top of page
fullimage1.jpg

  Әбіш Кекілбайұлы (6 желтоқсан 1939 жыл, Оңды ауылы, Маңғыстау облысы - 11 желтоқсан 2015 жыл, Астана қаласы) - Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы (1996-2002), Парламент Сенатының депутаты (2002-2015). Атақты қаламгердің әдебиетке құмарлығы мектеп қабырғасында басталады. 1957 жылы 5 мамыр «Лениншіл Жастың» белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау қағазымен марапатталады. 1957 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады. Мұнда ол сыншылық қабілетімен көзге түседі. «Қазақ әдебиетінен» кейін 1962-65 жылдар аралығында «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Ол Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері (2009) көрнекті мемлекеттік, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі (2009), Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің, Л. Гумилев атындағы Ұлттық Университетінің, Ақтау Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жезқазған Университетінің және ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті профессоры, АҚШ-тың Кентуки штатының құрметті полковнигі, Маңғыстау, Атырау обылысындарының, сондай-ақ республикамыздың бірқатар аудандырының құрметті азаматы. 2015 жылдың 11 желтоқсанында дүниеден өтті. Мүрдесі ұлттық пантеонға жерленді. Әдебиетке құмарлығы мектеп қабырғасында басталады. 1957 жылы 5 мамыр «Лениншіл Жастың» белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау қағазымен марапатталады. Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді. Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» - Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992- 93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. 2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағытбағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының 1986, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының 1995, «Отан» орденімен 1999, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды.

image21.jpeg

    Әбділда Тәжібаев (1909-1998 ж. т.) - ақын, драматург, әдебиет зерттеуші ғалым. Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының халық жазушысы. Әбділда Тәжібаев 1909 жылы Ақмешітте (қазіргі Қызылорда қаласында) дүниеге келген. Әкесі Тәжібай 1915 жылы қайтыс болады да, шешесі Айманкүлдің қолында қалған. Жағдайына байланысты алты жасар Әбділданы қала сыртындағы Қараөзек деген жерде тұратын төркініне алып кетеді. Содан болашақ ақын он үш жасына дейін шешесі Айманкүл мен нағашы атасы Далдабайдың тәрбиесінде өседі. Жас Әбділданың өлеңге, әдебиетке деген құштарлығын оятқан да өз анасы мен нағашы атасы болады. Айманкүл араб, парсы тілдерін жақсы білетін сауатты, көзі ашық, көңілі сара кісі екен, Әбділдаға өзі хат танытып, әдебиет үлгілерін оқытып үйретеді. Ол 1922 жылы Қызылорда қаласында жаңадан ашылған жетім балаларға арналған интернатқа қабылданып, сауаттылығының арқасында бірден интернат жанындағы бастауыш мектептің 3-сыныбынан бастап оқып кетеді. Әбділданың алғашқы өлеңдері осы интернаттың қабырға газетінде жарияланады. Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық мектепте, 1929-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында оқиды, 1953-1956 жылдары Мәскеудегі жоғары әдебиет курсын бітіреді. Еңбек жолын "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінде алдымен пошта тасушы (1926), содан кейін корректор болып істеген (1927-1928) ол небәрі 4-5 жылда "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш") газеті редакторының орынбасары (1932-1934) дәрежесіне дейін көтеріледі. Әбділданың "Жұмысшының гудогі" өлеңі 1926 жылы "Жұмысшы" газетінде басылады. Бұл – оның баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Әрі қарай өлеңдері "Жұмысшы" және "Еңбекші қазақ" газеттерінде шығып тұрады. Жиырма бес жастағы Әбділда 1934 жылы Қазақстан жазушылар одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланады. 30-жылдары ақын көп оқу, тынымсыз іздену үстінде өндіре жазады, шығармаларының көркемдік сапасы жағынан да айтарлықтай биікке көтеріледі. "Жаңа ұрпақ" (1935), "Лирикалар" (1936) деп аталған жинақтары бірінен соң бірі жарық көреді. Белгілі "Оркестр", "Абыл", "Толағай" сынды романтикалық поэмалары мен М. Әуезовпен бірігіп жазған "Ақ қайың" деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы дарын сырын танығыш көреген М. Әуезов: "Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын" деп (1939) бағалайды. Оның «Жаңа ырғақ», «Аралдар», «Кешеден бүгінге», «Жартас», «Жаңа өрімдер», «Құрдастар», «Толағай» және 5 томдық жыр жинақтары жарық көрген. «Майра», «Жартас», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Той боларда», «Дубай Шубаевич» т. б. пьесалары қойылған. «Өмір және поэзия», «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы», «Жылдар, ойлар» т. б. зерттеу еңбектерін жазған. Ә. Тәжібаев абайтану мәселесіне де белсене араласып, ақын өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктері мен шеберлігі тақырыбын сөз ететін мақалалар жазды. Оның «Абай және қазақ әдебиеті» («Социалистік Қазақстан», 1945, 19 тамыз), «Абай және қазақ совет поэзиясы» («Екпінді», 1940, 17 қазан) мақалаларында ақынның қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырудағы рөлі және Абай бастаған реалистік шеберліктің бүгінгі қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі жалғасы сөз болады. Ә. Тәжібаевтың өзі Абай шығармаларымен ерте танысып, көп үйренген ақын. Сондықтан да ол Абай өлеңдері тақырыбына қайта-қайта оралып, ақынның әр сезіне үңіле қарау қажеттігін талмай көтеріп келеді. Абай аруағына арнап «Абай мен Мұхтарға қойдық белгі», «Сағындырған Сарыарқа», «Жолдас Абай» өлеңдерін жазды. Ә. Тәжібаевқа жыр жинағы үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік Сыйлығы берілген. Ә. Тәжібаев атақты драматург те. Драмалық шығармалар жазуды 30-жылдардың соңына ала бастап, әдебиеттің бұл күрделі жанрында айтулы туындылар берді. Әдебиеттану саласында да жемісті еңбек етіп, Ә.Тәжібаев талантты ғалым екенін танытты. Оның, әсіресе, поэзия мен драматургия саласындағы зерттеулері терең ғылымилығымен, талдауларының нәзіктігімен тәнті етеді. Ә. Тәжібаев 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбыл бөлімін басқарады. "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болады. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болын сайланады. Филология ғылымының докторы Ә.Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнайды. Ә. Тәжібаевтің сценарийі бойынша (Н. Погодинмен бірге) «Жамбыл» кинофильмі түсірілген. А. Пушкин, Т. Шевченко, А. Островский, Г. Гейне, тағы басқа қаламгерлердің бірқатар шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Ә. Тәжібаевтің көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған. «Октябрь Революциясы», 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту, Ленин, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Қызылорда қаласында көрнекті жазушылар Ә.Тәжібаев, З.Шүкіров, Қ.Мұхамеджановтарға ескерткіш орнатылған. Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы халық жазушысы, көрнекті ақын Әбділдә Тәжібаев есімімен аталады. Ақын Ахмет Байтұрсынұлы бастаған арыстарымыздың ақталғанын көріп, 1998 жылы 90-ға қараған шағында дүние салды.

bottom of page