Ақынның заты өлгенмен, аты өлмейді

         Алматы қаласында дүниеден өтті. Негізгі жыр жинақтарын көзінің тірісінде жарыққа шығарды (“Мавр”, “Дариға-жүрек”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Шуағым менің”). Дүниеден өтер алдын “Реквием” атты толғау-өлеңін жазды.

Шығармалары өзбек, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған. Ақынның әдеби мұрасын зерттеуде 3 кандидаттық диссертация қорғалып К.Сейтова “Мұқағалидың ақындық мұрасы” (1991), К.Хамидуллаев “Мұқағалидың ақындық шеберлігі” (1993), тіл білімінде З.Қазанбаева “М. Мақатаев лирикасының грамматикалық ерекшеліктері”(1999)], шығармашылығы турасында 700-ге тарта еңбек (мақала, естелік-эссе, роман, поэма, өлең, т.б.) жазылған. Мұқағали қайтыс болғаннан кейін ҚР Жазушылар одағы Мұқағалидің атындағы әдеби сыйлық тағайындады (1985), оған ҚР Мемлекеттік сыйлық (1999), “Ғасыр ақыны” атағы берілді. 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған жерінде мұражайы ашылды. Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында Мұқағалиға арналған ескерткіш бар. Мұқағали өлеңдеріне Н.Тілендиев, Д.Рақышев, Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов, А.Алтынбек Қоразбайұлы Қоразбаев, Т.Рахимов, М.Рүстемов, Т.Мұхамеджанов, Ә.Тінәлиев, Б.Оралұлы, Т.Досымов, т.б. сазгерлер ән жазды. 1985 жылы Қазақстан Жазушылары Одағының бастамасымен үздік әдеби шығарма авторларына М. Мақатаев атындағы сыйлық тағайындалды. Ал 2008 жылы М.Мақатаев атындағы жаңа сыйлық тағайындалды.

1999 жылы Мұқағалидың «Аманат» атты кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды (Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық). 2011 жылы Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығы түрлі деңгейде аталып өтпек. Осы мерекеге орай "Ақын, туған күнінмен!" деген Асқаров Алимжан өлең арнаған.

Дыбысты жазбалар

О махаббат -
00:00 / 00:00
Дос -
00:00 / 00:00
Көтер кәне басынды - Unknown Artist
00:00 / 00:00
Жүрегімде жүрген-ай бір қауіптің - Unknown Artist
00:00 / 00:00
Еркек -
00:00 / 00:00
Бақыт тұралы ой - -
00:00 / 00:00
Ғашық адам - -
00:00 / 00:00
Бақыт тұралы ой - -
00:00 / 00:00
Әйелдер -
00:00 / 00:00
Сен жыладың -
00:00 / 00:00
Ей, өмірім, зымырап барасың ба -
00:00 / 00:00
Ғашықпын -
00:00 / 00:00

Қол жазбалары

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ ӨЛЕҢДЕРІ

Отан

Мұқағали Мақатаев

 

Отан!!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Құс ұясыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға - сол қайғы!
Күн көреді,
Әкесіз де, анасыз,
Өмір сүрер.
Әйелсіз де, баласыз,
Ал Отансыз -
Нағыз сорлы панасыз?
Білесің бе,
Отанның сен не екенін?
(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.)
Екі Отан жоқ.
Жалғыз Отан - мекенің!

 

Нені аңсаймын

Мұқағали Мақатаев

 

Нені аңсаймын?..
Туған өлке, туған жұрт, сені аңсаймын,
Heгe аңсаймын, білмеймін, неге аңсаймын
Ұл де, мейлің, адасқан құл де, мейлің,
Сені аңсаймын, туған ел, онан сайын!
Қуат берген дәмің мен тұзың маған,
Қаймағыңды аңсаймын бұзылмаған.
Гүлін сүйем, шалғынның бүрін сүйем,
Үнін сүйем масаңның ызыңдаған.
Сені аңсаймын, қайнаған ақ бастаулар,
Ақ бас таулар - самайын ақ басқандар.
Сені аңсаймын, қазіргі ақ бас шалдар,
Бұрынғы өреден құрт ап қашқандар,
Су кешіп, жалаң аяқ от басқандар!

