top of page

     1998 жылы Қазақ тарихында ұлы өзгеріс болды. Ол астананың Сарыарқаның төріне орын тебуі еді. Сарыарқа қазақтары Есіл өзенінің қазіргі Астана қаласы орналасқан, көшкен ел аттылы жаяу өте беретін тайыздау тұсын ежелден «Қараөткел» деп атаған. Ақмола атауы ХІІІ-ХІV ғасырларда тұрғызылған ақ күмбезді бейітке байланысты туған. Қаланың қазіргі атауы қазақ тіліне парсы тілінен ауысқан. Қазақша елдің «бас қаласы» деген мағынаны білдіреді. Ол «киелі орын», «босаға» деген мағыналарға ие.

    Астана қаласы «қазақ» деген атымызбен дербес ел-жұрт болған.  1456 жылдан бергі уақыттың өзінде: Ордабазар, Тараз, Арқұқ, Барысқан, Сығанақ, Ақсүмбе, Хандақор, Тарса, Түркістан, Орынбор, Қызылорда, Алматы одан кейінгі он үшінші елордамыз Астана  екен. Сайын даланың төсінде көлісіп жатқан Ақмола даласының, қазіргі Қазақстанның астанасының тарихының көнеден келе жатқан өркениет пен мәдениеттің, ірі саяси толқулардың тарихы деп еркін айтуға болады. Тарихи құжаттарға сүйенсек, Астананың тарихы б.д.д. ІІІ мыңжылдықтан бастау алады. Дәл сол кезеңде Ұлы даланың өркениетін қалыптастыруға үлес қосқан ғұндар (ата бабаларымыз) осы қаланың іргетасын қалаған. Бұл туралы  сонау ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген шетел саяхатшыларының еңбектерінде айтылады. Бұндай көзқарасты сенімді түрде бекіткен тарихи ескерткіш, көне жәдігер – қаладан 15 шақырым жердегі Тайтөбе жотасындағы  ескі қорған. Міне, Сарыарқаның дәл жүрегіне Есіл мен Нұра өзеннің аралығына ғұндардың көсемдері қорғанын тұрғызады. Бұл қамал ғасырлар бойы шегі мен шетіне  көз жетпейтін ұлы даланың қарауылшысына айналады. Қаланың алғашқы аты – Ақмола атауы ғұндардың тілінен аударған кезде «ақ» - батыс, «мола» - қамал деген мағынаны береді екен. Яғни, Ақмола – «Батыстағы қамал» деген сөз. Есімі әлемге әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан өзінің «Көне жырлар мен аңыздар» атты кітабында былай деп жазған екен: «Есіл мен Нұра өзендерінің аралығындағы жазық дала түрлі ағын көлдерімен ноғайлы-қазақтарының белсенді көшіп-қонып жүретін аймағы. Сонау ғұн патшалығы негізін салып беріп кеткен қамалдар мен қорғандар көптеген ғасырлар бойы Дешті Қыпшақ даласының киелі мұрасы болады». Ақмоланың жанында орын тепкен көне Бытығай қаласы да соған дәлел. Ең алғаш бұл қала 1694 жылы Ресейлік картаға түсіріледі. Оны Тәуке ханның ордасына келген ресейлік елшілер Ф.Скибин мен  М.Трощин түсіреді. Бұл  жиырма беттен тұратын еңбек «Қазақ Ордасы» деп аталады. Біз үшін баға жетпес осы құнды деректе Бытығай қаласына Тәуке хан ордасының қоныс тепкендігі, оның ірі сауда мен мәдениеттің  ошағы болғандығы туралы жазылған. Жүз жылдан астам уақыт өткенде бұл көне қала туралы тау-кен инженері И.П.Шангин өзінің жазбаларында баяндайды. 1816-1820 жылдар аралығында «Вестник Европы», «Сибирский Вестник», «Горный журнал» басылымдарына жарияланған бұл еңбектерінде Бытығай қаласының маңызы, Тәуке ханның өлімінен кейінгі оның құлдырауы суреттеледі.

