top of page

 

Тәуелсіздік

Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!


Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
...Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған, 
Саған
Оған да!


Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?


Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!

 

                                                              Қалқаман Сарин

Тәуелсіздік, тәтті үмітім едің сен...

Бостандығым! Тосқан күнім азалдан,

Жиырма жыл – аспан кірсіз, ажарлы ән.

Сен келгенде серпілгенмін қайғыдан,

Сен келгенде сары мұңнан тазарғам.

 

Ессіздерде есем кетті қаншама,

Кездерде өтті шындық іздеп шаршаған.

Тәуелсіздік тәтті үмітім едің ғой,

Талай таңдар таңдайымда тамсаған.

 

Беу, Азаттық! Болсаң бізге баянды,

Аранына кетпей тұрып аярдың.

Бодан болып көз ілгенмін кеше мен,

Бүгін таңда бостан болып ояндым.

 

Базарында мұң мен шаттық бір жүрген,

Дүрмек күннің алдамшысын кім білген?..

Желтоқсанда мұз шайнаған көкемнен,

Тамған қанға өсіп шыққан гүлмін мен.

 

Жебесімін көбе бұзар түркінің,

Егесімін күллі түркі жұртының.

Назарына түспесе де дұшпанның,

Жанарыма тұнған шықты іркідім.

 

Буырқанса, күнді тұтып, ай жапқан,

Намысының найзағайын ойнатқан.

Ұлы көштің үзілмеген арқауы,

Қарға бойлы Қазтуғаннан – Қайратқа.

 

Дастаным бар балбал тасқа қашаған,

Аспаным бар ала бұлттан босаған. 

Асылына ие болған Алаштың,

Айналайын менің алтын босағам.

 

                                                                   Әлия Дәулетбаева

 

 

Тәуелсіздік аларда

Кие бітер хан болсам тақта маған,

Бара-бара жан қалмас жақтамаған

Күнәм қалса тарихты кері аударып,

Салт бойынша өзімді ақтап алам.

Бастан шіріп балық та тас болады,

Шірікті жеп қоғам да мас болады.

Ұйым, жиын патшаның тонын киіп,

Шаштараздың алғаны бас болады.

 

Қан жалғасса билікте, ми кетеді,

Зәрі ішсең мезгілдің билетеді –

Арың, барың, тіл, ділің қош айтысып,

Ғаламдасу рухыңды күйретеді.

 

Тәуелсіздік!

Ұқпасам нарқыңды анық –

Қабылдармын қашсам да "артын бағып",

Бергеніңнің қадірін кеш ұқтырмай,

Тек меңгерер ми берсін Алтын балық!

Аманғазы Кәріпжан

Көк тудың желбірегені

Көк тудың желбірегені

Қазақтың асқақ беделі.

Махаббат, қайрат екеулеп,

шымырлатқаны денені.

Көк тудың желбірегені –

жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен ту

жан емес

маған керегі –

Көк тудың желбірегені.

 

Көк тудың желбірегені –

елдіктің асқақ өлеңі,

әр жаққа тартпай, Қазағым,

бір сөзге жинал дегені.

 

Көк тудың желбірегені –

бақыттың елжірегені,

қиырда қалған Қазақтың

Азат Отанға жете алмай

көзінің мөлдірегені.

 

                                                                Алмас Ахметбекұлы

Ендіктерді аралап еркін дүбір,

Алаулатты керемет көркіңді нұр.

Алақайлап аспанға атып тұрып,

Берекелі бастағы бөркіңді бір...

Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!

Қазақ елі азат, Қазақ жері азат,

Қазақ ері азат, Бұдан нұрлы шақ бар ма?

Бұдан асар бақ бар ма? Қуан, қазақ!

Күн туды қуанатын!

Әдіптеді арманды әуелгі үміт,

Кекете алмас қазақты жау ел күліп...

Тәуелсіздік туындай биік еңсең,

Кетті бүгін келмеске тәуелділік...

Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!

Қазақ елі азат, Қазақ жері азат,

Қазақ ері азат, Бұдан нұрлы шақ бар ма?

Бұдан асар бақ бар ма?!

Қуан, қазақ!

Күн туды қуанатын!

Төрт түліктен майысып арқа, белдер,

Тойлап жатыр ой, қырда дарқан ерлер...

Танып жатыр, мойындап

Қазақ Елін Танығысы келмейтін тарпаң елдер...

Қуан, қазақ!

Күн туды қуанатын!

Қазақ елі азат,

Қазақ жері азат,

Қазақ ері азат,

Бұдан нұрлы шақ бар ма?!

Бұдан асар бақ бар ма?!

Қуан, қазақ!

Күн туды қуанатын!

 

                                                     Автор: Базарбай Исаев
 

 

 

bottom of page