 

Музаға

Мұқағали Мақатаев

Отырғанын қарашы күйім келмей,
Қайда кеттің?
О, Муза! Құйын желдей.
Аузымды ашсам өкпемнен жел үреді,
Қаңыраған иесіз диірмендей.
Мұздатады жанымды бұйым көрмей.
Жел үреді желпініп, көрік-кеудем,
Күйім келмей отырмын неліктен мен?!
О, Муза!
Қайдасың сен желік берген?
Жалын мен отқа ғана ерік берген
Серігім, қайдасың сен сеніп келген?
Дәптер жатыр парағы аударылмай,
Аударылмай шынымен қалғаны ма-ай!
Ойлар жатыр еңсемді бір көтертпей,
Тонна-тонна қорғасын салмағындай.
О, Муза!
Әуреге салғаның-ай!
Күтемін сенен үміт, сенен жігер,
Қисаң маған, биік пен тереңді бер!
О, Муза!
Маған алыс сөреңді бер!
Ғайыптан кел де, мені демеп жібер.

 

Мына қасқа...

Мұқағали Мақатаев

 

Қор болған жылдарым-ай, күндерім-ай!
Асауға ауыздықсыз мінгенім-ай!
Мына қасқа бәрін де біле тұрып,
Мына қасқа бірін де білмеуін-ай!
Шынымен түсінбей ме мына қасқа,
Мына - көз, мына - жүрек, мына - басқа
Мына қасқа шынымен түсінбей ме,
Бұлбұлдың қонбайтынын қу ағашқа?!
Мына - жүрек, мына - көз, мына баста,
Ненің барын біледі мына қасқаң...
Сезгіштігін білдіріп алам ба деп,
Тас жүрегін жасырар қына басқан.
Аламын деп қасқаның тас қамалын,
Тас жүрекпен қашанғы тас боламын.
Тас жүрекке табынтып, тастамағын,
Жүрегін бер, тәңірім, жас баланың!
Сағындым сені, сәби кездерім-ай,
Сандалтып, мені тастап безгенің-ай.
..Мына қасқа бәрін де сезіп тұрып,
Мына қасқа бірін де сезбеуін-ай!

 

Несіне асығады?!

Мұқағали Мақатаев

Күн қайда асығады?!
Нендей күш күннің нұрын жасырады?!
Қызарып соңғы сәуле шашырады.
Күн түйе алмай барады шашын әлі.
Несіне асығады?!
Көкжиекке ымырт кеп асылады,
Түн келіп, дүниені басынады.
Күн неге асығады, асығады?!
О, жарық дүнием-ай!
Қуатым-ай!
Несіне асығасың, тұра тұрмай.
Өмірді басқа арнаға бұратындай.
Түннен қорқам...
Мәңгілік тұратындай.
Тоқташы!
Тоқтай тұршы, қуатым-ай!
Білмеймін асығатын Жер ме, Күн бе?!
Белгісіз, не күш мені тербетуде?!
Қара жер қашан өткен күнді айналып?!
Қозғалмай-ақ тұрмын ғой жер бетінде.
Жетпедім ұшығына күнде ойланып,
Жер қайда асығады, күнді айналып?!
Тірлікте қара түннің керегі не,
Кетпей ме онан-дағы күнге айналып.

 

Наурыз

Мұқағали Мақатаев

Ақпан кетті араз боп наурызбен,
Наурыз жүр жоғалған бағын іздеп.
Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,
Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.
Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып,
Қыс барады қиылып, жылап тұрып.
Шатырында үйлердің наурыз жүр,
Мұз көргісін ақпанның лақтырып.
Тозған тонын бойына кие алмай бір,
Қайда барса қарт Аяз сыя алмай жүр.
Асқар таулар атасын шақырады,
Ой мен қырын атасы қия алмай жүр.
Қарар емес наурыз атағына,
Алар емес ақпанды қатарына.
Күні бойы жылаған қарт пенденің,
Түні бойы мұз тоңды сақалына.

