top of page

Қаламгер шығармашылық жолын өлеңмен бастап, дегенмен проза жанрына тез

ауысып кетті. Софы Қалыбекұлының проза жанрына ауысуына қазақтың классик жазушысы Тəкен Əлімкұловтың ықпалы болды. Софы Қалыбекұлының 1970 жылы «Армысың, ана!» деп аталатын екінші кітабы «Жазушы» баспасынан басылып шықты. Аталмыш еңбекке «Қызыл дəптер» повесі жəне «Армысың, ана!», «Сол бір түн», «Қаймақ» деген əңгімелері енгізілген. 1974 жылы қаламгердің «Алау» атты үшінші повестер жинағы жарыққа шықты. Кітаптың тілі құнарлы, жеңіл оқылады. 200 беттік осы жинаққа автордың əр жылдары жазылған үш повесі кірді. «Бəсер, Айкүміс жəне басқалар», «Алау» повестерінде қазақ жұмысшыларының туу қалыптасу, өсу кезеңдері суреттелсе, «Бір күй бар» повесінде атақты халық композиторы Біржан сал өмірінің ең соңғы аянышты сəті бейнеленген. Жазушы алғашқы «Қызыл дəптер», «Алау», «Бір күй бар» повестерімен-ақ қаламгерлік қарымын танытып, оқырмандарын лирикалық кейіпкерлердің бейнесін ұтымды жасай білуімен баурап алды. Одан кейін «Елім-ай» романын жазбақшы болып мойнына ауыр да жауапты міндет алды. Қазақ халқының азаттық жолындағы тақырыпты көтеру, ол жөнінде көркем шығарма жазу бүгінгі таңда жаңалық болмай отырса, 1960–1970 жылдары оның бұл қадамы ерлікпен пара-пар болатын. Ол ерлігі «Елім-ай» романының алғашкы кітабының жазылуы. Отызға да жетпеген жас қаламгердің перзенттік парызды жүрегімен қабылдап, мойнына ауыр жүк көтеріп ғасырлар қойнауында қалған, қағаз бетіне түспеген шашыранды тарихымызды тірілтуді мақсат тұтқаны кандай бағалауға да сияды. І. Есенберлиннен кейін

Софы Сматаев тарихи тақырыпқа батыл барып, оқырманды бір сілкінтіп тастады (Ə. Нұршайықов, 1991, 4 б.). Софы Сматаев Мəскеулік атақты «Орақ пен балға» зауытында жұмыс істеп жүргенде өзінің алғашқы «Алау» повесінің болашақ кейіпкерлері бейнелерін көз алдына елестетіп, тезірек оқырмандарына жеткізуге асыққан. Софы проза жанрына ауысып, «Алау», «Бəсер, Айкүміс жəне басқалар», «Аймаңдай», «Дүние өтерінде шыр айналды» повестерімен-ақ қаламгерлік қарымын танытып, оқырмандарымен кейіпкерлері арқылы қоян-қолтық араласты.

«Алаудағы» жас маман, металлург Сапар от пен шоқтың арасында шойын құюдың да,

адамтанудың да мектебінен өтсе, «Бəсер, Айкүміс жəне басқалар» қырқыншы жылдар бас кезіндегі қазақ ауылының өндіріске енуі, өнеркəсіпке бет бұруы, жұмысшы табының жасампаз тірлігіне араласу, тағдырлас үш достың – Бəсер, Қарағұл, Əйкештің бір-біріне деген қалтқысыз көңілі, сыйластығы, ақ-адал қарым-қатынасы табиғи көрінісін тауып, есте қалады. Ал «Дүние өтерінде шыр айналды» повесінде атақты Біржан сал ғұмырының қасіретке толы соңғы үш жылы тілге тиек етіледі. Асқақ əуенімен Сарыарқаны дүбірлеткен, адуын əнімен үш жүзді елеңдеткен сал серілік төресі Біржанның аяқ-қолы бұғауланып, кісен салынып, өзі жолым үйдің керегесіне таңылып тасталғанын баяндайды. Жазушы осы еңбегінде сол кездегі өнерімен өрге жүзген əнші-күйшілерге жасалған қатігез заман қысымын бейнелейді.

