top of page

                                                       Тазша бала

        Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Олардың үш баласы, бес ешкісі бар екен. Бір күні үлкен баласы басқа жерден пайда кәсіп қылуға талап етіп, өзіне тиген енші ешкісін сойып алып, етінен кемпір мен шалға бір түйір де берместен, арқалап кетіпті. Келе жатса бір өнерші байдікіне келеді. Бұл байға өнер үйренуге ол жігіт жалданыпты. Өнерші бай бек қатты жауыз адам екен, ол жалданған жігітті бір сандыққа салып қойып, аштан өлтіріпті. Үйінде қалған ортаншы баласы, бұ да өнер үйренбекке талап етіп, ода ағасының кеткен жолымен кетіп, о да өнерші байға келіп жалданып ты. Өнерші бай оны да ағасынша аштан өлтіріпті. Үшінші ұлы Тазша бала, о да ағаларындай өзіне тиген енші ешкісін сойып алып, жарты етін әке-шешесіне беріп, олардан рұқсат алып, арқалап кетіпті. Келе жатса бір қора қойға ұшырапты. Бұл қора қойдың қойшысына жолығып сұраса, бұл қойлар өнерші байдікі екен. Ол Тазшадан сұрайды: -Балам, қайда барасын? -деп. Тазша бала жауап береді: - Өнер үйренуге барамын -деп. Сонда шал тұрып айтады: . - Балам, ол сөзіңді бөтен ешкіміге айтпа- деп,-өзіңе өтірік айтпа, жатқа (бөтендерге) шыныңды айтпа деген - деп. Сонан соң бұл бала шалдың бұл айтқаны рас екен деп ойлап, өнерші байға барыпты. Байдың үйіне қонып, ертең жүрейін деп жатқанда, өнерші бай Тазшадан сұрайды: - Балам қайда барасың, жолың болсын? - деп. Тазша бала жауап береді: - Мен өзіңдей ер баласы жоққа еншілес бала боламын - деп. Сонда өнерші бай айтады: - Балам, сен біздікінде қал, маған бала бол, біздің бір ақ кұнан қойды сойып, той қылып, асық жілігін етімен өзін, жеп той, мен өзім жолаушы барамын - дейді де, өзі жолына кете береді. Бала (Тазша): - Хош әке, жақсы бол! -деп, үйінде қала беріпті. Бұл өнөрші байдың үйінде бір қызы бар екен. Бұл Тазша балаға айтады: - Аға, сен асық жіліктен өзің жемей, керегенің басына іліп кой, сонда бір ақ тазы келіп, жілікке ұмтылар, сонда сен балтамен ол тазыны лақтырып өлтір - деп. Мұнан соң Тазша бала ақ құнан қойды сойып, той қылып, көршілерін шақырып, асық жілігін өзі жемей, қыздың айтқанын қылып, керегенің басына іліп қойғанда, айтқанындай ақ тазы келіп етті жілікке ұмтылғанда, Тазша балтамен жіберіп қалыпты; бірақ балтасы тазыға тимей, ит кашып құтылып кетіпті. Өнерші бай үйіне келген соң, Тазша баланың мұндай істерді істегенін біліп, қатты ашу етіп, бұл итті аштан өлтірейін деп сандыққа салып қойыпты. Бұл байдың бағанағы қызы, әкесі жоқта, сандығының түбін тесіп тамақ беріп, Тазшаны тойдырып тұрыпты. Бірнеше күндер өткен соң Тазшаның өз әкесі балаларын іздеп шығып, өнерші байдікіне келіп сұрады: - Бір Тазша деген балам бар еді, соны көрдіңіз бе? - деп. Өнерші бай: - Көргенім жоқ - деп жауап береді. Бұлардың сөйлесіп тұрған сөздерін Тазша үйде сандықта жатып есітіп жатыр еді. Бай әлгідей дегенде, Тазша: - Әке, мен мұндамын! - деп, сандық ішінен айқайлапты. Даусымен баласын танып, байдың сандығынан шығарып алып, Тазша мен әкесі үйіне қайтыпты. Тазша жолай әкесіне айтады: - Әке, мен бір қара құнан қой болайын, мойныма жіп тағып, жетектеп барып базарға жақсы бағаға сат, бірақ жібіңді алып қал - дейді. Баласы сол жерде айтқанынша қара құнан қой болады, әкесі мойнына жіп тағып базарға апарып сатып, ақшасын алып, үйіне қайтады. Ертеңіне баласы өз қалыпына түсіп, әкесіне айтады: - Әке, мен бір қара жорға ат болайын, мені базарға апарып сат, пұлымды ал, бірақ шылбырымды алып қал - депті. Баласы айтқанынша ат болып, әкесі базарға апарып сатып, шылбырын алып, үйіне қайтты. Ертеңіне баласы, Тазша, тағы өз қалпына түсіп, үйіне келіп, әкесіне айтады: - Әке, мен бір жез бұйдалы нар-тайлақ болайын, сен мені базарға апарып сатта, бұлымды алып, бірақ, бұйдамды алып қалып, үйге қайта бер - деді. Тазша айтқанынша тайлақ болып, әкесі базарға сатайын деп жетектеп келе жатса, алдынан баяғы өнерші бай шығыпты. Ол айтады: - Маған мынау тайлағыңды сат - деп. Тазшаның әкесі айтыпты: - Тайлағым басы жүз тілла - деп. Сонда өнерші бай бұлардың айласын біліп, жаман оймен, тайлақты жүз тіллаға сатып алыпты да, үйіне жетектеп келіп, баяғы қызын шақырып алып, мынау тайлақты ұстай тұр депті де, өзі үйден пышақ алып, тайлақты бауыздайын деп, үйіне жүгіріп кетіпті. Қыз әкесінің жаман ниетін біліп, үйден бұ да пышақ ала шыққан екен, әкесі үйге кірген кезінде, тайлақтың бұйдасын пышақпен қиып жіберіп, босатып қоя беріпті. Өнерші бай тұра салып үйінен шығып, қаып бара жатқан тайлақты көріп қуыпты. Тазша сонда түлкі болып қашыпты, өнерші бай тазы болып қуыпты, өнерші бай жете берген кезде, Тазша түлкіден үйрек болып ұшыпты, бай онда қаршыға болып қуыпты. Бір аздан соң, Тазша бала торғай болып қашыпты, онда бай қырғый болып соңына түсіпті. Онан соң Тазша торғай қалпында шаңыраққа ұшып келіп қонып отырғанда, бай -қырғый келіп таяна бергенде, Тазша қорқып, шүберек болып жерге түсіпті. Өнерші бай онда кісі болып, шүберекті қолына алайын дегенде, Тазша тары болып домалапты. Онда өнерші бай тауық болып шұқиын дегенде, Тазша мысық болыпты да, өнерші байдың желкесіне мініп алып тістеп, тырнап, зорлықпен өнерші байды өлтіріпті. Сөйтіп, оның қызын өзі алып, барша мұратына жетіп, зор бай болып дәурен етіпті.

