top of page

          Қызылқой ауылдық кітапханасының кітапханашысы Сауғабекова Айгулдың баяндамасынан.

   Армысыздар құрметті конференция қатысушылары!

Бүгінде өшкеніміз жанып,еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты.Ұлттық құндылықтар мен ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып,сананы жаңғырту бабалардан мирас болып қалған,қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани,мәдени мұрасы,сөз өнерінің асыл қазынасын кейінгі ұрпаққа жеткізу бізідің парызымыз.19 ғасырдан бастап қазақтың жазба әдебиеті әлеумет халін ұғып,ел қамын жақтауға кірісіп,елдің саяси пікірі мен тілек,мақсат, мұң,зар сияқты сезімдердің басын қосып,жаңадан ой негізін, салт санасын құруға кірісті.Бұл уақытқа шейін болмаған әлеуметшілдік сарыны,азаматтық нысанасы бой көрсетті.Сонымен байланысты туған ел ішіндегі өзгерістер,халықтың тіршілік ету аясының тарылуы,ұлттық намыстың тапталуы қазақ ақындары шығармаларында кеңінен бейнеленді.Әділетсіздікке қарсы күрес  поэзиясы қазақ көркем сөзінің дамуына халықтық мазмұнымен жаңа белес саналады.Наразылықты ашық айтқан шыншыл поэзия туды,адамды суреттеудің жаңа тәсілдері қолданылды.Сол дәуір әдебиетінің ақындары шығармаларында ел байлығының талауға түсіп,халықтың кедейшілікке ұрынып,зорлық-зомбылықтың күшеюі,адамдар мінез-құлқының өзгеруі тағыда басқа жағдайлар кең қамтылып көркем бейнеленеді.Заман қайғысы,өткенді ойлап торығып,алдағы өмірден шошыну зары біріктірген,бұл сарынның көрнекті ақындарының бірі Шортанбай Қанайұлы.

 Шортанбай Қанайұлы замандастары қатарлы білім алмаған. Қиялына қанат бітіріп, өнер-білім биігіне , парасатты ақыл иелеріне жақын жүріп, жақсылар қатарына ерте ілескен. Көзі ашық, сауатты, білімге құштар жасқа үлгі-өнер боларлық ойлы орта, тәлімгер -ұстаздар да кезіксе керек-ті.

Көкірегі ояу, көркемдікке әуес сезімтал жас, естіген есті сөздерін құлағына құйып, көрген ғажайыптарын ойына орнықтырып, шама-шарқынша ақылға салып, санамен салмақтайды.

   Еліне ақын боп танылған Шортанбайдың өнерлік жолына шолар болсақ,нағыз ақын өзінің ішкі жан сезім дүниесін нәзік те, нәрлі сөздермен суреттейді. Ішкі сезімге құрылған тамаша лирикалар жасайды. Бұл – жеке адамдар өміріне, сезіміне байланысты лирикалық туындылар. Сол адамдар сезімін әсем табиғат құбылыстарымен де көмкеріп, жыр төгеді. Табиғат лирикасын дүниеге әкеледі. Тылсым табиғатты қыз-бозбала ғашықтығымен ұштастырса, тамаша сурет туындайды. Осылайша лирикалық нәзік те әсерлі тағы бір саласы дамиды.

Ол 19 ғасырда өз дәуірінің шындығын бүге-шігесіне дейін көрсете білген бірден-бір ақын. Шортанбай белгілі бір ортаның немесе аймақтың ғана емес, барша халықтың мұң-мұқтажын толғады, көптің жоқтаушысы болды,толғаулары арқылы ақиқаттың астарын ашып көрсетті

Шортанбай - өз заманының жалынды ақыны, ақылғой шешен жырауы. Өзі өмір кешкен замана шындығын барлық көрінісімен айқын да дәл бейнелеп, әлеуметтік маңызы зор шығармалар жазды.

    Шортанбай Қанайұлы өлеңдеріндегі әлеуметтік ахуалы 19 ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы, әсіресе, кедей – кепшік, момын шаруаларының тұрмыс тіршілігінің шынайы куәгері. Жан-жақты талан- таражға душар боп жатқан туған елінің ауыр тағдырын тайға таңба басқандай бейнелей білген білгір жазушы   

    Шортанбай туралы пікір айтқан кейбір зерттеушілер оны өмірден түңілген жігерсіз, қайғы мен зардың ақыны деп келді. Ал өлең жолдары ақынның бойындағы басым күш – түңілу емес, жігерлілік, үмітсіздік емес, батыл күреске үндеу, оптимистік, патриоттық сезім екенін көрсетеді.

Шортанбай жасаған заманда бұдан артық елі мен халқының қамы үшін адал қызмет ету екі талай. Біздіңше, халқының тағдырын ойлаған ақынның жарғақ құлағы жастыққа тиген жоқ. Ел-жұртының қасіретін арқалап, бойындағы бар күшін сол үшін сарп етті. Сол тұстағы қоғамның жай-жапсарына қарай әрекет жасап, жатпай-тұрмай халқын үгіттеп, ілгері жетеледі. Ел ішіндегі әр түрлі жетесіздіктерге, талан-таражға,  берекесіздікке, ойсыз опасыздыққа қарсы шықты. Әуелі өз елінің мінезін, мінеп түзетпек болды. Жігерін оятып, тәуелсіздігі үшін аянбай күресуге шақырды. Оны ақын жақсы түсінді. Әділетсіздік пен халықтың басына түскен тауқыметін, ол халық басына түскен ақырзаман, елдің береке-бірлігін кетірген тар заман, жұрт болашағын тұйыққа тіреген зар заман деп өзінше қорытты.

Бұл заманның енді бір кесапаты ол халықты өзінің ғасырлар бойы қалыптастырған кәсібінен, сүйегіне сіңген әдет-ғұрпынан, иманнан, дағдылы ел билеу салтынан айырды.

    Осылайша халықтың ұлттық тұрпаты, елдік сипаты бұзылды. Олар тәуелсіздігінен айрылды. Құлдық тәуелсіздік қамытын киді. Өзіндік дербестігі жойылды. Міне, осының бәрі ақынның зарлы-шерлі толғаулары арқылы сыртқа шықты. Ол халықтың мұңы боп қалыптысты.

Шортанбай ақын әдебиетіміздегі «Зар заман» деп аталатын әйгілі кезеңнің ірі өкілдерінің бірі. Ол бүкіл саналы өмірі мен бойындағы ақындық асыл дарынын туған халқының отаршылдық езгідегі ауыр халін, оның ертеңгі болашағының мән-жайын жырлауға арнады, өзі куә болып отырған заманның кесел-мерездерін өзгелерден бұрын сезініп, соны аяусыз әшкерелеуге аянбай атсалысты. Ақын белгілі бір ортаның немесе аймақтың ғана емес, барша халықтың мұң-мұқтажын толғады, көптің жоқтаушысы болды. Ресей отаршылдығының зорлығын көзімен көріп, жанымен, тәнімен сезінген ақын өзінің «Зар заман», «Бала зары», «Тар заман», «Опасыз жалған», т.б. толғаулары арқылы ақиқаттың астарын ашып көрсетті. Толғауларының ішіндегі көпшілікке кеңінен тараған туындысы «Келер заман сипаты» атты шығармасы. Онда халықтың болашағын болжай білген ақын елі үшін қабырғасы қайыса отырып, тығырықтан шығар жол іздейді. Келер заманның кескін-келбетін көрегендікпен көрсете келіп, өз тарапынан тұжырым жасайды, баға береді. Ескіше сауатты, шығыс әдебиетінен хабардар ақын өлеңдерін жазып шығарумен қатар, қаумалаған көп алдында жұрт өтінішімен түйдек-түйдек ағытып, төпеп те жырлаған.

Шортанбай толғауларының мазмұндық желісі, ішкі психологиясы қазақ халықының  сезім- күйлерімен аса жақын қабысып жатады.Өнер туындыларында, айрықша сөз өнерінде халық есінен кетпестей болған  тарихи оқиғалар терең із қалдырған, өлең-толғау, жыр-дастан, айтыс, термелерге сюжеттік арқау, нәр берген. Олардың соңында қалған мол әдеби мұралары халықтың өткенінен баға жетпес тың мәлімет  қатарына жатады. Тамыры тереңге тартатын игілікті істер өсиет етілетін, имандылыққа ұйытатын атадан балаға сан ғасырлар көшінде көнермей мирас ретінде беріліп, бірге жасап, халықтың тұтастығын сақтауға өлшеусіз қызмет атқарған қалыпты діл, салттар, наным-сенімдердің жойылып кетпеуіне қазақтың Бұқар, Дулат, Мұрат, Шортанбай сияқты халық ақындары  қатты алаңдаған. Өсіп келе жатқан ұрпақтың бабалар жолынан ауытқымай, сырттан таңылатын өрескел қылықтардан бойларын аулақ салып, оларды діл тазалығын құнттауға  үндеген. Қазақ поэзиясында бұл тақырыпты алдымен көтерген Дулат, Мұрат, Шортанбай сынды ақындар болды. Шортанбай Қанайұлы өзінің “Зар заман” атты өлеңінде:

Зар заман, зар заман, Зарлап өткен бір заман.

Сөздің басы – бисмілла, Біз айталық, сіз тыңда…

Мына заман қай заман?

Азулыға бар заман,

Азусызға тар заман.

Тарлығының белгісі: Жақсы – жаннан түңілген, Жаман – малдан түңілген,

Мұның өзі-зар заман.

Зарлығының белгісі: Бір-бірлерін күндеген, Жай-жайына жүрмеген

Мұның өзі – тар заман.

