top of page

      Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастап кешу арқылы қол жеткен өз мемлекттілігін құруға деген заңды құқығү бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», — деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр.       

      Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Тәуелсіздік күні мерекесі әр жылдың 16 желтоқсанында аталып өтеді. Бұл күн ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі елеулі мереке болғандықтан 16-17-желтоқсан күндері күнтізбеде демалыс болып табылады. Жыл сайын республика азаматтарының арасында мәдениет қайраткерлері, әлеуметтік саладағы ерекше қызметімен көзге түскен мамандар, әскери шенділер мен офицерлер, құқық қорғау саласының қызметкерлері және ел өміріндегі белсенді өзге де сала өкілдері елеулі еңбек еткендері үшін мемлекеттік марапаттармен (наградалар) марапатталады. 16-желтоқсан күні Қазақстанның барлық жерлерінде мерекелік мәдени ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады. Кешке қарай үлкен орталықтардың аспаны отшашумен көмкеріледі. Тәуелсіздік тек Қазақстан тұрғындары үшін емес, сонымен бірге, шетелдердегі қазақ халқының өкілдері үшін де маңызы зор мереке.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тарихы

 

       1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16-желтоқсандаҚазақстанның Жоғарғы Кеңесі “Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы” заңды қабылдады. Ескеретіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25-қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті.

       Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлыҚытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан МоңғолияФранцияЖапонияОңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады. Иран — Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекет. Ал “Тәуелсіздігімізді ең алғаш болып бауырлас Түркия мемлекеті мойындады” деген сөздің ақиқат еместігін білгеніміз жөн. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілін ашты, бірақ тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды. Бұл деректі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі болған Вячеслав Ғиззатов келтірген. ҚР Сыртқы Істер министрлігінде тіркелген дипломатиялық құжаттарда Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін ресми түрде мойындайтын протоколға 1992 жылдың 2-наурызы күні қол қойғандығы көрсетілген. Алғашқы күндері әлемнің салмақты елдері мойындап, кейіннен басқа да елдер мойындап жатты. Осылайша әлемдік саясат аренасында ҚАЗАҚСТАН деген мемлекет тәй-тәй басты. Небары бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды.

Тұңғыш Президент. Тәуелсіз Қазақстан! (қысқаша ролик)

     1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заң қабылдады. Қабылданған тарихи құжаттың 1-ші бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет, ол өз өкімет билігін толық иеленеді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп жүргізеді деп айтылғандай, осы күннен бастап Республика тарихында жаңа кезең басталды. Бірақ біреулер ойлағандай ел тәуелсіздігі құжатқа қол қою рәсімі арқылы қол жеткендей оңай келген жоқ. Сонау «Ақтабан шұбырынды» жылдардан басталған, ел басына қауіп төнген ауыр кезеңнен бастап, орыс отаршылдығына қарсы жүргізілген ұлт-азаттық көтерілістер, ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының тәуелсіздікке деген алғашқы ұмтылысы, тоталитарлық жүйенің нығаю тұсындағы наразылықтар мен көтерілістер, қазақ жастарының Желтоқсан оқиғасы кезіндегі саяси серпілісі және 90-жылдардың басындағы қызыл империяның тұяқ серпер алдындағы жанталасына қарсы ұлт республикаларының саяси күресі, осылардың бәрі ғасырларға созылған отаршылдықтан тәуелсіздікке жеткен баспалдақтар еді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

       Қазір мәлім болғандай, КСРО мемлекетінің ұзаққа бармайтындығы туралы батыс саясаткерлерінің 80-жылдардың бас кезіндегі болжамдары расқа шықты. Өйткені, 80-жылдардың басына таман КСРО-дағы барлық республикаларда сас ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайлар қалыптасты. 1985 жылы қоғамның жаңа басшылығының елді дағдарыстан алып шығу жөніндегі қайта құру деп аталған бағыты да еллдегі жағдайды тұрақтандыра алмады. Аталған қайта құру бағыты терең терең ойластырылған ғылыми концепциясыз, айқын да, анық бағдарламасыз жүргізілді.

      Дегенмен, кеңес саяси жүйесіндегі реформалар ұлт республикаларында әртүрлі бұқаралық ұйымдардың құрылуына жол ашты. 1989 жылдың көктемінде «Невада–Семей» қозғалысы дүниеге келсе, 1990-1991 жылдары «Азат» азаматтық қозғалысы, «Желтоқсан» партиясы, Қазақстан социал-демократиялық партиялары құрылды. Бұл партиялар мен қозғалыстар да Қазақстанның егемендігі үшін күресті. Сөйтіп, Қазақстан 1991 жылы өз тәуелсіздігіне қол жеткізді.