     Астана туралы аңыз бен хикаялар жетерлік. Астананың дамуына, өсуіне байланысты шаһарды кешенді түрде зерттеу, сондай-ақ оның ежелгі бастауларын зерделеу мәселесі туындады. Адамзат тарихының ежелгі қалаларының, соның ішінде астаналардың өзінің хикаялары мен әпсаналары баршылық. Мемлекеттің пайда болуы, халықтың шығу тегі, көне қалалар жөнінде әртүрлі аңыздар мен хикаялар қатар жүреді. Астана, яғни Ақмола да бұдан шет қалған жоқ. Мұрағат құжаттары, қазақ шежірелері, зерттеушілер Левшин, Андреев, Қатанаев, Шангин, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шоқан Уәлиханов, Құрбанғали Халиди, Әлкей Марғұланның еңбектері, жергілікті ақ-сақалдардың әңгімелері, Ақмола облысы бойынша этнографиялық және фоль -клорлық экспедициялар Астананың ежелгі бастаулары туралы деректерді жинаудың негізгі көзі болды. Қазіргі сәтте іздестірулердің нәтижесінде 100-ге жақын хикаялар мен аңыздар жиналды.    

    Ақмола – қазіргі Астана қала­сының ежелгі заманнан келе жат­қан байырғы атауы. Бұл – ақ мола, қасиетті мола дегенді біл­ді­реді. Ақмола атанған мекен Астана қаласынан 20 шақы­рым­дай жерде, Нұра өзенінің жаға­сында, Тайтөбе ауылының жанын­да. Осы ақ молаға орай нешеме аңыздар мен әпсаналар туын­даған.

Қазақ үшін мола, қорым, бейіт, зират, кесене қасиетті киелі орын, мұнда ата-бабалардың аруақтары, рухтары мекендейді. Ата-баба жатқан жерге халық қолын жайып дұға жа­сай­ды, сиынады, тілеуін тілейді және құрсақ көтер­меген келіншектер келешек күндерінен үміттеніп бала тілейді. Ал еуро-американдық мифология бұған кереғар.  Мола олар үшін жанды жараты­лыс­қа, тірілерге қарсы қаскөй қара күштердің ұясы деп таниды. Шығыстың дүниетанымы бойынша, зират тағзым жасайтын қасиетті, киелі орын. Мұндай жерлер Тәңірдің панасында, қарауында.  Ата-бабалар жатқан киелі топырақтың қасынан қалалар мен бекіністер салынған. Дала кезген көшпелі халық пен саудамен шұғылданған керуеншілер аруақ­қа сиынып ескі қорымдардың жанында түнеген, ант беріп жоғарыдан медет тілеген.

      Талай дүбірлі заман өтті. Қазақ елі арманына, тәуелсіздігіне қол жеткізді. Сарыарқаның мөлдір таза ауасы мен көгілдір аспаны, дәмді ақ наны түпкі иесіне бұйырды. Ақмоланың құдіретті рухы Ұлы Дала мұрагерлерінің жүрегі мен ой-қиялын тербеп асқақтата берері хақ.

     Ата Түріктің ортаншы ұлы Бозоқ Ұлы Даланың орталық бөлігі саналатын Сарыарқаға ордасын тікті. Осы өңірден қыпшақ-мадиярлар ұбақ-шұбақ көшімен Еуропаға ұмтылған еді. 

1816 жылы Бозоқ қаласының қиратындыларын, жұрнақтарын И.П. Шангин көрді. 1927 жылы көне қалашықта Ақмола тарихи-өлкетану музейінің директоры Л.Ф.Семенов қазба жұмыстарын жүргізді. Музей коллекциясы Тәңірдің мүсіні, құс және ат бейнелері түсірілген алтын және мыспен көмкерілген әшекейлі заттармен, тас балталармен, темір дулығалармен, сауыт, кіреукелермен толықты. (Со­ғыс­тан соң, яғни 1946 жылы музейдің жиі тұрақ-мекен ауыстыруына орай Бозоқ қалашығының коллекциясы із-түзсіз жоғалған).