 

Алматының аспаны

Мұқағали Мақатаев

Тал түсте,
Бозғыл деңгейде,
Шуағын жерге төккен Күн.
Жылымық қыста кей-кейде,
Иісі келер көктемнің.
Ұмыттырар ақпанды,
Боз аспан, онан боз дала.
Осынау ғажап шақтарды,
Қозғама, тәңір, қозғама!
Оралады өткен күз,
Қыс келеді.
Төсі қар.
Ұзатылған көктем-қыз
Қайта оралса, несі бар?!
Ішке сыйған баламыз,
Сыртымызға сыяды.
Кең ғой біздің даламыз!
Зиялы да ұялы.
Қайдан келсін бірақ та,
Мезгіл жетпей қыз-көктем.
Қарашы анау қыратқа,
Арқасына мұз шөккен.
Алматының аспаны,
Бізді әзірге тұр алдап.
Қайың, терек бастары,
Барады әне, қыраулап...

 

Жалғыз көкек

Мұқағали Мақатаев

Жетімсіреп, жем іздеп балапанға,
Жалғыз көкек жүретін жаға талда.
Әлдекімді жоқтайтын күн батарда,
Әлдекімді жоқтайтын таң атарда.
Иесіз қалған, бұзылған тамға барып,
Қонушы еді, қонағын қамдап алып.
Жоқтаушы еді оңаша отырып ап,
Оқшау шетте ұясы, талда қалып.
Сұңқыл үнді сұрша құс, жан - Отанын
Ойландырып тастайтын жаға талын.
Оңашада отырып жоқтаймын деп,
Оятатын ұядан балапанын.
Сұқ саусақтай балапан ес білер ме,
Сұрша құстың сұм даусы есті желде.
Ұясында құттай құс қобалжиды,
Таныс үнді шалғайдан естігенде.
Қайдан білсін, әкесі жем бергенін,
Жем бергенін... Қаршыға өңгергенін...
Қайдан білсін, шешесі шер бергенін?..
Түйір дәндей жүрегі тулап жатыр,
Ұядағы титімдей шерменденің.
Жетімсіреп жем іздеп балапанға,
Жалғыз көкек жүретін жаға талда.
Әлдекімді жоқтайтын күн батарда,
Әлдекімді жоқтайтын таң атарда.

 

Ақынға

Мұқағали Мақатаев

Біз деген, досым,
Тағдыры қызық халықпыз.
Халқының өзі қорғасын құяр қалыппыз.
Екінің бірі бармайтын жерге барып біз,
Жанбайтын жерде жаныппыз.
Біз деген, досым,
Тағдыры қызық халықпыз.
Білгендер білсін,
Білместер, мейлі білмесін.
Қолдасын мейлі,қорласын мейлі,күндесін.
Қара тастан да мейірім күткен ақынды.
Қатыгез жандар ашынтып алып жүрмесін
Антейміз біздер,
Жеріміз біздің - халық-ты.
Хальіқсыз біздің Антейлігіміз қауіпті.
...Жұртына тастап кетпесе болды көшкенде,
Берендері үшін қорғасын құйған қалыпты.

 

Беташар

Мұқағали Мақатаев

Боз ала ауыл жастары,
Бозбала күнін тастады.
Боз жаулық жауып қыздарға,
Шаңырақ құра бастады.
Жиылып жекжат ой-қырдан,
Ауылда күнде той-думан.
Жалғыз ұлы әкенің
Жалғыз атын да сойдырған.
Үйленді біздің, ағай да.
Үйленбе деуге қарай ма.
Бәсіре жалғыз көк тайын,
Сойғызып жатыр сарайда,
Той жасап бермек қалайда.
Ағайдың тойы жасалды.
Арманым еді қашанғы.
Қуанған көңлі босанды,
Әжем де көзге жас алды
Келіннің бетін ашқан-ды.
Иіліп байғүс жасқанды.
Жасқанды-дағы... жас қалды...
Ертесі соғыс басталды,
Алды да кетті жастарды.