      1989 жылы мамыр-маусым айларында өткен КСРО халық депутаттарының І съезінде саясаттағы, экономикадағы және қоғамдық өмірдің әлеуметтік-рухани салаларындағы жағдайларға өткір, сыни және табанды талдау жасалды. Кеңес қоғамына төнген дағдарыстың себептерін іздеу әрекеті жасалынды. Съезде барлық дәрежедегі партиялар және мемлекеттік органдар қызметтерінің арасын ажырату мәселесіне арнайы тоқталынды.

Қоғамдық-саяси өмірдің аса маңызды мәселелері төңірегіндегі тартыс бір-біріне қарама-қарсы ұстанымдағы депутат топтарының құрылуына алып келді. Халық депутаттарының І съезінің жұмысын бастасымен-ақ аймақаралық депутаттық топтар құрылды. Депутаттарды саяси және кәсіптік мүдделері бойынша біріктірген басқа топтардың бар екендігі сезілді.

Халық депутаттарының І съезінің қабылдаған шешімдердің көпшілігі жүзеге асқан жоқ. Соған қарамастан ол партия комитеттерінің билігін едәуір әлсіретті. Е. Лигачев, П. Соломенцев тәрізді КОКП және мемлекет басшыларының, тіпті, КОКП ОК Бас хатшысы М. С. Горбачевтің де қызметтері үздіксіз сынала бастады. Кеңестер, кәсіподақтар, комсомол бірте-бірте КОКП өктемділігінен арыла бастады. Демократиялық сайлау кезінде партия комитеттерінің лидерлері ірі жеңілістерге ұшырады. Бірақ сонымен қатар қоғамда, саяси қарсыластар арасында ымырасыздық, егесулер, атақ танулар күшейді. Демократиялық сенімдегі адамдар көбіне «күйе жаққыштығы», «сатылғыштығы», «екі жүзділігі» үшін айыпталды. Кертартпа күштер қарсылығының бір айқын белгісі Ленинград қаласының ғылыми қызметкері Н. Аидрееваның «Советская Россия » газетінде жарияланған «Принциптерімнен танғым келмейді» атты мақаласы болды.

Демократиялық қоғамға өтудің басталуы одақтас республикалар мен олардың мемлекеттік құқылық формациялары арасындағы қатынастардың қалыптасқан практикасын қайта қарауға әкелді.

Жаңа одақтық келісім-шарттың жасалу мүмкіндігі жайлы мәселені 1988 жылдың өзінде-ақ ең алдымен Балтық жағалауы республикалары ұлттық-демократиялық қозғалыстарының өкілдері көтере бастады. КСРО Халық депутаттарының І съезінде кейбір депутаттар тарапынан бұл мәселе көтерілді. Съезде унитарлық мемлекетке тән хал-ахуалдың түрін өзгертіп, қалыптасқан құрылымды жаңа мазмұнмен байытуға, орталық пен республикалар арсындағы құқықтар мен міндеттерді қайта бөлуге деген ұмтылыс басым болды.

Балтық жағалауы республикаларының, онан кейін Украина, Қырғызстан және Ресейдің парламенттері өз дербестігін қорғай отырып, Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылдады. Қазақстан өзінің Мемлекетік егемендігі туралы Декларациясын 1990 жылы 25 қазанда жариялады. Егемендік туралы Декларацияны қабылдай отырып, одақтас республикалардың көпшілігі республикалық заң шығарудың басым тұстарын көрсететін арнайы бөлімдер енгізді. Республикалардың өз дербестігін кеңейту туралы әрбір талаптарынан орталық ведомствалар сепаратизм мен жікшілдік енгізді.

КОКП ОК Саяси бюро мүшелері (Крючков, Янаев, Язов) басқарған мемлекеттік төңкерістің сәтсіз аяқталуы және ТЖМК-ны кокп хатшылығының қолдауы Кеңес Одағы Компартиясын аса қиын жағдайда қалдырды. Кейінірек Қазақстан Компартиясы мәлімдемесінде «бұл әрекеттер партияға қатардағы коммунистердің күш-жігеріне орын толмас нұқсан келтірді», деп атап өтті. 1991 жылы тамызда Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев КОКП ОК Саяси бюросы мүшелігінен шығатыны жөнінде мәлімдеді. Кейіннен Қазақстан Компартиясы өзі де КОКП құрамынан шығып кетті.

Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1991 жылғы қыркүйек пленумында төтенше съезд өткізу жөнінде ұйымдастыру комитеті құрылды. Осыған байланысты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қызметін тоқтатқаны жөнінде мәлімдеді.