     Археологтардың мәліметі бойын­ша, қыпшақтардың ежелгі байтағы – Астананың батыс жағынан 5 ша­қырым жерде, Бозоқ көлінің шығыс жағалауында. Академик Кемел Ақышевтің үш жыл бойғы үздіксіз археоло -гиялық қазбаларының жемісті нәтижелерінің түйінді тұжырым­дамалары бойынша Бозоқ қалашығы Қазақстанның бас қаласы – Аста­наның түпқазығы деуге лайық.

      Тұрмыстық заттар мен қару-жарақтар түрлеріне орай және араб­тың күміс теңгелері мен қытайдың мыс айналарының табылуына бай­ла­нысты археологтар Бозоқ қаласы X-XІ ғасырларда тұрғызылған және Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпа­ларынан шыққан әміршінің тұрағы, ордасы болған дейді. Бозоқ қалашығында үш кесене мен биік қарауыл мұнара орналасқан. Қалашық гүлкүлте түріндегі үш кварталға бөлінген, сыртынан бөрене ағаш пен қорғанмен қоршалған.  Қарауыл мұнарасы мен құлпытастың құрылыс ғимараты шаршы форма­сын­дағы және оған қашап өрнек салынған, күйдірілген сары балшық­тан жасалған бұйымдармен істелген. Бозоқ қаласындағы сауда мен қолөнердің қарыштап дамуы оңтүстік пен солтүстікті байла­ныс­тыратын керуен жолдарының бойына орналасқаны: Есіл – Нұра – Қорғалжын – Сарысу – Сырдария – Иран; шығыстан батысқа: Қытай – Моңғолия – Алтай – Дешті Қыпшақ – Хорезм – Бұлғария –Ресей – Византия.

Бозоқ қаласы – рухани және дәстүрлі мәдениеттің орталығы, аруаққа тағзым жасаушылардың құтты мекені болған.

    Есіл – үш жүздің қара шаңырағы деген әпсанаға сенсек, 1790 жылы орыс ғалымы, әс­ке­ри инженер Иван Григорьевич Андреев (1744-1824) қазақ хал­қының шығу тек-төркіні жөнінде “Ресей өлкесіндегі Колыван және Тобыл губернияларының шека­ра­сына іргелес Орта жүздегі қыр­ғыз-қайсақтардың сипаттамасы” атты тарихи-этнографиялық зерттеуін әзірлеген.

Бұл сирек кездесетін еңбек қазақстандық ғалымдардың ғы­лы­ми айналымына толық түскен жоқ деуге болады. Әсіресе, Иван Григорьевич Андреев қазақ­тар­дың ұлт болып қалыптасуы мен қазақ тайпаларының Үш жүзге таралу тарихында Есіл өзенінің рөлін айрықша қадап айтқан еді.

И.Г. Андреев жазып алған ескі аңызда былай делінген: “Бағзы заманда Түркістан қаласының ханы қала тұрғындарының ара­сында дүрдараздық тудырып қантөгіске апарған. Оның аяғы бет-бетімен ыдырауға ұласқан. Он мың халық Түркістаннан қашып, жан-жаққа тарыдай шашылып, батыста жатқан Құбан, Тана, Түркия жерлеріне бет алды.

   Түркістан шаһарынан шошынып безген халық ұлан даланы кесіп өтіп Есіл өзеніне жетеді. Сөйтіп, құланша жөңкіп жүргенде бір үйір жылқы жоғал­тады. Жылқыларды іздестіруге сайдың тасындай отыз үш жігітті қалдырады. Халық ілгері кетеді, жаңа­ғы жігіттер алдыңғыларды қуып жете алмайды да олар шетсіз-шексіз байтақ далада қалып қояды, қоныс құрады. Сөйтсе бұл мекен – Есіл бойы екен. Негізінде бұлар үш ағайынды кісі екен: Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз. Олар Құбан дала­сынан түрік елінен шығып ізім-қайым жоғалған табынын іздеп жүріп Есіл бойында қоныстанды. Кейін үшеуі көбейіп “Ұлы”, “Орта”, “Кіші” орда атанып тұқымдары жан-жаққа тараған”.