Тарлығының белгісі: Мұсылманнан хал кетті, Тәңірім болғай демесін…

 Орыс – бүркіт, біз – түлкі, Аламын деп талпынды,   – деп торыққан. Тұпа-тура өздері бастан кешіп жатқан шындықты жауып-жасырмай, ешкімнен де жасқанбай жайып салған. Ұлттық сананы жаңғыртып, өшкенімізді үрлеп тұтатып, мәдениетімізді өркендетудің амалдарын қарастыруды қолға ала бастаған тәуелсіз күндерімізде  Шортанбай сынды халық ақындары жырлап өткен. Қазақ әдебиеті тарихында мәңгілік орны бар  Шортанбай тәрізді ақындар шындығында олар өз халқының келешек қамын ойлаған сұңғыла ойлы, ұлтжанды кемеңгерлері еді. Бұқара басына түскен барлық қасірет пен  қайғы-мұңның себепшісін анықтаған Дулат, Мұрат,  Шортанбай  ақындар шын мәнінде ел жанашары, ұлт болашағын көрегендікпен болжаған патриоттар еді. Бұған олардың соңдарында қалған әдеби мұралары куә. Әсіресе  қазақ ақыны Шортанбай Қанайұлының келешек күндер жайлы айтқан болжамымен де дәлме-дәл сәйкес келеді.

 Келеуі жоқ кей білер, Сол заманда шығады,

 Құр жағдай таппаққа. Айтуға сөзің жетпейді,

Арызың тіпті өтпейді, Жапақтап көзің тұрарсың

Не айтамын деп ақымаққа. Балаңды алар солдатқа

Міне алмассың жалды атқа, Алақандай бет қағаз, Табынарсың мандатқа!  – дейді Шортанбай. Аталған шумақтарда  төрелер мен бай-манаптардың әлдінің алдындағы дәрменсіз, бейшаралық халі дәл бейнеленген.

Халықтың бейбіт өмірін,  азаттық жолындағы қаһармандық күресін, елдік тұтастығын, оны ұйымдастырып ұйтқы болған ел батырларының ерлік қимылдарын тек рухы биік азамат ақындар ғана жеріне жеткізіп жырлап берген. Ал, рухы аласалар бақай есепке көшеді, ағайын арасын аздырады, қара басының қамын күйттейді. Шынында да психолог, философтардың зерттеулеріне шамалы ой жіберсек, тыныс-тірлігіне қарай адамдар рухының бірнеше сатыларға бөлінетіндігін аңғарамыз. Асылында, рухы таза, тау суындай мөлдір жандар сирек кездессе, жүріс-тұрысымен төңерегіне жайсыз рухын шаң басқан, кір шалған, рухы күңгірт тартқан адамдар әр заманда да ұшырасып отырған. Халықтың талай тағдыры безбенге түскен алмағайып кезеңдерде өмірге көзқарасы, таным-түсініктері ұқсас талай ақын-жыраулар туған елі мен жерінің еркіндігі жөнінде ұзақ-ұзақ толғанған. Бұл мәселені өздерінің шығармашылықтарының өзекті тақырыбына айналдырған.Адам бойында кездесетін дүние құмарлық,ашкөздік,ысырапшылдық тәрізді күнаһарлық істерден аулақ жүруді ұсынады.Тіршілікте бір-бірімен сыйласып,кішіге қамқор,мейірбан болып,үлкенге ізет,құрмет көрсетіп жүрудің абзалдығын алға тартады.

Тыңдағандарыңызға рахмет

 

     Тақырыбы:  Зар заман ақындарының  шығармаларындағы рухани үндестік.

                                                                          Амангельдин Берікбол Дәулетұлы

                                                                          Шет аудандық  орталық   

                                                                         кітапхана кітапханашысы                                                                      

                                                                                

      Армысыздар қадірлі ағайын, құрметті конференцияға қатысушы қонақтар. Барлықтарыңызды биылғы жылғы келіп жеткен қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің алтын көпірінің алғашқы қалаушыларының бірі һәм бірегейі, ауданымызда өмір сүрген тарихи тұлға, дана абыз, ақын – жырау Шортанбай Қанайұлының туылғанына 200 жыл толған мерейтойларынызбен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Қилы – қилы заманаларды, алапат тасырларды басынан өткерген қазақ баласының өткеніне қарап үңіле қалсаңыз қай уақытта болсын ұлтымыздың жағасы жайлауда, тұлпары сайранда  ойы тек қуаныш тойда болмағандығын анық бағамдаймыз. Сонау  бір  «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» болып тарихқа енген нәубет жылдары  Қаратаудың басынан «Елім – ай» -лап үдере көшкен  алаш баласының мұң мен зары әлі күнге жүрегімізде сақтаулы. Тіпті  15 ғасырда өмір сүрген Асан Қайғы бабамызда:

«Құйрығы жоқ, жалы жоқ -

Құлан қайтіп күн көрер?!

Аяғы жоқ ,қолы жоқ –

Жылан қайтіп күн көрер!?» -  деп жырлауы да өз заманының ащы зары мен келешек заманға деген болжампаз  көрегендігі  емеспе.Тіпті қазақ тарихындағы ең соқталы тұлғалардың бірі, көмекей әулие, батыр - жырау Бұқар бабамыздың да «Ай, заман – ай, заман – ай» атты жырындағы

Ай заман – ай, заман – ай,

Басты мынау тұман – ай,

Істің бәрі күмән – ай.

Баспақ – тана жиылып,

Пада болған заман – ай

Құл – құтандар жиылып,

Құда болған заман – ай.»  - лап толғануын да заманның бет алысына қарап іштей күйінген өкініш зары деп қарасақ қателесе қоймаймыз. Сонда ХІХ ғасырға дейінгі ақын – жыраулардың  заман келбетін суреттеген жыр – толғауларын зар заман ақындарынан бөліп қарайтынымыздың сыры неде деген сұрақ туатыны сөзсіз. Осы кезде еріксіз қазақ ауыз әдебиетінің соңы  және жазба әдебиетінің басы болып саналатындардың қатарынан шоқтығы биік болып дараланып көрінетін Шортанбай Қанайұлына келіп тоқталамыз. Себебі Шортанбай екі дәуір әдебиетінің ара жігін жалғастырып тұрған алтын көпір іспетті. Бүгінде Шортанбай бабамыз әкелген «зар заман» сөзі әдебиетімізде  ХІХ ғасырдағы «Зар заман» ақындары дейтін тараумен жалпылама қарастырылып жүр. Осы кезеңдегі бір – бірімен рухани үңдес  асыл тұлғаларымыздың барлығы да «Зар заман ақындары» деген атауды иеленген. Тақырыбыма бойламас бұрын кейбір жайттарға тоқталып кеткен жөн болар деп санадым. Әуелі «зар» сөзінің мағынасына назар аударып көрелік. Қазақ түсіндірме сөздігінде «зар» сөзі -  зар илеу, зар қақсау, зардабын тарту, зардап шегу мағынасында көрсетілген. Яки, тайға таңба басқандай анық, түсіндіруді талап ете қоймайтын сөз. Енді осы зар сөзіне  ең жайлауды еркін мекен еткен қазақ баласының  қос өкпесінен бірдей қысып, дем алуына дес бермеген отаршыл кезеннің қайғы қасіреті келіп қосылғанда  зардың заманға жалғануы   табиғи құбылыс.  Ал бірсыпыра деректерде бұл «зар» тек Ресейге бодан болғаннан кейін ғана  туған қасіретіміз емес, Кенесары, Исатай – Махамбет көтерілістерінің  аяусыз жаншып басылып  елді бас көтере алмастай қылған ғаріп халден, үміт сәулесінен күдер үзе бастаған шақтан кейінгі күңіренген күй делінеді.Бұл жайлы ғұлама, ғалым  жазушы  Мұхтар Әуезовтың 1927 жылы шыққан «Әдебиет тарихы» оқулығындағы «Зар заман ақындары» атты зерттеуінде толық көрсетілген. Міне осы кезеңде жаңа заманның бет әлпетінен шошынып, шұрайлы жерінен, қазақы салт – дәстүрінен айыра, келешекке деген сәулелі үмітінен күдер үздіре бастаған заманға лағынет - қарғысын ащына айтқан ұлтымыздың асыл тұлғалары: Дулат, Шортанбай, Мұрат,  секілді т.б  зар заман ақындары еліміздің әр  түкпірінен көріне бастады. « Зар заман» ұғымының шығуын М. Әуезов өз еңбегінде былай түсіндіреді.  «Зар заман» деген – ХІХ ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңнің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгері, соңғы ақындардың барлық күй, сарынын бір арнаға тұтастырғанда жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде  бір сарынмен  өлең айтқан ақындардың барлығына « Зар заман» ақындары деген ат қойдық» дегені Шортанбай Қанайұлының әдебиеттегі алар орны айрықша жоғары, өз замандас ақындарынан көш ілгері тұрғандығының көрінісі. Сонымен қатар   «Зар заман»  ақындарының  бір – бірімен рухани сабақтас, мұңдас, бір  сарындас болғандығының дәлелі. Бүкіл саналы ғұмырының тең жартысын дінді уағыздауға, берік ұстануға  отаршыл үкіметтің сайқал саясатын әшкерелеуге, жаңа заманның кемшіл тұстарын көрсетуге арнаған арқа елінде ғұмыр кешкен дана, абыз – жырау Шортанбай Қанайұлының  мына бір өлеңіне назар аударып көрелік:

Асылық, асқан заманда

Шөп сұйылды жердегі,

Құс таусылды көлдегі,

Бай таусылды елдегі...