 

Мен сені сағынғанда...

Мұқағали Мақатаев

Мен сені сағынғанда,
Қарамай жауындарға, дауылдарга,
Қарсы қарап жүземін ағындарға,
Кеудемде қимылдаған жаным барда,
Мен сені сағынғанда,
Бір минут та қақым жоқ дамылдарға.
Мен сені қызғанамын,
Қызғаныштан мұз шайнап,
Тұз жаладым.
Шаңқылдап алдымнан шық,
Ана-қыран,
Алыстан келеді ұшып мұзбалағың.
Тәкаппар ең, өрлікке бола туған,
Жет тездеп,
Дауыл тұрғыз қанатыңнан.
Сен - мендік, мен - сендікпін, ана-қыран,
Қыранбыз, қырандардан жаратылған!
Сағыныштың сағымын жамылғанда,
Қарамай қара нөсер қағынғанға,
Саған ұшам,
Қалмайды сабыр жанда,
Мен сені сағынғанда, сағынғанда...

 

Көктем де келер

Мұқағали Мақатаев

Көп кешікпей көктем де келер енді,
Көгеретін тіршілік көгереді.
Қу бұтағы арса-арса кәрі еменге,
Келер көктем, білмеймін, не береді?
Көп кешікпей көктем де келер енді,
Көгереді ауылдың төңірегі.
Ерте кеткен досымның қабірі тұр,
Келер көктем, білмеймін, не береді?
Көп кешікпей көктем де келер енді,
Барлық нұрын көл-көсір төгер енді.
Сағынышын сарыққан, жапа-жалғыз,
Менің жесір жеңгеме не береді?
Көгереді...
Барлығы көгереді:
Ой да, қыр да, даланың төбелері.
Әлі құрып баратқан ауру досқа,
Осы көктем, білмеймін, не береді?
Көп кешікпей көктем де келіп қалар,
Есінетіп, есіртіп, ерікті алар.
Азан-қазан аспанның қоңырауы,
Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар...

 

Біздің көктем

Мұқағали Мақатаев

Көктем келді ауылға, мамырлап бұлт,
Таң-тамаша дүние, дабырлап жұрт.
Көктем келді. Өмірдің келешегі -
Көкпен бірге дүркіреп төл өседі.
Сағым қыздың ап қашып орамалын,
Асыр caп тентек жігіт - жел еседі.
Көктем келіп ауылға қыз көрікті,
Таң-тамаша дүние жүзге еніпті.
Асқар ала таулардан асып әрі,
Аяз атаң барады мұз бөрікті.
Көктем, көктем! Қыз - көктем ауылдағы
Өлең-жыр, әзіл-күлкі ауыл маңы.
Тиянақ таппай ұшқан көк көбелек,
Көк гүлге қонды-дағы дамылдады...

 

Адасқан шағала

Мұқағали Мақатаев

Жаным-ау, қайдан жүрсің, ақ шағала,
Келсең кел, бұл өлкені жат-санама.
От-суы мол осынау байтақ алқап,
Сая болған батырға, патшаға да.
Қылша мойын жаным-ау,қылыш қанат.
Қимай мені келдің бе туыс санап?
Ақ ниетпен келдің ғой қалайдағы,
Шашсам ба екен күн нұрын уыстап ап.
Айдыным жоқ төсіңмен шимайлаған,
Аялайды, әлдилеп мидай далам.
Толқынға қонақтаған ерке-тотай,
Толқынсыз қара суға қимай барам.
Кім екен саған еткен зорлық, қысым,
Адасқан Атыраудан зарлықпысың?
Көлшігім, бұлақтарым - бәрі саған.
Адасқан Отанынан зарлық құсым.
Қонбасыңды білемін қыр басыңа,
Толқының жоқ жаныңмен сырласуға.
Бөрі де табылар-ау бүл өмірден,
Тек Отаның жетпес-ті бір басыңа...

bottom of page