1991 жылы 7 қыркүйек күні сағат 10-да Алматыда Қазақстан Компартиясының кезектен тыс және төтенше съезі ашылды. Ұзаққа созылған айтыстардың нәтижесінде съезде Қазақстан Компартиясын тарату және жаңа партия құру туралы шешім қабылданды. Жаңа құрылған партия социалистік болып аталатын болды. Бұндай шешімді бұрын КСРО құрамына кірген барлық республикалардың Компартиялары да қабылдады. Осылайша В. И. Ленин мен оның серіктері құрған партия өмір сүруін тоқтатты. Бұл партия көп жылдар бойы елде социалистік қоғам орнатудың ғылыми негізделмеген экспериментін жүргізудің басты тұтқасы еді.

Бірнеше айдан соң негізінен егде жастағы адамдардың бір тобы жаңа ұйым – Коммунистік партияны құрды. Қазақстан Компартиясының ізбасары – Социалистік партия қатарында лайықты басшы болмай, ақыры таратылды.

КОКП мүшелерінің бір бөлігі 1991 жылы 5 қазанда құрылған Қазақстанның Халық Конгресі партиясының құрамына кірді. Бұл партияның негізгі міндеті, оның бағдарламалық құжаттарында айтылғандай: парламенттік тәсілді пайдалана отырып, республиканың бұдан былайғы әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету болды. Партияның тең төрағалары болып көрнекті қоғам қайраткерлері, жазушылар О. Сүлейменов пен М. Шаханов сайланды.

Елде жүріп жатқан саяси процестер мен түрлі жағдайлар қалың бұқараның басын құрайтын жастар ұйымын айналып өтуі мүмкін емес еді. 1987 жылдан 1990 жылға дейін комсомол қатарының азаюы үздіксіз жүріп отырды. Ұйымның жастар арасында беделі түсті. Комсомолдың күйреуінің себебі мұнымен ғана байланысты болған жоқ, еліміздегі саяси жүйенің дағдарысында еді.

Комсомол ұзақ жылдар бойы әміршіл-әкімшіл жүйенің сапында болып, оның қолбаласына айналғаны соншалық, тұтас жүйенің күйреуі бұл ұйымның өз-өзінен тарауына алып келді. Қазақстан ЛКЖО-ның 1990 жылы наурызда өткен съезінде ұйымның маңызды құжаттары (жарғы, бағдарламалық бағыт) қабылданғанымен, бәрібір қалыптасқан тығырықтан шығудың жолын көрсете алмады.

1991 жылы қазанда Қазақстан ЛКЖО XVIII кезектен тыс съезінде Қазақстан Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы атауын Қазақстан жастар одағы деп өзгертуге шешім қабылданды. Бәрібір, жастар одағының қатары күн санап сирей берді. Көптеген бастауыш ұйымдар өздерін тарату жөнінде шешім қабылдады. Осылайша, партиядан соң комсомол, оның ізінше пионерлер ұйымы да өмір сүруін тоқтатты.

Кәсіподақтар да жекелеген тәуелсіз ұйымдарға ыдырай бастады. Олар партия бұғауынан толық босанған еді, бірақ ұйымның шамадан тыс төрешілденуі оның қалың көпшіліктен қолдау табуына кері әсерін тигізді.

Жоғарыда айтылып кеткендей Қазақстан ыдыраудың соңына дейін Кеңес Одағын сақтап қалу үшін күресті. Бірақ республиканың бұл ниетіне Одақта болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өзгерістер қарсы тұрды. Сондықтан Қазақстан да өзінің тәуелсіздігін жариялау шараларына кірісті. Атап айтқанда, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылы 25 қазанда республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Сөйтіп, бар әлемге Қазақстанның егемендігін жариялады. Тәуелсіздік алу Қазақстанда жалпы демократиялық процестердің барысын шапшаңдатты, мұның өзі елдегі болып жатқан оқиғалармен тығыз байланысты еді. Осы кезден бастап Қазақстан басқа республикалармен бірге іс жүзінде орталыққа қарсы оппозицияға айналды. Қазақстанның бастамасы бойынша Белоруссиямен, Украинамен, Ресеймен және басқа республикалармен бір-бірінің егемендігін, қалыптасқан шекараларды, орнатылып жатқан өзара пайдалы экономикалық байланыстарды мойындау туралы екі жақты келісімдер жасалды.

  • Facebook Social Icon
  • Twitter Social Icon
  • Google+ Social Icon
  • YouTube Social  Icon
  • Pinterest Social Icon
  • Instagram Social Icon
bottom of page