Шошқаның етін қақтаған,

Құбылаға бақпаған,

Атасының малындай

Арақты ас қып сақтаған –

Кәлимасыз кәпірге

Кіріптар қылдың, Құдіреттім! – деп отаршылдық саясаттың аждаһаның аузындай болып жерді, елді жалмап, адамды ақыл – есінен адастырар ащы суды кіргізе бастауын, елдің иманнан безінгендігін ашық наразылықпен жырына қосса, Батыс Қазақстан облысына қарасты  Атырау өңіріндегі Қарабау ауылынан  шыққан зар заман әдебиетінің бел өкілі, ақын Мұрат Мөңкеұлы Шортанбай бабамыздың зарына

Замана қайтіп түзелсін:

Қоңсыдан туған би болды,

Бұ сықылды күй болды,

Қара кісі хан болды,

Қоспақтан туған қортықша

Қатарға шығып нар болды.

Асылзада баласы,

Дәулеті кетіп қолынан,

Қоңсысына құл болды.

Асылсыздың баласы,

Ақшасына сүйеніп

Айтқан сөзі пұл болды.

Замананың адамы,

Заманың мұндай сұм болды!» - деп қосыла толғанса  мына бір жеріңде 

Шашын, мұртын қойдырып,

Ащы суға тойдырып,

Бұза ма деп реңін.

Адыра қалғыр заманның

Мен жаратпаймын сүреңін!.. деуі  бірінің аузына бірі түкіргендей  дүние емеспе.

Бұл жердегі барлық ақынның жырында да асыра сілтеу белең алғандығын жоққа шығара алмаймыз. Зар заманның қай ақының алып қарасанызда әуелгі ұйқасы «Зар заман», «заман түрі түрленді» «Мына заман қай заман» «кешегі бір заманда» секілді  шұбыртпалы ұйқас түрінде құрылған  жырлар оқушыға бірден заман зарын анық көрсетіп аңырай жөнелетін  өлеңдердің көбінде жігерлендіруден гөрі «Кешегі заман келмеске кетті», ел азды, жұрт тозды, бала атаны тыңдамады, елден иман кетті» деген  секілді түңілу басым келеді.

Осы сөздеріме дәлел боларлықтай зар заман ақындарына жататын ақын, ислам дініңдегі сопылық дәстүрді, сопылық поэзияны жалғастырушылардың бірі (1861 – 1905) жылдары өмір сүрген  Кердері  Әбубәкір бабамызда: Алдыңғы айтқан бабаларымыздың зарына қосыла

Заманның қандай  түрінен

Сыбағалап берейін.                                                                            

Заманым түгіл, ел азды,

Ел ішінде ер азды.

Заманның түрін барлаймын –

Бұрынғының бірі жоқ,

Жақсылардың күні жоқ,

Соларды жоқтап зарлаймын деп қазақы феодалдық кезеңді аңсайтының, бүгінгіге көңілі толмайтының көрсетеді. Осындай  жырларды (1802 – 1871) жылдары Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданыңда дүниеге келген, отаршылдық зорлық – зомбылыққа алғашқы болып үн көтерген ақын

Дулат Бабатайұлының жырларынан да көптеп кездестіре аламыз. Мысалға:

 Кешегі бір заманда

Қайран қазақ, қайтейін ,

Қасиетті еді хан, қараң.

Мынау азған заманда

Қарасы антқор ,ханы – арам,

Батыры көксер бас аман,

Бәйбіше – тантық, бай – сараң,

Бозбаласы – бошалаң,

Қырсыға  туды қыз балаң.

Нары – жалқау, кер табан,

Құсы – күйшіл, ат шабан,

Жырғалаң жоқ, жобалаң.

Ебі кеткен ел болды,

Енді қайда мен барам?! деп жаңа заман сүренің асқан суреткерлікпен жырыңа қосады. Мұндай мысалдарды  бірінен кейін бірін  келтіре берсек бірер кітап жазып тастауға да болар еді. Алайда барлығы да егжей тегжейлі зерттеліп тасқа таңбаланған дүниелер болғандықтан оған айналшоқтап соға берудің қатты қажеті бола қоймас. Тек жаңа отаршыл заманның бет – пердесін сыпырып, оның зұлымдығын әшкерелеуде зар заман ақындарының бірінің сөзін бірі дөп басып айта білуі олардың рухани үңдес, мұңдас болғандықтарының бірден – бір айқын дәлелі. Шортанбайдың, Дулаттың, Мұраттың  шығарма толғауларынан ел – жұртының азаттығын аңсаған, салт – дәстүрінің көркейіп, иманының күшейіп, иабалы ұл – қызының қатарының көбеюін көксеген асқақ арманды, асыл мұратты айқын сезінеміз. Ел егемендігін алып есін жиған уақытта асыл тұлғаларымыздың есімі елімен қайта қауышып, қазыналы мұралары халық игілігіне қайта оралуда. БІрақ бұл әлі де үлкен еңбекті, зор ізденісті талап етеді. Жұртымыз «Рухани жаңғырамыз» деген сөзді ұран қылған уақытта  тау тұлғаларымыздың рухани үңдестіктерінің астарын терең түсініп, рухани байлығын өмірімізге азық ету ауадай қажеттілікті туғызады. Қазақ  тарихына көз жүгіртер болсақ қалың бұхараны бірлікке шақырған Сыпыра,  Бұқар, Ақтамберді, Қазтуған, Шалкиіз Марқасқа, Үмбетей, Жиенбет  т.б көптеген  батыр жырау – бабаларымыздың жыры мен ойы, тілі мен тілегі рухани үңдес,  рухани байланыста болғандығын көреміз.Сол секілді қаймана қазақ жұртының жоғын жоқтап, мұң – мұқтажын  жырға қосқан зар заман әдебиеті өкілдерінінің өлеңдерін өскелең ұрпаққа үлгі етіп, күнделікті қолданысқа енгізу, оларды бір – бірінен ажыратпай байланыстара отыра зерттеу бүгінгі біздің алдымыздағы басты мәселеге айналуы керек. Бабасының өсиетін ардақтап, атасының аталы сөзін салмақтаған бірлігі бекем халық қана мәңгі жасай алмақ. Бір – бірімізге рухани үңдес, шынайы тілектес болайық ағайын. Назар  аударып, құлақ салып тыңдағандарынызға көптен – көп алғыс білдіремін.

Пайдаланылған әдебиеттер :

  1. Жеті ғасыр жырлайды [Мәтін] : XIV ғасырдан XX ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары. Т. 1 / құраст.  Е. Дүйсенбайұлы , 2004. - 400 б.

  2. Қанайұлы Ш. Қайран халқым [Мәтін] / Қанайұлы Ш. - Алматы : Раритет, 2002. - 216 б. (Введено оглавление)

   

  ШОРТАНБАЙ ШЫҒАРМАСЫН ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРҒА РУХАНИ ЖӘНЕ ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ

Тусупханова Бану Амановна қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары «Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп-гимназия»КММ Қарағанды қаласы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы мекені

 

    Әдебиетіміздегі «Зар заман» деп аталатын әйгілі кезеңнің ірі өкілдерінің бірі - Шортанбай ақын. Ол бүкіл саналы өмірі мен бойындағы ақындық асыл дарынын туған халқының отаршылдық кездегі ауыр халін, оның ертеңгі болашағының мән–жайын жырлауға арнады, өзі куә болып отырған заманның кесел–мерездерін өзгелерден бұрын сезініп, соны аяусыз әшкерелеуге  аянбай ат салысты. Сол арқылы ақын «қамсыз жүріп қамалған» ел-жұрттың сана –сезімін  оятпақ болып, осыған орай өз тұсындағы игі жақсыларға да ой салып, оларды имандылық жолымен  адалдық пен адамгершілікке тартып, дұрыс жолға бастамақ болады.

   Өткір де мағыналы сөздері кез келген ақыннан кемшін түспейтін ақиық ақын - Шортанбай Қанайұлының шығармашылығы мен өлеңдері тәрбиелік мәні, мазмұны ойға қонымды.

       Ақын туралы «Зар заман» атты өлеңдер жинағынан өлең-жырларын, толғауларын оқып, осы тақырыпты оқушыларға қызықты етіп қалай оқытуға болады деген оймен Шортанбай жырау шығармашылығының тәрбиелік мәнін жаңа  технологияларды қолдана отырып оқытсақ, өз өлкесінде қайтыс болған танымал жыраудың шығармаларын оқуға құштарлығы артып, қосымша білімін жетілдіріп, күнделікті өмірде сөз өнерінің құдіретін түсінуге үйренері қақ. Бабалар өлеңдері оқушы ойында жақсы сақталу үшін толыққанды білім беру үрдісін кіріктіру мүмкіндігі және сол базалық білімдермен қатар құзырлылықты меңгеру нәтижесінде тұлғаның жан-жақты дамуы қамтамасыз етіледі. [6:78]

   Шортанбай Қанайұлы  Шөжемен, Орынбаймен, Асанмен айтысқа түскен. Осылардың ішіндегі көлемдісі де, мазмұны жағынан толымдысы да Орынбаймен айтысы. Айтыстың бойынан ақынның тапқырлығы, сөзге шеберлігі, тілге өткірлігін айқын көруге болады. Шортанбай өзінің алғырлығын, тілге тиек болар жағдайда бұрынырақ болжап, алдын орап кететін сезімталдығын танытады. Әмме отырған халайық: «Ендігі заманның адамдары қандай болар, біздерге бір жауап айтыңыз?»-дейді. Сонда айтқаны:

                                          ...  Қайсыңда сенің сана бар?

                                            Жақсы аттаң жығылса,

                                            Жаманың тұрып табалар.

                                         ...Жалғыз сиыры бар болса..

                                                Қылымсыған қатыны

                                                Қызыл көйлек киеді,

                                                Өзінің байын менсінбей,

                                                 Көрінгенді сүйеді.