С. Сматаевтың шығармашылық табысы қомақты. «Мəңгілік бастауы», «Ақжелең»,

«Бұлақ» романдарында, «Дүние өтерінде шыр айналды», «Аймаңдай», «Алау» повестерінде ол кейіпкерлерінің жан дүниесіне барынша бойлай еніп, толыққанды һəм нанымды тұлғалар жасаған. Сматаев алғашқы кейіпкерлерін өмір сахнасына аттандыра салысымен ауыр да жауапты, абыройлы міндетке ұмтылған. Тек шынайы жазушының маңдайына өткен күндердің де, өз заманының да сырын саралап, жырын жырлап, уақыт айнасына айналу жазған. Əдетте нағыз ер жүгін көтерер қайсар қаламгерлер ғана халқының тілегін арулап көзге түсіп, елінің үні боп сөйлей алады.

Осындай тілектестік, үміт жетегі Софы Сматаевтың қазақ тарихына үңілтіп, өткеніне

көз жібертіп, жазушылық қаламға перзентік парыз артқан. Тəуекел деп бел буып, білек сыбанып кірісіп кеткен негізгі кітабы – «Елім-ай» романының бірінші кітабы 1968–1969 жылдары жазылған. 1970 жылдардың бас кезінде романды «Жұлдыз» журналына ұсынды. 

Шығармалары:

- Астана оттары. Өлеңдер мен балладалар. А., «Жазушы», 1968;

- Армысың, ана! Әңгімелер, повесть. А., «Жазушы», 1970;

- Алау. Повесть. А., «Жазушы», 1974;

- Елім-ай. Роман. 1-ші кітап. А., «Жазушы», 1976;

- Ақжелең. Роман. А., «Жалын», 1979;

- Елім-ай. 2-ші кітап. Роман. А., «Жазушы» 1980;

- Қобыланды батыр. Повесть. А., «Жалын», 1981;

- Алғашқы асу. Повестер. А., «Жалын», 1982;

- Бұлақ. Роман. А., «Жазушы», 1983;

- Песнь моя – боль мая. Роман. Кн.1. М., «Советский писатель», 1983;

- Ой маржандары. Мақалдар. А., «Жалын», 1984;

- Ғарышқа көз тіккен жер. Әңгімелер. А., «Жалын», 1985;

- Песнь моя – боль моя. Роман. Кн.2. М., «Советский писатель», 1987;

- Мәңгілік бастауы. Роман. А., «Жалын», 1987;

- Үш пайғамбар. Мақалалар. А., «Дәуір», 1992;

- Мой друг, мой брат. Рассказы. А., «Жазушы», 1988;

- Әзіл-әзәзіл. Пьесалар. А., «Өнер», 1988;

- Елім-ай. Роман-трилогия. «Санат», 1998;

- Жарылқап батыр. Роман. «Айқос», 2000;

- «Қайран жастық», Повестер. Астана. «Елорда», 2001;

- Елім-ай. 3-ші кітап. А., «Қазығұрт», 2003;

- Елім-ай. Роман-трилогия. «Атамұра», 1-ші кітап; 2–3-кітаптар. «Фолиант», 2003;

- «Біз— құлмыз ба, кімбіз?». Роман. «Елорда», 2005;

- «Базарың құтты болсын». Киноповестер. «Құс жолы», 2007;

- «Әулет сыры» . Дастан. «Құс жолы», 2007;

- «Ұядан қияға ұшқандар». Дастан. «Құс жолы», 2008;

- «Аналар-ай – Даналар-ай». Дастан. «Құс жолы», 2008;

- Он жеті томдық шығармалар жинағы. «Ел-шежіре», 2008.

 

bottom of page