                                       Жалмауызды алдаған қыздар

            Ертеде бір бай болыпты. Байдың ауру әйелі және үш қызы бар екен. Бір күні әйелі науқасынан айықпастан қайтыс болады. Біраз уақыттан кейін бай үйіне басқа әйел алып келеді. Бұл әйел қатыгез адам болып шығады. Ол байдың қыздарын жек көреді. Бір күні өгей шешелері қыздарын шақырып алып:

         — Шырақтарым, бүгін сендер тоғайдан жеміс теріңдер, – деп түбі тесік шелек береді. Қыздар:

         — Алақай! Жеміс тереміз! – деп қуанып тоғайға кетеді. Тоғайға келіп, жеміс тере бастайды. Бірақ, терген жемістері тесік шелектен түсіп қала береді. Сол себепті қыздар тоғайда көп жүріп қалады.

         Осы уақытта өгей шешелері әкесінің басын айналдырып, басқа жаққа көшіп кетеді. Кешке жақын қыздар әбден шаршап үйлеріне келсе, үй орнында жоқ болып шығыпты. Қыздар жылап-сықтап үйдің орнына түнейді. Ертеңіне осы арадан бір айнаны, тарақты, инені тауып алады. Осыларды алып қыздар жолға шығады.

         Келе жатып бір жұлым үйге кезігеді. Осы жұлым үйде жалмауыз кемпір тұрады екен. Қыздар үйге кіреді. Үйдің ішінде кішкентай қыз отыр еді.

         Қыздар одан:

         — Үйдің иесі қайда? – деп сұрапты.

         Сонда қыз:

         — Бұл үйдің иесі– мен және менің шешем – жалмауыз кемпір, – дейді.

         Қыздар қорқып қалады. Бірақ басқа амалы болмағандықтан кешке дейін жалмауызды күтіп отырады. Кешке жалмауыз үйіне келсе, үйде үш қыз отыр екен. Қыздарды көріп, ол қуанып қалады.

         — Сендерді маған шайтан айдап әкелген шығар. Қызымыз екеуіміз бір тоятын болдық. Ал, бүгінше жатып демалыңдар, – деп оларға төсек салып береді.

         Кемпір ертеңіне аң аулауға кетіп бара жатып, қыздарға:

         — Маған кішкентайларыңды пісіріп қойындар, түсте қайтып келермін, – дейді.

         Жалмауыз кемпір кеткен соң, қыздар кішкентай қызды өздерімен бірге алып қашады.

         Кемпір келсе, өзінің қызы да, үйде қалған үш қыз да жоқ. Қатты ашуланған ол қыздарды қуа жөнеледі.

         Бір уақытта қыздар артына қараса жалмауыз кемпір жетіп қалған екен. Жалмауыз кемпірдің қызы осы уақыттың ішінде үш қызға бауыр басып қалған еді.

         — Апайлар, менің шешем жетіп қалған кезде, қолдарыңда не бар соны артқа қарай лақтырыңдар. Сол кезде оның алдынан бөгет пайда болады, – деп ақыл айтады ол.

         Қыздардың үлкені кішкентай қыздың сөзін ести сала тарақты тастапты. Ол үлкен тоғай болыпты. Екінші рет жете бергенде ортаншысы инесін тастайды. Ол биік тау болыпты. Онан да кемпір өтеді. Үшінші рет кішкентай қыз айнасын тастайды. Ол үлкен көл болады. Жалмауыз кемпір бұл көлден өте алмайды. Ол көлдің екінші жағалауында тұрған қыздардан:

         — Қыздар, сендер бұл көлден қайтіп өттіңдер? – деп сұрайды.

         Қыздар:

         — Мойнымызға тас байлап өттік, – дейді.

         Кемпір қыздардың сөзіне сеніп, тас байлап суға түседі де батып кетеді. Ал, қыздар аман-есен үйін тауып, әкесіне болған оқиғаны түгел баяндап береді. Әкесі қыздарына жасаған зұлымдығы үшін әйелін қуып жібереді. Жалмауыз кемпірдің қызын асырап алады.

         Осылай қыздар бірге тату-тәтті өмір сүреді.

bottom of page