                                                Осы мінез болған соң,

                                                 Дозаққа пенде күйеді...[4-287бет].- деген шумақтарынан келешекті болжағандығын көруге ,сонымен қатар қанағат қылуды, тәрбиелі болуға шақырғандығын түсінеміз.Шортанбай мұраларын зерттеу ісінде М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев Т.Нұртазин, М.Мағауин, Ғ.Мұсабаевтар көп еңбек сіңірді.Кейінгі қазіргі заман өкілдері ішінде жергілікті ақынымыз, жазушылар одағының мүшесі К.Жүністегінің зерттегенін білеміз.[2]

     Шортанбай өз дәуірінің шындығын бұлтарыссыз жырлап, көңілдегісін кімге болса да бетке айтатын болған. Қоғамдағы адамның мін - кемшілігін аяусыз сынап, жөнге салуды мақсат тұтады. Өзгені сынауды ол, ең алдымен, өзінен бастайды. Бұл жолдары Қожа Ахмет Иассауидің өзін өлтіре мінейтін жырларымен тереңінен жалғасып астасып отырады.

     Шортанбай өмірдегі тойымсыздық пен дүниеқорлықтың сырын өз басынан тауып:

 Жүйрігі болса мінсем деп,

Сұлуы болса сүйсем деп,

 Жарамды тонын кисем деп

             Күннен күнге сәндендім!- деген.

 Осыған орайда ақын өзінің мал-жанды болып қана қоймай, ел құрметіне бөленген, жатсынбаған Алтай,  Қарпықтың  қонақжай, дарқандығын да жырға қосады:

     Қуандық жатқан сары бел,

Шағалалы шалқар көл,

         Үйрек пен қаздай қалқытты.

     Сары қымызын ішуші ем,

   Аралап келіп түсуші ем,

    Алтай менен Қарпықты!

   Ескіше сауатты, Шығыс әдебиетінен хабардар Шортанбай ақын өлеңдерін жазып шығарумен қатар, қаумалаған көп алдында жұрт өтінішімен түйдек-түйдек ағытып, төпеп те жырлайтын болған. Бұл суырып салып айтқан жырлары өзінің көркемдік сипаты жағынан өзге өлеңдерінен ешбір кем соқпайтыны байқалды. Осы ерекшеліктер ақын бойындағы дарындылығының телегей-теңіз молдығын танытса керек. Ақындық өнер қиыннан жол, қиядан қисын тапқырлықты талап етеді. Мұнсыз ақын деген құрметті атты алып жүру мүмкін емес. Бірде ел кезіп жүрген Жамантай Шортанбайға кез болып қалып: «Сөйле, Шортанбайым, сөйле» десе керек. Сонда Шортанбай бөгелместен:

Сөйлейді сөйле десең бұл Шортанбай,

Әр ханның заманында бір сұрқылтай.

Кешегі Құсбек төре хан болғанда,

Мен түгіл өзінің қайда ең, хан Жамантай!- депті.

Сонда тұрып Жамантай: «Шортанбайым жоқты сөйлейді екен десем, барды сөйлейді екен» деп, қасына қайтадан ертіп алған екен.

     Шортанбай қазақ даласындағы әлеуметтік теңсіздік жайын  сөз ете келіп, бай мен кедейді бірін артық бірін кем жаратушы бір құдайдың ісі деп қорытса да, олардың ой - пиғылдарын әр түрлі екенінде аңғартады. ХІХ ғасырда өз дәуірінің шындығын бүге - шігесіне дейін көрсете білген бірден-бір ақын. Өз дәуіріндегі қоғамдық, әлеуметтік өмірдің әр саласын кеңінен қамтып, көркем бейнелеген ірі суреткер. Шортанбай өмірі мен шығармашылығы жөнінде қолда бар деректер тым шағын.  Ақын өлеңдерін тұңғыш жариялаған академик В.Радловтан кейін қазан қаласында оның өлеңдер жиынтығы басылып жарық көрсе,кешегі Кеңес өкіметі тұсында шығармалары әр алуан жинақтарда басылып келді.Мұның бәрі ақынның өлең, жырларының ел жүрегінен өшпейтін орын тепкенінің айқын куәсі болып табылады.Шортанбай ақын әдебиетіміздегі «Зар заман» деп аталатын әйгілі кезеңнің ірі өкілдерінің бірі. Ол бүкіл саналы өмірі мен бойындағы ақындық асыл дарынын туған халқының отаршылдық езгідегі ауыр халін,оның ертеңгі болашағының мән-жәйін жырлауға арнады өзі куә болып отырған заманның кесел - мерездерін өзгелерден бұрын сезініп,соны аяусыз әшкерелеуге аянбай ат салысты. Ақын белгілі бір ортаның немесе аймақтың ғана емес,барша халықтың мұң-мұқтажын толғады,көптің жоқтаушысы болды.

    «Қайран халқым» атты топтаманы ақынның атынан шығарған К.Жүністегінің еңбегі зор. Ш.Қанайұлының сонау ғасырлар бұрын болжап кеткен өлеңдерінің, шығармаларының келешек ұрпаққа тигізер тәрбиесі мол. Сондықтан, ақының сөз маржандары ұмытылмас үшін жыраудың атын ұмытпау мақсатында мектепте өткізген ашық сабағымның үлгісінен мысал келтірсем:Сыныпта  оқушы  саны көп болғандықтан бірнеше топқа бөлінді.  Топтастыру стратегиясы тұлғаның әлеуметтенуіне ықпалдасады.

                   Блум жүйесінің 1-сатысы – «Білу» сатысында оқушылардың өткен тақырып бойынша алған білімдері жинақталады, қорытындыланады.  Төмендегідей сұрақтардың негізінде:

  • Шортанбай жырау туралы не білесіңдер? (1-топ)

  • Толғауларының тәрбиелік мәні қандай?  (2-топ)

Оқушылар «Шабанбай бидің Жанқұттыға берген батасы», «Жанқұттының Шабанбай биге бата алуға баруы т.б мысалын сахналық қойылым ретінде ұсынады. Бұл әдіс оқушылардың жұрт алдынды сөйлей білу дағдыларын, октерлық шеберліктерін  қалыптастырады.

         Міне, шешендік өнерден кейін,сөз құдіретінің идеясы ашылып, халық мақалымен үндестігі сұралады, тәрбиелік мәнін ашуға тырысады. Күнделікті өмірмен байланыстырады.  Олар өздері құрастырып, әкелген жоғарыда келтірілген халық мақалын айта бастайды. Олардың мағынасын ашады.  (Сұрақтар кезек-кезек қойылып отырды).

1-топ: Оқушылар интерактивті тақтадан берілген толғаулар  ішінен тәрбиелік мәніне тоқталады.: шын дос болуға, адалдыққа, қызғаншақ, мақтаншақ, көрсеқызар, бос кеуде болмауға,үлкенді сыйлауға, иманды болуға, сабырлы болуға шақыратынын айтады. т.б.

 2-топ: «Шортанбай толғауы бізге  не береді?»  деген сұрақ қойылып, оқушылар СТО технологиясының элементі класстер арқылы: ұлағатты болуға, шешен болуға,сөз мәнісін түсінуге, орынды сөйлеуге т.б, деген жауаптарын ұсынады.

         Аталған  мақсатқа жету жолында кездесетін кедергілер де бар екендігін, атап айтқанда  тәкаппарлық, өр көкіректік, бос кеудешілік сияқты мінездердің тосқауыл қоятындығын сөз өнері  екендігін, Шортанбай өлеңдерінен мысал оқи отырып, талдатамын.

         Осылайша, «Білуден»  «Түсінуге»  қадам басамыз. «Түсіну» сатысында оқушылар жаңа ақпарат қабылдайды. Үнтаспадан мысал мәтіні тыңдалып, оқушылар шығармаларының идеясын ашады: тәрбиелік мәні бар сөздерді теріп жазады .    «Асыл сөз» деген ұғыммен танысады.

         «Қолдану» сатысында оқушылар  функционалды сауаттылықтарының жүзеге асуына мүмкіндік алады. Яғни алған білімдерін қолдана алады. Олар «түсініктеме сөздігін» толтырады. Бұл кезеңде оқулықпен, дәптермен жұмыс әрекеттері жүзеге асады. Өз шығармашылықтарын арттырып, кітапша құрастыра алады. Өз ойларын шешеннің сөзімен, әрі халық мақалымен үндестінін табады.

Толғаулар

Біздің ойымыз

Мағыналас мақалмен оқушылар үндестігін тапты

Байлар ұрлық қылады,

Мал көзіне көрінбей.

Байлар жейді параны

   Сақтап қойған сүріңдей.

   Заманың сенің құбылды

Текеметтің түріндей.

Ойлағаны жамандық

 Жарадан аққан іріңдей!                                                       

 

 «Жалғанның жарығын бергені үшін» ризашылық  білдірген кедейді тәубаға шақырып, ал дәулеті тасып шалқып отырса да, ұрлық қылатын тойымсыз парақорлығын да өлтіре сынаған. Сондықтан оқушы жамандық жасамауды, ұят туралы біледі. Түсінеді.

 

Ұрлық түбі - қорлық.

 

Жақсыдан қашпа, жаманға баспа.

Парақордың табасына сенбе, Айлакердің көз жасына сенбе.

 

Алты жыл аш болсаң да, Ата салтынды ұмытпа.
 

 

 

«Анализ» сатысында әр топ та екі бөлек толғауын талдайды:

Шығарманың әдеби жанры:_____________________________

Тәрбиелік мәні______________________________________________

Образдар:____________________________________________

Әдеби теориялық ұғымдар:______________________________

Бұл тапсырма оқушыларға шығарманы әдеби тұрғыдан талдауға мүмкіндік береді.  Яғни оқушылар ойларын жіктеуге дағдыланады.

«Синтез» сатысында  оқушылардың ойлары жинақталып, бір арнада тоғысып, шығарманың  идеясымен үндеседі.  Олар бұл сатыда проблеманы шеше білу құзыреттіліктерін таныта алады. Әр топқа екі түрлі  жағдаят ұсынылады. (қазіргі таңдағы проблема)

  • Досың екеуің асханаға бардыңдар.  Ол сол күні мектепке ақшасын ала келуді ұмытып кетіпті. Сен досыңды сыйлап, өз ақшаңның мөлшеріне қарап, 30 теңгенің тағамын әпердің. Ол болса бірден: «Мен мұндай арзан құнда тамақты ішпеймін»,- деп кетіп қалды. Егер досыңның орнында СЕН болсаң қайтер едің?

