top of page

"Дара қаламгер"

Ілияс Есенберлин

Ілияс Есенберлин (1915 жылы Ақмола облысы, Атбасар қаласын дүниеге келіп

– 1983 жылы Алматыда қайтыс болған) – жазушы. Қазақ әдебиеті дамуының тарихында жазушы Ілияс Есенберлин төргі орындардың бірін алады. Ол – туған жеріне, өскен еліне шығармагерлік алапат еңбегімен, талмас талантымен танылған, ірі қаламгердің бірі. Қазақ әдебиетінің көркем қазынасын байытуға қомақты үлес қосқан жазушы әр түрлі жанрларға құлаш ұрды. Қыруар өлең, он дастан, екі повесть, он жеті роман жазды. Драматургия, кино, аударма саласында да еңб ек етті. Елінің күнделікті өмірімен тыныстаған шығармалармен қатар, ұлт өмірінің ғасырларға кететін кең ауқымды, қарымды панорамасын жасаған құнарлы туындылар берді. Ата-бабамыз қалай өмір сүрді? Қандай жолдан өтті? Тарихи тағдырлары неге сүйіндірді, неден жирендірді? “Қазақ жазушыларының арасында үлкен оқырманның бұл шақыруына үн қосқан алғашқы қаламгерлердің бірі – Ілияс Есенберлин. Біз оны жаңа сапа белесінен көрдік те таныдық, – деп жазды сыншы Мұхаметжан Қаратаев –  оны қажырлы еңбегі үшін сыйлаймыз.” Жазушы туындылары жұртшылық жүрегіне жол тапты. Көптеген шет тілдеріне аударылды. Туындыгердің шабытты еңбегі, шалқар творчествосы жоғары бағаланды. Ілияс Есенберлин Қазақ ССР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталып, халқының құрметіне, зор абырой, даңққа бөленді.

 Шығармашылығы

І. Есенберлин қазақ әдебиетінде өнімді еңбек еткен аса көрнекті жазушылардың бірі. Алғашында ақын ретінде танылған оның шығармалары 1940 жылданбастап жарық көре бастайды. 1945 жылы "Сұлтан", "Айша" дастандары, "Адамгершілік туралы жыр" өлеңдер жинағы (1949), революционер, большевик Ә. Майкөтовке арналған "Большевик туралы поэмасы" (1957), "Біржан сал трагедиясы" (1959) дастандары жарияланды. 1960 жылдары проза жанрына қалам тарта бастады. "Өзен жағасында" (1960), "Толқиды Есіл" (1965), орыс тілінде жазылған "Адам туралы ән" (1957) атты повестері жарық көрді. "Айқас" (1966), "Қатерлі өткел" (1967), "Ғашықтар" (1968), "Қаһар" (1969), "Алмас қылыш" (1971), "Алтын құс" (1972), "Жанталас" (1973), тың туралы "Көлеңкеңмен қорғай жүр" (1974) романдары, "Көшпенділер" трилогиясы (1976), "Алтын Орда" трилогиясы (1982-1983), "Махаббат мейрамы", "Алыстағы аралдар" (1983), "Аққу құстың қуанышы" (1984) романдары, шығармаларының онтомдық жинағы (1984-1990) жарияланды.І. Есенберлиннің "Маңғыстау майданы", "Аманат" (1978) романдары қазақ әдебиетіндегі сүбелі шығармалары қатарында. Кеңес өкіметі жылдарында туып қалыптасқан қазақ интеллигенциясының өмірін, олардың қазақ даласында социалистік өнеркәсіп орнату жолындағы қажырлы еңбегін, ескіліктің адам санасындағы қалдығына қарсы күресті баяндайтын "Айқас" романына 1968 жылы Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ӏлияс Есенберлиннің орыс тілінде шыққан "Песня о человеке" (1956) романы 1958 жылы қытай тіліне аударылады. "Таудағы тартыс" (1962) пьесасы Алматыдағы Балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды. М.Ерзинкянмен бірігіп жазған "Құйма" (1961) киносценарийі бойынша түсірілген фильм бүкіл кеңес және венгр, поляк, болгар экрандарында көрсетілді. Ӏлияс Есенберлин прозасы түгел дерлік орыс тіліне аударылды. "Схватка" ("Айқас", 1957); "Опасная переправа" ("Қатерлі өткел", 1970); "Влюбленные" ("Ғашықтар", 1970); "Хан Кене" ("Қаһар", 1971); "Заговоренный меч" ("Алмас қылыш", 1973); "Отчаяние" ("Жанталас", 1974); "Прикрой своим щитом" ("Көлеңкеңмен қорғай жүр", 1976); "Мангистауский фронт" ("Маңғыстау майданы", 1981); "Золотая Орда" ("Алтын Орда", 1985) деген атпен Мәскеулік және республикалық баспалардан жарық көрді. Жекелеген шығармалар украин, латыш, литва, өзбек, алтай, башқұрт, қарақалпақ, венгр, поляк,ағылшын, француз, қытай, неміс, араб, испан тілінде жарияланды. Олардың ішінде "Көшпенділер" трилогиясы, "Адам туралы ән", "Қатерлі өткел", "Ғашықтар", "Айқас" романдары бар.I.Есенберлин қырыққа жуық ән мәтінін жазды. Ол К.Д.Ушинскийдің "Әңгімелері мен ертегілерін" (1945), М.Жулявскийдің Вьетнам өміріне арналған "Қызыл дария" (1956) романын қазақ тіліне аударды. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер.                            