  • Көшеде келе жатып, мысық басын иіп тұрып, қанден итке амандасады. Ал қанден болса, кеудесін кере өтіп кетеді. Біраз жүргеннен  кейін  мысық арыстанды кездестіреді. Ал арыстан болса, басын иіп тұрып сәлем береді. Қанден иттің әрекетіне қалай қарайсың?

  • Бағалау» сатысында  шығарма бойынша оқушылар қорытынды ой түйеді.  «Адамтану диаграммасы» негізінде нәтиже көрінеді.

Үйге тапсырма:«Өнер алды-қызыл тіл...» (ойтолғау)Толғауларын жан-жақты талдауға беріледі.(Фишкалар арқылы бағаланады.)

Сонымен, өлкетану  мен әдебиеті сабағында Блум  технологиясы бойынша үйрету барысында мынадай қорытындыға келдім:

  • Білімді өз бетімен алуға деген ынтасын, шығармашылық жұмыстарға қабілетін, танымпаздық белсенділіктерін арттырамыз.Білім дәрежесі деңгейін саралау /өзіндік анализ, синтез, бағалауының деңгейі қалыптасады/

  • Бір-бірімен ынтымақтастығы, пікірлерін айта білуі, қорғай білуі, айтыса білуге дағдыланады. Оқушыларда жазу кезінде ғажайып ойлар пайда болады, онымен қатар өзінің және өзгеледің пікірі мен тәжірибесіне құрметпен қарауға үйренеді.

  •  Оқушы әрекеті адамның ойлау қабілетін дамытады және ол кітап оқыған кезде өз ойын тұжырымдайды.

  • Оқушылар өз ойымен, іс-тәжірибесімен, пікірлерімен бөлісуге үйренеді, бұл бағыт топпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

  • Жұмыс барыстарын алмасу арқылы оқушының өз ойын ашық, жасқанбай айтуға, басқа адамның ойын дұрыс қабылдауға үйренеді.

  • Оқушының функционалдық сауаттылығы қалыптасады т.б.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Шортанбай Қанайұлының «Қайран халқым» кітабы

2.К. Жүністегі «Шырағдан» Астана: Нұра –Астана, 2008ж.

3.М.Мағауин (13 томдық шығармалар жинағы 8,10 томдар)   Алматы, 1991ж.

4. М.Мағауин, М.Байділдаев Ай заман-ай, заман-ай (Бес ғасыр жырлайды)

2  томдық- Алматы, 1991ж

5. А.Сатаев(«Қ.Ә»,1тамыз,1980)

6.І.Жақанов («Заман»,14қыркүйек,1994)

7.Ж.Қашқынов(«О.Қ»,23 тамыз, 2000ж.)

8. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 9 том Қазақ әдебиетінің тарихы

ШОРТАНБАЙ    ЖЫРАУ   ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ    КӨНЕРГЕН                           

                         СӨЗДЕРДІҢ                 ҚОЛДАНЫЛУЫ

Мұқашева Бахытгуль

                                                   Ақадыр кенті

                                                   С.Сейфуллин атындағы кітапхананың          меңгерушісі

 

 

   Шортанбай жырау мұрасын зерделегенде,белгілі жазушы Кәмел Жүністегінің еңбектеріне жүгінуге тура келеді.Өйткені бұл кісі жыраудың бірден бір заңды мұрагері іспетті.Жазушы ағамыз Шортекеңнің философиялық ой-пікірлеріне жасынан қанық.Соның нәтижесінде жазушы Шортанбай өмір жолына арнап «Соңғы абыз» романын жазды.Бұл романды Ақадырлықтар қолдан қолға түсірмей оқиды.Маған берілген тақырып ауырлау келсе де,алған беттен қайтпауға тура келді.Сондағы сүйенгенім-жазушы ағамыздың Шортанбай жырау шығармаларына байланысты тың пікірлері болды.Тақырыпқа байланысты жырау шығармаларындағы белгілі тұлғалар мен Шортекеңнің  ата-анасы,жақын-жуықтары жөніндегі мағұлыматты Кәмел ағамыздың дәйекті деректерінен алдым.Бүгінгі оқырман –жырау шығармаларында кездесетін кісі аттарын жатырқайды.Мәселен,Құсбек төре,Жамантай,Кенесары хан,Күдері қожа кім? Жаңғұтты шешен,Дүйсенбай би кімдер? Бұл тұлғалар жыраумен үзеңгілес болған екен.

   Шортанбай сынды жыраудың Шет өңіріне тұрақтап қалуына Жаңғұтты бидің кеңқолтық кемеңгерлігі себепші болғандығы К.Жүністегінің «Соңғы абыз» романында нанымды суреттелген.Жыраудың нағашылары жөніндегі дерек Кәмел ағамыздың ізденпаздығының арқасында дәйектелді

  Мен жыраудың мүтін шығармашылығына кеңінен тоқталып,баға бере алмаймын.Өзіме тапсырылған жұмысты дәйектеу барысында,академик Серік Қирабаевтің жазғандарына үңілдім.Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен басталған «Шортанбай-зар заман әдебиетінің айтулы өкілі» тұжырымы бүгінде де өз маңызын жойған жоқ.Шортанбай жырау-әдебиет тарихында мойындалған тұлға.Қай ақын болмасын өзі өмір сүрген дәуірден аттап өте алмайды.Жыраудың өмір сүрген кезеңі-қазақ халқының Ресей отаршылдарының құлдық бұғауына шырмалған кезі болатын.Хандық билік жойылып орыс билеушілері қазақ жеріне өз үстемігін орнатты. «Орыс законы» қазақ халқының дәстүр-салтына,наным-сеніміне қысым жасап,ел билеудің жаңаша тәртібін енгізді.Міне осы түста,Бұқар жыраудан басталған жыраулық сөз өнері күш алып,халықтың мұң-зарына ұласты.Шортанбай жыраудың ақындық мұрасы күні бүгін өзінің маңызын жойған жоқ.Жырауға кейбір саяз оқырман біржақты баға беруге бейім.Өткен заманның ескішіл кертартпа ақыны дегенді көзге айтпаса да сырттан тон пішеді» деп атап көреді.

   Шортанбай-төкпе ақын.Оның жырлары ел ішінде көбінесе ауызша тараған.Шортанбайдан да бұрын кітаби ол дегеніміз(діни сарынмен өлең жазатын) ақындар болған.Ондай жыраулардың шығармалары араб,парсы.татар мақамдарына жақсы келеді.Жыр толғаулары арап-парсы татар сөздерімен шұбарланған.Таза әдеби тіл Шортанбай шығармаларында сақталғаны,ақын еңбектерінің халық арасында кеңінен  таралуға септігін тигізген.Жыраудың философиялық  толғаулары,заман ағымына байланысты шыққан жырлары құлаққа қонымды,жүрекке жайлы тиіп жатады.Соның нәтижесіңде ақын еңбектері халық арасына кең тараған.Абай айтқан: «Тілге жеңіл,жүрекке жылы тиетін» жыраудың төкпе толғаулары тап таза әдеби тілмен өрілгеніне көзің жетеді.Мен қарапайым мамандық иесі-кітапханашымын.Бүгінде заман амалына қарай шет жұрттан кеп кірігіп жатқан терминдерден аяқ алып жүре алмайсың.Электронды құралдарда жік жоқ.Жаңа технологиялардың атауынан жаңыласың.Кітапханашы болғандықтан да «бүгінгі оқырманның» саяздығына қарның ашады.Майы тамып тұрған қазақтың әдеби тілін түсіңбейтіңдер көбейіп барады.Көркем тіл,әдеби тіл,ана тіліміздің мәйегі мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер бүгінгі оқырманның қолданысынан қалып бара жатқанына қыңжыласың.

    Шортанбай өмір сүрген дәуір басқаша болатын.Феодалдық қоғамның іргесі сетінеп,капиталистік қатынастың бел алған кезеңінде ғұмыр кешкен данышпан жырау жырларында «көнерген сөздер» бар болғанымен,сондайлық түсініксіз емес.Ақын өзі өмір сүрген кезеңнін шындығын айту үшін мағынасы ауырлау сөзді ауызға алады.Жырау шығармаларында кездесетін көнерген сөздердің басты-бастылары мыналар: «Елу басы,майыр,жандарал,тілмәш,дуан,кәпір,ұлық,кінәз,ноғай,ишан,қожа,молда,старшын,бек,қызыл көйлек,закон,заманақыр,шайтан,уәлі,ғаділет,күнәқар,төре,би,жаббар хақ,дүре,таңда мақшар,срат көпір» және тағы басқа да діни аңыздарға байланысты атауларды көп қолданады.Бұл атаулар мұсылмандықтың бес парызына байланысты орын алады.Шортанбай жырау шығармалары жасқа да кәріге де түсінікті.Сұлу сөзбен төгіліп түсетін жырларында түсініксіз сөз жоққа тән.Тілі шұбарланбаған,қазақтың жалпақ тілімен төгілдірген толғауларында басы артық сөз кездесе қоймайды.Терең философиялық оймен кірігіп жымдасқан толғаулары бүгіндегі оқырманға рухани азық болады деп нық сеніммен айта аламыз.

     Енді осы көнерген делінген сөзді ақын қалай қолданады.Енді соған келейік.

         «Атамыз-Адам пайғамбар» толғауында мынадай жолдар бар.

          ...Жаббардың екі болмайды,

Әмірі қылған жарлығы.-Осындағы «Жаббар» атауы Алланың мың бір атының бірі.Енді мына жыр үзіндісіне зер салайық.

                               Ісің түссе жаманға,

                               Жағаңнан алар сорыңа,

                               Жолдас болсаң жақсымен,

                               Қолың жетер Қырымға,

                               Текті құс қарар қырымға,

                               Ит айналар жырымға,

                               Бәлеқорлар қызығар,бір қалаштық тиынға...

            Өлең мәтінінің тәрбиелік мәніне тоқталмай-ақ қояиын.Осы жыр үзігінде «Қырым» атауы кезігеді.Бұл кәдімгі еуропадағы биік таудың атауы.Ақын осы атауды жалқылық мағынада қолдана келіп,бұл сөздің жалпылық мағынасын өлең жолдарына былай түсіреді: «Текті құс қарар,қырымға...

   Жырау «Текті құс қарар қырымға» деген өлең жолында, «қырым» сөзін тым алысқа көз тікті деп бейнелейді.Осы жыр  жөргемінде: «Ит айналар жырымға» деген жолдары бар. «Жырым» атауы жырау өмір сүрген кезеңде көнерген сөзге жатпаған.Жырым-ердің артқы айылының екінші басы.Жасаң теріден тілінген.Иттердің «жырымға»қызығатыны содан.

    Шортанбай ауылдық,қауымдық деңгейдегі жаяу жыршы емес.Ел өмірінде болып жатқан қайшылықтарға жоғарыдан көз тігеді.

                              ...Қасиет кетті төреден,

                                   Әділік кетті билерден.

                                   Абырой кетті әкімнен.

                                   Қайын енесі ас ішпес,

                                     Қабағын түйген келіннен.

                                     Жалғыз құдай болмаса,

                                     Енді үміт жоқ өзгеден.

      Осы жолдар бүгінде де өзінің тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ.Шортанбай жырау рухы біздің бүгінгі өмірімізге сын көзімен қарап тұрғандай көрінеді саналы жанға. «Қайын енесі ас ішпес,қабағын түйген келіннен» деген ащы шындық бүгіндегі тұрмыс-тіршілігімізге дөп келеді.Бүгіндегі келіңдердің кейбірі қайын енесіне адал қызмет көрсете қоймайды. «Қайын» сөзі көнере қойған жоқ.Бүгінгі жастар бұл сөзге жете мән бермейді.Туыстық атаулардың астарында тәрбиелік мән жатады.Қайын аға,қайын ене,қайын апа,қайын ата,қайын жұрт деген атауларды айтуға ерініп: «Аташка,мамаша,тәтешка» деп тілдерің бұрап сөйлегенге мәз. «Жоғарыдағы өлең жолдарында: «Қасиет кетті төреден,әділдік кетті билерден.Абырой кетті әкімнен...»деп ақын сол заманның ел билеген тәуірлерің шенейді.Осындағы «төре», «би» атаулары бүгінде көнерген. Төре-хан тұқымдары болған.Би-халық өзі сайлап қойған сот есебіндегі дуалы ауыл ақсақалы.Ал әкім атауы жаңаша түрленіп бүгінгі өмірімізге енді. «Әкім бол-халыққа жақын бол» деген сөз ел ауызында жүр.

    Шортанбай жырау-әдебиет тарихында ауыз әдебиетінің өкілі делінеді.Тәуелсіздік алып дербес ел болғалы Шортанбай сынды ақындарға жаңаша баға беріле бастады.Белгілі фольклоршы ғалым,Шортанбай мұраларын зерттеуші Қанипаш Мәдібаева: «Шортанбай-жалпы азаматтық деңгейдегі әлеумет ақыны.Суық заман құрсауында қалған халқынын қамын жеген қайраткер тұлға.Ұлт азаттық күрестің сөз батыры.Озбыр,опасыз,отаршыл саясаттың қауыпты сұмдықтарын сезіну сергектігінің шалар білімдарлығымен астасып жатқан сырлары-ақын поэзиясының дара сипаты.Шортанбай Қанайұлы шығармаларының адамшылық мұраттармен суарылған ұзын арқауын жалғап жатқан негізгі желі-дін ілімі» деп атап көрсетеді.Дінді ілім деп таныған жырау ислам мәдениетінің қайнарынан шөл қандырған аса білімдар кемеңгер ақын.Орыстық отарлау саясатының тәрізінен шошынған дана жырау Ұлы дала жөргегінде сәбилік тазалықпен ғұмыр кешіп жатқан халқының ақша билеген заманға кез болып,ұлттық сананың бұзыла бастағанын даналықпен пайымдай білген.

                          Мініп көрер күші жоқ,

                          Сауып ішер сүті жоқ,

                          Ақша деген мал шығар,

                          Жеткізе алмай онысын,

 Қалтыраумен жан шығар,-дегені бүгінгі өмірімізге де дөп келіп тұр.Бүгінгілердің құдайы доллар болып.Шортанбай жырау өлеңдерінің әлеуметтік салмағын ашып көрсету менің мінетіме жатпайды.Ақын шығармаларында ұғымға ауыр тіркестер де бар.

                          Кәпірді көрдің піріңдей,

                          Тілмәшті көрдің жеңгендей.

                          Дуанды көрдің үйіңдей,

                          Абақты тұр қасында,

                          Қазылған қара көріңдей,-деп келетін өлең жолдарында көнеден келе жатқан сөз тіркестері бар.Діни терминге жататын «кәпір»сөзі бүгінде әдебиетте сирек қолданылады. «Кәпір» деп құдайдан безген ешбір дін ұстанбайтын адамгершілік нормаларын аяққа басқан ождансыздарды айтады. «Тілмәш» атауы да көнерген.Бұл ұғымды бүгінде «аудармашы» деп айтамыз. «Дуан» атауы жырау өмір сүрген замандарда әкімшілік орталығы болған,бүгіндегі облыс орталығы.Көнерген сөзге жатады.Жырау бір өлеңінде                                 : «Балаңды алар солдатқа,міне алмассың жалды атқа,алақаңдай бет қағаз,табынарсың мандатқа»- деп патша билеушілерінің өктем саясатына қарсы шығады.Осы өлең тіркесіндегі түсініксіз сөз: «алақандай бет қағаз» нендей қағаз? Бұл сірә,бүгінше айтқанда төл құжат болар.Солай жобалауға келеді.Маған берілген тақырып жай ғана шағын мақаланың көлеміне симайды.Жергілікті қаламгер Өмір Кәріпұлына көрсеткенімде: «Бұл тақырып ғылыми еңбекке сұранып тұр,сенің қарымын жете қоймас» деп ескерту жасады.Сөйткенмен де алған тақырыпқа өзімше жауап беруге тырыстым.Дау жоқ,Шортанбай Қанайұлы исламшіл ақын.Мұсылмандық ғұрыпқа мейілінше жетік.Терең білімдарлығы өлеңдерінде атойлап тұрады.Мұсылмандықтың бес парызын насихаттайды.Отаршылдықтың темір қамытын мойнына мықтап ілген қазақ халқына ендігі жерде рухани сүйеніш исламдік мәдениет,мұсылмандық  дін жолы екенін әр жазған жырларында жаңа бір қырынан алып бейнелейді.Бүгінде ислам мәдениеті жер шарына кең тараған.Атеистік қоғамнан ірге ажыратып,казармалық социализмнің сығымынан құтылғалы қазақ халқы ежелгі ата-бабалары ұстанған мұсылмандық ғұрыпқа қайта оралды.Жер жерлерге мешіт ашылып,Қазақстанда ислам мәдениеті салтанат құрды.Коммунистік қоғамның қырағылдары коммунистер: «Дін-апиын» деген Ленин сөзің басты бағдарға алды.Діни сарындағы дастандар,өлең-жырлар оқылмай келді.Соның салдарынан сөздік қорымыздағы дінге байланысты атаулар (терминдер)көнеріп кетті.Тәуелсіздік алып демократияға жол ашылғалы діни кітаптар көптеп шығарыла бастады.Атейістік қоғамда өмір сүрген біздер «құдайды ауызға алып сөйлеуді» ар көрдік.Құдайдың мың бір аты бар.Соның бірі де аузымызға түспейтін.

       Дау жоқ,Шортанбай жырау біздің әдебиетімізге дін насихатын молынан енгізген исламшыл ақын.Ақын поэзиясын талдағанда мұсылмандық тағылымға арнаған өлеңдеріндегі діни аңыздарға құрылған толғаулардың тілі ауыр екені рас.Бірақ біз бүгінгі күннің талабымен ақын жырларындағы исламдық әдет-ғұрыпқа арналған өлеңдерінің  тілі көнерген деуге ауызымыз бармайды..Әр мұсылман о дүние мен бұ дүниенің амалын жетік білуге тиісті.Біз бүгінде мұсылмандық ғұрыпқа ат үсті қарай алмаймыз.Құран сүрелері мен пайғамбар хадистері,мұсылмандықтың бес парызы-қазақ халқы тұрмақ,жер бетіндегі адамзат баласын тура жолға бастайтын әділдік жол екенін әр мұсылман баласы санасына терең сіңіргенде ғана ислам қаусарынан рухани сусындауға қол жеткізеді.Данышпан жырау ислам мәдениетінің насихатшысы болды.Сөйте тұрып,шала сауатты дүмбілездерге жыр жебесін бағыттады.

                                 Асылық асқан заманда,                                                               Қожа,молда көбейіп,                                                                       Отырар төрде шөмейіп.                                                                                        ......................................

                                  Жаздың айы жеткен соң,

                                  Зекет,нияз сұрасып.