1.Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2

2. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Санат, 1994. – 312 б.

3. Қыраубаева А. Қазақ әдебиетінің шығыстық қисса-дастандардың түп-төркіні мен қалыптасуы. – Алматы, 1997. –271 б.

 Ой толғамдар

  «Мен алдыменен материал жинаймын. Деректер іздеймін. Айғақты уақиғаларды қараймын. Халық фольклорына сүйенемін. Жазба бетінде қандай шығармалар бар, соның барлығын қолым жеткен жерге дейін зерттеймін, оқимын, бірімен бірін салыстырамын. Осылай дайындаймын. Материал дайындалғаннан кейін алдымен ойға салып, бір жыл өте ме, көп жыл өте ме, миыма өзім жазамын. Не туралы болу керек, асыл арманың не еді осы кітапты жазғанда, нені көтергің, нені ашып айтқың келеді? Тереңдеп ізденіп, өз ақылымның жеткен жеріне шейін жазамын».

                                                                                                         Ілияс Есенберлин

  Ілияс Есенберлин  - тарихи деректерді терең меңгерген сөз зергері әрі сол заманға сай тарихи сипатты нақты көре білген зерделі қаламгер. Оның шығармаларында суреттеліп отырған заманның ерекшеліктері мен өзіндік келбетін танытатын поэтикалық қуат бар. Есенберлин қаһармандарының мінез ерекшеліктерінен қоршаған ортаның жағдайынан туындап отыратын поэтикалық қиял, ойдан шығарған оқиғалар шынайы сипатқа ие. Жазушылық қабілет пен үлкен зерттеушілік ізденістің нәтижесінде дүниеге келген «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» трилогиялары ғылыми ой мен шығармашылық қиялдың тамаша синтезі деуге болады.

                                 Құныпия Алпысбаев

Ілияс Есенберлин- қазақ халқының сан ғасырғы тарихын көркем тілмен бейнелеп, қазақ елінің әдебиеті  мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан үздік қаламгер. Өз естеліктерінде “Көшпенділерді” жазғандағы себебін: Қазақ халқының өткенінің тарихи анықтығы, оның мемлекет болып құрылуын батылдықпен бейнелеп көрсету. Ең бастысы, бұл роман шаманизм философиясына қарсы қойылған. Көшпенді халықтар тарихтарынан айрылған сияқты. „Көшпенділер“ – әр түрлі бұрмалауларға тура жауап. Қазақтың өз мемлекеті болған және біздің тарих өте көне әлемдік тарихтың бір бөлігі болып табылады“- деп,  жан сырын ашады.

Жарты әлемге аты мәшһүр “Көшпенділер” трилогиясы ел президенті  Н.Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «жалпы таралымы үш миллион данамен елу реттен аса шығарылып, қазірдің өзінде отыз тілге аударылған».

bottom of page