Осы өлең тармағындағы:қожа,молда,зекет,нияз сөздері бүгінде көнерген сөзге жатады.Бұл сөздер бүгінде былай түрленіп айтылады: қожаны-діндарға ауыстырдық,молданы имам дейтін болдық.Айта кетуге тура келеді.Кәдімгі тәспих,тәшпі дінарлардың қолында жүреді.Алланың тоқсан тоғыз атауына межелеген. «Алла хақ» деп тартылуы керек.Әр мұсылман тіршілігінде жетпіс бір мың мәрте Алла атын ұлықтап тәшпі тартуға тиісті.Бүгінгі таңда діндарлар бұл діни рәсімді,өлген адамға арнап тартатын болды.Бұл рәсім «дәлел» деп айтылып жүр ел арасында.Бір түрлі ерсі жағдай. «Малдан зекет,астан үсір беру» бес парызда әр мұсылманға міндеттелген.Жырау соны айтады.Ал «нияз» сөзі кісі аттарында ғана кездеседі.Бұның арапша мағынасы міндет,парыз деген мағынаға жуық.

    Жырау мұсылмандық ғұрыпқа байланысты діни атауларды көп қолданады.Ондай сөздердің мән-мағынасы діни сауаты ашылған бүгінгі мұсылман қауымға жат емес.

     Жыраудың «Заман ақыр»толғауы діни ғұрыпқа құрылған.Бұл толғауда діни атаулар кемінде жүзден асады.Сол атауларды көнерген сөзге жатқызсақ,онда біз қателесеміз.Мұсылмандық сауат сол көне сөздердің мағынасын түсінуден басталуға тиісті.Тақырыпқа байланысты аздап талдап көрейін.Толғау былай басталады.

...Абу Бәкір,Омардайын,Оспан,Әлі,Қайдардайын,Әділ патша табылмас-ты»...Осындағы кісі есімдері Мұхаммед пайғамбардың жолын жалғастырған патшалық құрған,мұсылман дінін таратушылар.Бұл есімдер көнермейді.Бұл толғауда-нәпсі,опат,тажал,шапағатшы,үмбет,сажда,сират,,әзірейіл,шайтан, деленген мұсылмандық ұғымдағы сөздер бар.Көнерген сөз деп сырт беруге болмайды.Ақырдың пайғамбары Мұхаммедтің қауымындағы мұсылмандар пайғамбардың үмбеті делінеді.Қиямет қайымда Ақырдың пайғамбары үмбеттеріне қол ұшын береді делінеді діни аңызда.Нәпсі-арап сөзі.Шариғатта нәпсіңді тый деп айтылады.Артық ішілген тамақ,кісіні күнәға батырады делінеді.Жырау науқасқа ұшырағанда ел-жұртымен қоштасады,

                  Қалықтаған сұңқар ем,

                  Қанатым сынды ұша алмай.

                  Қиядан қуға түсе аламай,

                  Нәпсім қарар таптың ба,

                  Дүниеге тоймайтын,

                   Бір шыны шай іше алмай.

Нәпсінің түрлері көп.Дүниеқұмарлық пен шенқұмарлық та нәпсіге жатады. «Әзірейіл»-діни ұғымда жан алғыш періште. «Сәжде» -бес уақытылы намаздың бір амалы.Маңдайдың жайнамазға жұғысуы,намазға ұйығандықтың белгісі.Шайтан-діни аңызда адамды тура жолдан тайдыратын азғырынды.Шайтан-екі түрлі болады.Киімдісі және киімсізі.Киімсізі ет пен терінің  арасында   жүреді делінеді.Киімдісі кәдімгі адам бейнесіндегі азғырынды.Ондайларды «құдайдан безген» дейді халық.

         Ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым (марқұм болған ) Ысқақ Дүйсенбаев жыраудың шығармаларына былайша баға берген: «Шортанбай өз өлендерін көпшілікке арнағандықтан,бұқараға түсінікті болу үшін халық тілін шебер кең түрде пайдалануға тырысады.Сол талабы бойынша ислам дінінің тікелей әсерімен келген: «пайғамбар», «зүлжалал», «мекке», «зекет» сияқты сөздердің өздерін де тыңаушы жұрт жатырқамайтын контексте беріп отырады.Кейбір ақындарша «ұқсан ұқ,ұқпасаң қой» деген асқақтық Шортанбайда жоқ.Ол түсініксіз сөз құрамдарын қумайды,қайтсе де оқушыларға түсінікті болу мақсатың көздейді.Өлең-жырларында құрғақ қиялан туған дерексіз ұғым жоқ.»

        Ғалымның бұл пікірі бүгінгі оқырманға ой салуға тиісті.Жыраудың шығармашылығы бүгіндегі жас буынды тәрбиелеуге ықпал ететің жемісі мәуелі рухани құнды мұра.

        Шортанбай жыраудың әдеби мұрасы ескірмеген деп айта аламыз.Насихаттық жырларында тым көнерген ұғымға ауыр сөздер көп кездеспейді.Ойшыл жыраудың біздің өңірде ғұмыр кешкені,аудан орталығы Ақсу-Аюлыда жай тапқаны баршамызға мерей.  

 

 

 

 

   Арқаның ардақтысы, жыраудың салмақтысы.

                              Ортау ауылдық кітапханасының

                                           кітапханашысы : Тайжанова Б.Б.

 

    Шортанбай Қанайұлы  1818 жылы қазіргі Жамбыл облысы  Қаратау бойында туып, Арқадағы  қазіргі Қарағанды обл. Шет ауданында  1881 жылы қайтыс болған. Ақын, діни қайраткер.19 ғасырда өмір сүрген қазақ халқының тарихындағы ірі тұлғалардың бірі.Ол өз дәуірінің шындығын бүге-шүгесіне дейін білген ақын. Шортанбай белгілі бір ортаның  немесе аймақтың ғана тұрмыс – тірлігін жырлаған жоқ,барша халықтың  мұң-мұқтажын толғады,көптің жоқтаушысы болды. Ресей отаршылдығының зорлығын көзімен көріп, жанымен, тәнімен сезінген ақын өзінің «Зарзаман», «Бала зары», «Тар заман», «Опасыз жалған», т.б. толғаулары арқылы ақиқаттың астарын ашып көрсетті. Толғауларының ішіндегі көпшілікке кеңінен тараған туындысы «Келер заман сипаты» атты шығармасы. Онда халықтың болашағын болжай білген ақын елі үшін қабырғасы қайыса отырып, тығырықтан шығар жол іздейді. Келер заманның кескін-келбетін көрегендікпен көрсете келіп, өзтарапынан тұжырым жасайды, баға береді.      

 Жастық шағына оралатын болсақ  ол  Түркістан  жерінде Қаратауды жайлаған шаруа Қанайдың отбасында дүниеге келген. Жас шағынан мұсылманша оқып замандастары қатарлы білім алмаған. Бұрыннан қазақ халқының қасиетті астанасы есепті Түркістан қаласы, оның сол тұстағы шар тарапқа жайылған даңқы жас талапқа әсерсіз болмаған.Қиялына қанат бітіріп, өнер-білім биігіне талпыған алғашқы тәлім-тәрбие ұясындай ізгі әсер еткен, парасатты ақыл иелеріне жақын жүріп, жақсылар қатарына ерте ілескен. Көзі ашық, сауатты, білімге құштар жасқа үлгі-өнер боларлық ойлы орта, тәлімге - ұстаздар да кезіксе керек-ті.Көкірегі ояу, көркемдікке әуес сезімтал жас естіген есті сөздерін құлағына құйып,  шама-шарқынша ақылға салып, санамен салмақтайды.

 Мұсылмандық жолындағы оқудың нәтижесі оның қолын ишандық дәрежеге жеткізді. Бұл жолда қызмет атқару үшін Түркістаннан Арқаға, Қарақаралыға қарасты Бесата жайлаған Жамантай төренің мекеніне қоныс аударуға тура келеді.

Одан кейін Ақсу-Аюлы бойын қоныстанған Жанғұтты бидің қарамағанан шағын мешіт салдырып, медресе ашады. Өле-өлгенше осы биді төңіректеп, өмір кешеді. Ер жетіп, еркінше еңбек етуге бел буған талабы зор, талғамы қалыптасқан Шортанбай жаңа ортаға, өзге өлке жағдайына кезігеді.

Жігіт жасындағы Шортанбай  діни жұмыс атқара бастағанмен, оған мүлде беріле алмайды. Тіршіліктің талабы, өмірдің рухани азығы, дүниенің қызығы оны тәубасынан жаңылдырады. Қызойнақ пен Алтыбақан кештеріне бірден барып, жастарға араласып кеткісі-ақ келеді. Амалын тапса, екеуін де қолданып, өзі де елден шеттемей, жастарға да, үлкендерге де үйір боп, солардың ортасында өмір сүру, мүмкін болғанынша сезімге бой алдырмай, ақыл мен парасатқа жүгіну қажет. Осылайша ой түйген Шортанбай өзін еркін ұстайды.

Жастық шақтың қызығы оны ойын-сауыққы жетелейді. Елдегі әр қилы дәстүрлі той, жиын, келін түсіру, қыз ұзату салттарына байланысты думандарға еліктемеу мүмкін емес. Төкпе ақындардың айтыстары, жыршы-жыраулардың тамаша толғау, жыр-лары  өнерге әуес, сөзге жүйрік, тілге шешен Шортанбайдың жанына жағады. Біраздан кейін өзін-өзі билей алмай, бойын кернеген ақындық өнердің аузын қалай ашып жібергенін өзі де сезбей қалады.Енді ел-жұрт Шортанбайды ишан деуден көрі төкпе ақын деп атап кетеді. Міне, ғажап! Қазақтың бір өлкесі бір Шортанбайды тақуа ишан етіп тәрбиелесе, екінші өлкесі оны тамаша ақын етіп шығарды. Асылы, адамды – жасаған ортасы тәрбиелейді, - дейтін қағида дұрыс. Оған Шортанбайдың өсу, жетілу жолы бірден-бір куә.

Шортанбай - өз заманының жалынды ақыны, ақылгой шешен жырауы. Өзі өмір кешкен замана шындығын барлық көрінісімен айқын да дәл бейнелеп, әлеуметтік маңызы зор шығармалар жазды. Шортанбай шығармашылығы ХІХ ғасырдағы қазақ өмірінің айнасы, әсіресе, кедей – кепшік, момын шаруаларының тұрмыс тіршілігінің шынайы куәгері. Талан- таржыға душар боп жатқан туған елінің ауыр тағдырын тайға таңба басқандай бейнелей білген білгір жазушы. Кеңес заманында толғаулары мен айтыстары С. Сейфуллиннің «Ескі әдебиет нұсқаларында» (1931) С.Мұқанов, К. Бекхожин құрастырған «қазақ әдебиетінің хрестоматиясында» (1942), «Айтыс» (1965) жинағында жарияланды. Шортанбайдың өз кіндігінен Алдаберген, Аязбай деген ұлдары, Бәйіш атты қызы болған. 1882 жылдардан бастап, өлең, толғаулары жинақталып, бөлек кітап болып  жарық көреді.

Шортанбай шығармаларының лейтмотиві – заман, қоғам, халық тұрмысы, ел өмірі, жер, қоныс қысымы, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қарым-қатынастан туындаған тонаудың жаңа түрлері, сатқын ел билеушілер, бұзақы топта, т.б. Елді қанаушылардың жаңа тобының ақшалы байлар, алыпсатарлар, саудагерлер екенін ақын айқын суреттейді. Оларды нағыз ел ырысын еміп, сездірмей сорып жатқан араны толмас алпауыттар деп бейнелейді. Ақшаға байланысты елдегі қайғы қасіреттің де шынайы суреті жасалады.

Арам арсыз жан шықты,

Қайыры жоқ бай шықты.

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп көрер күші жоқ,

Ақша деген мал шықты.

Қазақ қоғамын билеп-төстеген сол тұстағы әкімдер тобы – халыққа қарсы болып, елдің басына зобалаң орнатып жатқан қу мен сұмдар деп өз сынын күшейте түседі.

Сол тұстағы қоғамның  әрекетіне қарай әрекет жасап, жатпай-тұрмай халқын үгіттеп, ілгері жетеледі.

Ел ішіндегі  талан-таражыға, алауыздыққа, берекесіздікке, ойсыз опасыздыққа қарсы шықты. Елдің жігерін оятып, тәуелсіздік  үшін аянбай күресуге шақырды. Отаршылар мен оның қазақ жеріндегі сыбайластары билеген заманды ол халық басына түскен ақырзаман, елдің береке-бірлігін кетірген тар заман, жұрт болашағын тұйыққа тіреген зар заман деп өзінше қорытты.

Бұл заманның енді бір кесапаты ол халықты өзінің ғасырлар бойы қалыптастырған кәсібінен, тіршілік қамынан, үйреншікті, сүйегіне сіңген әдет-ғұрпынан, наным-сенімнен, иманнан,  ел билеу салтынан айырды.Осылайша халықтың ұлттық тұрпаты, елдік сипаты бұзылды,олардың  мінез-құлқы, іс-әрекеті өзгерді. Олар тәуелсіздігінен айрылып, құлдық  қамытын киді. Міне, осының бәрі ақынның зарлы-шерлі толғаулары арқылы сыртқа шықты. Ол халықтың мұңы боп қалыптасты.Елдің бас көтерген адамдарын тәубаға шақырып, мал, дүние үшін қор болмай, халық үшін, бір құдай үшін қызмет етуін тілейді. Ізгілік, әділет жолынан тайынбай іс қылып, саналы, салихалы өмір кешуін уағыздайды. Ақырет жолы мен адамгершілік, әділет жолдарын тең ұстап, ешкімге обал, қиянат жасамай, тек қана ізгілік жасап өткенін тілейді.Адам санаулы өмір жолын есепсіз, мәнсіз өткізіп алмай, нәтижелі, нәрлі, пайдалы өткізуі абзал. Керексіз, өнімсіз іспен шұғылданбай, еліне, халқына, өзіне, жақын-жуығына керекті тиімді әрекеттер істей білуге дағдыланғаны жөн деп термелейді.

Жамандық пен жақсылық, адамдық пен арамдық арасын ажырата білуге, достық пен қастық, шындық пен жалғанды айырып, бірін жақтап, екіншісіне қарсы тұруға шақырады.Талапты жас, ең алдымен оқуға әуес болуы керек. Өнер, білім тек оқумен келеді. Тәлім-тәрбие алған жас ойлы, өнерлі боп өседі. Арамдыққа, зұлымдыққа бармайды. Олар құдай жолына да, адам үшін де аянбай еңбек етуге тиіс. Дүние, өмір қызығына алданбай, қиындыққа төзіп, ізденуді қолдайды.Жылы үй, сәнді киім, мұқтажсыз өмір жастарды бейқам өсіреді. Болам деген жас еңбекке, өнерге әуестеніп, аң аулап, құс салып, кәсіппен айналысуы керек.Шындығында да ақын туындылары әсерлі, мәңгі жасарлық мәнді. Көп жылдар өтсе де жырау сөздері өзінің құнын жоймай, халық мақсатына қызмет етіп келеді. Әсіресе, адамгершілік ақыл, өнегелі өсиет сөздері, шебер де шешен тұжырымдары құнды. Басына қайғылы, ауыр күн туған азамат, ел-жұрт Шортанбай толғауларынан өз ойына үндес сөз табады. Оның өлең жолдарын жиі қайталайды. Күйзелген жанына жай тауып, көкірегін кернеген қасіреттерді жеңілдетіп, рухани күш табады. Шортанбай сөздерін тек қасіретті адамдар үшін пайдалы туынды деп біржақты түсінікке жетелеуден аулақпыз. Керісінше, оның шығармалары – алуан салалы, өміршең, адамның бойына жігер, қуат құярлық оптимизмге де толы, оқушысын өз ырқына бірден көндіріп, ілестіріп кетерлік логикасы мықты туындылар. Сондықтан да әрбір дәуір ол туралы әр түрлі пікірлер айтып, кейде айтыстар туғызып келеді.

Шортанбай туралы осы соңғы жылдарға дейін етек алып келген кереғар пікірлердің орын алу негізі де оның талғамының күрделілігі, күштілігі демекпіз. Шортанбай – бір топтың не бір таптың ақыны емес. Ол жалпыға ортақ өз елінің, халқының жырауы. Сонысымен де құнды.Ақын айтар ойын жай баяндай сала бермейді.

Әр тұста ақылға бай, ойлы сөздері ұшқыр да өткір тілмен өрнектеліп, көркем бейнеленіп, өрелі туынды боп шығады. Ақын 1881 жылы  қазіргі  Қарағанды  облысына  қарасты Шет ауданында қайтыс болды. Ол - өлерде үстіне ескерткіш орнатпауды, үлкен ас бермеуді тапсырып, оған шыққан шығындарды елдегі жоқ-жітік, кемтарларға үлестіруді өсиет еткен. Ақын көз жұмғалы ғасырдан астам уақыт өтсе де, оны халық қастерлеп, шығармаларын жадында ұстап, қымбат мұра ретінде қадірлеп келеді.

Қалықтаған сұңқар ем,

Қанатым сынды ұша алмай,

Қиындап қуға түсе алмай,

 деген ақынның өз сөзіне назар салайықшы. Асылы, "қияға қанат қағар сұңқар едім" - деп бекерге айтпайды.

Шортанбай толғауларының ішіндегі көпшілікке кеңінен тараған туындысы “Келер заман сипаты” атты шығармасы. Онда халқының болашағын болжай білген ақын елі үшін қабырғасы қайыса отырып, тығырықтан шығар жол іздейді. Келер заманның кескін-келбетін көрегендікпен көрсете келіп, өз тарапынан тұжырым жасайды, баға береді. Шортанбай сонымен қатар айтыс ақыны ретінде Шөже, Орынбай, Асан ақындармен сайысқа түскен. Осылардың ішіндегі көлемдісі де, мазмұны жағынан толымдысы да Орынбаймен айтысы. Айтыстың өне бойынан ақынның тапқырлығын, сөзге шеберлігін, тілінің өткірлігін анық аңғаруға болады. Талай айтыстарда шыңдалып, сан рет жүлде алған Орынбай сияқты айтулы ақынмен сайысқа түскен Шортанбай өзінің алғырлығын, тілге тиек болар жағдайды бұрынырақ болжап, алдын орап кететін сезімталдығын танытады. Шортанбай өз шығармаларында заманның кескін-келбетін дәл басып, нақты көрінісін жасаған шыншыл ақын ретінде танылды да, өзінің болмыс-бітіміндегі көріпкелдік қасиетінің арқасында бұлыңғыр болашақты айна қатесіз болжай білген әулиелік қасиетімен ерекшеленді, өлеңдерінің ою-өрнегін қиюластыра білген  шебер ақын болды.  Сондықтан Шортанбай өлеңдерін халық жанына жақын қабылдады, оны заманның зары есебінде ұқты. Олардың, қанша уақыт өтсе де, ұмытылмай келе жатқаны да сондықтан.

  Шортанбай мұраларын алғаш зерттеушілердің бірі М.Әуезов .Шортанбаймен қатарлас өмір сүрген ақындар шығармаларын тұтастай алғанда Шортанбай мұрасына сай “Зар заман ақындары” деп саралады. Шортанбай мұраларын зерттеу ісінде С.Мұқанов, І.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев, Т.Нұртазин, М.Мағауин, С.Қирабаев, Ы.Дүйсенбаев, Ғ.Мұсабаевтар көп еңбек сіңірді. Шортанбай творчествосы да әдебиетіміздегі ақтаңдақтар  қатарында жөнді зерттелмей, жабулы тақырыптар қатарында келеді.

    

      

 

                                                  

bottom of page