    Қазіргі таңда И.Г. Андреевтің жазып алған аңызы ақиқат шындыққа ұласып, сәтті жалғасын тауып отыр. Өйткені, ағайынды үш жігіттің ұрпақтары үшінші мыңжылдықтың тоғысында Есіл өзенінің жағасында қайтадан, біраз ғасыр өткен соң, салтанатты түрде бас қосып, төл астанасын негіздеп, шаңырағын құрып отыр.

Біздің тарихымызда маңызды оқиғалар аз болмаған. Солардың бірі Тәуке ханымыздың данагөйлігінің арқасында  Ақмола жерінің қараша қазақ жұртының киелі тәу ету орны – үш жүздің басын қосатын орталыққа айналуы. Осы маңызды заңдылық қазақ халқының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігі арқылы  қайта оралды. Ертедегі Астана тарихына шолу жасай отырып, бұл қала Ресейді ғана емес, Франция, Испания елдерін де қызықтырғанын көреміз. Өйткені, бұл аумақ арқылы олар бүкіл шығыс әлеміне әмір жүргізе алатынына сенген. 1252-1255 жылдары Франция королі Людвиг ІХ қазақ өлкесіне Рубрук Виллем деген фламант саяхатшысын құпия тапсырмамен аттандырады. Оның мақсаты шығысқа баратын жолды айқындап, маңызды елді-мекендерді білу еді. Қайтіп оралғаннан кейін ол Людвиг ІХ-ға жазған өз есебінде Ертіс, Нұра, Есіл, Кеңгір, Сарысу, Қорғалжын, Балқаш суларын сипаттап, Анжатам, Болған-ана  қалаларына тоқталады. Сонымен қатар Марко Поло да 1271-95 жылдары Қытайға барған жолында қазақ жерін кесіп өткені белгілі. Ақмола жерінің орта ғасырлардағы тарихи дамуы осындай.

1914 жылы қалада 3 кірпіш, 4 май өңдеу, 2 тері илеу, 2 сабын қайнату, 2 тон тігу, 1 сыра қайнату зауыттары, қасапхана, 20 шеберхана жұмыс істеді. Мәдени ағарту орындарынан 3 жалпы білім беретін училище, мектеп, медрессе, 2 кітапхана болды. Қала тұрғындарының саны 15 мыңға жетті.

   1928-1930 жылдары округтің, 1930-1939 жылдары ауданның, ал 1939 жылдың 14 қазанында Ақмола облысының әкімшілігі болды. 1929 жылдың қарашасында қалаға алғашқы пойыз келді. Бурабай-Ақмола (1929), Ақмола-Қарталы (1940), Ақмола-Павлодар (1952) темір жолдарының іске қосылуы Ақмоланы еліміздің солтүстік және орталық өңіріндегі ірі транспорт торабына айналдырды. Қалада ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеудің дәстүрлі тәсілдері  жетілдіріліп, жеңіл өнеркәсіп орындарының саны ұлғайды. 1940 жылы «Тігінші» артелі өнім бере бастады. 1941 жылы құрылған «Металшы» артелі кейіннен газ тетіктерін шығаратын ірі өндіріске айналды. Соғыс жылдарында Ресейден көшіріп әкелінген «Мелитополь» станок жасау зауытының негізінде республикадағы ауылшаруашылық машиналарын жасау өнеркәсібінің негізін салған «Қазақауылмаш» кәсіпорны іске қосылды. Өнеркәсіптің басқа да жаңа салалары пайда болды. Қалада сәулетті құрылыстар салына бастады. Ұлы Отан Соғыс жылдарында Ақмола қаласы мен облысында өндірілген өнімнің көлемі орташа көрсеткіштен екі есеге жуық артық болды. Соғыстан кейін алғашқы жылдары шаруашылықтың жаңа түрлері игеріліп, «Қазақауылмаштың» қуаты арттырылды. Вагон жасау зауыты пайдалануға берілді.

   Еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Ақмола облысымен бірге қаласы да елеулі өзгерістерге ұшырады. 1960 жылдың 26 желтоқсанында Тың өлкесі құрылып, Ақмола оның орталығы болды. Қала атауы Целиноград болып өзгертілді. Бір қызығы, Целиноградтың біршама уақыт астана болғаны да бар. Бірақ Қазақстанның астанасы емес, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының  қақ ортасында әлдебір автономиялық құрылым өмірге келуі тиіс еді. Өз заманында  Никита Сергеевич Хрущев Қазақстан құрамында  автономиялы әкімшілік-аумақтық субъект – Тың өлкесін құру туралы шешім қабылдаған болатын. Осы автономияның  астанасы  Целиноград болды. Одан да сорақысы, Хрущев тың өлкесін РКФСР-дың заңдық құзырына беруге  ұсыныс жасағаны бар. Бірақ Хрущевтің ойы жүзеге аспай, тың өлкесі Қазақ КСР құрамында қалды және кейін тың игеру науқаны аяқталған соң, күні өткен аумақтық құрылым ретінде жойылды. Ақыры Целиноград астанаға айналды: Целиноград – Ақмола – Астана болып дәйекті бірнеше рет қайта аталып отырып, тәуелсіз де егемен Қазақстанның кіндік қаласына айналды. Тың және тыңайған жерлерді игерудің 24 жыл ішінде Қазақстан 27,2 млрд. кеңес сомына 250 млн тонна астық сата алды. Бұл ретте Қазақстан бюджетінің шын мәнінде алтын дәннен алатын таза пайдасы 6,1 млрд. сом болды.

  1958 жылы қалада алғашқы жоғарғы оқу орны ауыл шаруашылық институты ашылса, 1962 жылы педагогикалық, медициналық және инженерлік құрылыс институттары алғашқы рет білімгерлерді қабылдады.

1960-1980 жылдары қалада 30 жобалау және ғылыми зерттеу институттары ашылды. 1965 жылы Тың өлкесі таратылып, қала қайта құрылған Целиноград облысының орталығы болды. 1960-1990 жылдары қалада машина жасау, металл өңдеу, энергетика, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, сауда құрылыс салалары өркен жайды. Топырақ қорғау және эрозияға қарсы қолданылатын техника мен машиналар шығару жедел қарқынмен өсті.

1994 жылы 6 маусымда қалаға ежелгі аты қайтарылды. 1996 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылданды. Бір жылдан кейін, 1997 жылы 20 қазанда Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды. 1997 жылы  20  Қазанда  Қазақстан  Республикасының  Президенті Жарлығымен  Ақмола  бұрынғы  Целиноград  Қазақстан  Республикасының  Астанасына  айналды.  Сәл  кейінірек  8 қарашада  Мемлекеттік  биліктің  негізгі  нышандық  белгілерінің  бірі  Республиканың  туы,  елтаңбасы  және  байрағы  жаңа  астанаға  әкелінді. Бұл айтулы тарихи оқиғаны елбасы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былайша суреттейді:

«1994 жылы 6 шілдеде Парламент сессиясының жалпы отырысында астананы Алматыдан Республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшірудің қажеттілігін қисындық және мәнжайлық тұрғыдан негіз деп сөйлегенім әлі күнге анық  жадымда... Депутаттарға  жаңа астананы таңдау 32 өлшем бойынша жүргенін тәптіштеп айтып бердім... Жаңа астананы таңдаудың барлық өлшемінің негізінде  тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру нұсқасы мейлінше оңтайлы болып шыққанына тоқталдым... Барлық тартысты жағдайдан кейін  депутаттар мемлекеттік істе даурықпаған және шеткері қалаға көшу мәселесінде жеке бастың мүддесіне орын жоқ екендігін көрсетіп, мемлекеттік қайраткерліктерін танытты...»

Осылайша жоғарғы кеңес Қазақстан Республикасының  Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  мемлекет астанасын Ақмола қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берді.

   1997 жылы 10 желтоқсанда бұрынғы тыңның астанасы Ақмола қаласы күллі Қазақстанның  елордасы болып ресми жарияланды. Бірақ ұзақ тұрмады, 1998 жылы 6 мамырда Елбасының жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласы болып аталды. Елорданың бастапқы атауы – Ақмолаға қатысты қаншама өрескел қателіктер жасалып жатты. Кейбір БАҚ журналистері оны сөзбе-сөз аударып, соның негізінде қаланың болашағы туралы қорқынышты тұжырымдар жасап жатты. 

    Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» кітабында былай жазады: «Шындығына келер болсақ,  елорданың атауын өзгерту туралы мен көп ойладым. Бір күні... түнгі сағат екіде Астана деп атасақ қалай болады деген ой  келді. Астананың аты Астана. Қазақ тілінде әдемі естіледі. Орыс тілінде де, ағылшын тілінде де солай айтылады. Біздің ортақ көңіл-күйіміз бен елорданы көшірудегі біздің үмітімізді бейнелегендей. 1994 жылғы 6 шілдеде Парламент сессиясының жалпы отырысында астананы Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшірудің қажеттілігін қисындық және мән-жайлық тұрғыдан негіздеп сөз сөйлегенім әлі күнге анық жадымда… Депутаттарға жаңа астананы таңдау 32 өлшем бойынша жүргенін тәптіштеп айтып бердім…      Жаңа астананы таңдаудың барлық өлшемінің негізінде тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру нұсқасы мейлінше оңтайлы болып шыққанына тоқталдым… барлық тартысты жағдайдан кейін депутаттар мемлекеттік істе даурықпаға және шеткері қалаға көшу мәселесінде жеке бастың мүддесіне орын жоқ екендігін көрсетіп, мемлекеттік қайраткерліктерін танытты» .

    1998 жылы 10 маусымда Қазақ елінің жаңа елордасы – Астана қаласының тұсау кесер тойы  өткізіледі. Оған көптеген алыс-жақын шет мемлекеттердің басшылар, саяси тұлғалар келді. Астана қаласының арнайы экономикалық аймағы кеңесінің және қалалық мәслихаттың бірлескен шешімі мен 10 маусым «Астана күні» болып белгіленді. 1998 жылы 10 шілдеде Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық тұсауы кесілді. 1998 жылы ЮНЕСКО-ң шешімі бойынша  Астана қаласына  «Бейбітшілік қаласы» жоғары  атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі, әрі қуатты өсуге, тұрақты этникалық қатынасты орнықтыруға  қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әртүрлі елдерінің 12 қаласын басып озды. 1999 ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласы бейбітшілік қаласы болып жарияланып, қазіргі уақытта халықтар достастығының алтын бесігі, ірі мәдениет орталығына айналды. Содан бері Астанамыз қазақ елінің гүлденуі мен жаңаруының символы іспетті. Бұл аз ғана уақыт ішінде  шын мәнінде нағыз қазақтың ұлттық орталығы болды. Отарлық бұғауындағы бір ғасырдан кейінгі тарихта тұңғыш рет тәуелсіз өз мемлекетін құрған ұлтымыздың шын мәніндегі елордасына айналды. 

    2000 — Қазақстан үкіметі «Астана қаласын дамытудың бас жоспары туралы» қаулы қабылдады. Елбасының қатысуымен елорданың Жаңа алаңы, К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры, бизнес-сервис орталығы ашылды. 

   2004 — ауқымы мен бұрын-соңды болмаған мерзімнің ішінде ірі әкімшілік мекемелерін сол жағалауға көшіруде орасан зор жобалар жүзеге асырылды. Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталық аумағында ҚР Президенті резиденциясы ғимаратының ресми ашылуы болды. Президент Н. Назарбаев «Ақ Орда» деп аталатының жариялады.

   2005 жылғы 1 маусымға дейін сол жағалауда отыз тоғыз нысан ҚР Призидентінің Резиденциясы, ҚР Парламенті Мәжілісінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «Астана-Бәйтерек» монументінің ғамараттары, «Аяулы алақан» композициясы, Жоғарғы Соттың, ҚР Қорғаныс министрлігінің, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің акімшілік ғимараттары, Ислам мәдени орталығы, «Думан» офын-сауық орталығының 1-ші және 2-ші кезегі, Ұлттық кітапхана, 1200 орындық мектеп, «ҚазМұнайГаз» компаниясының екі нысаны, кардиология орталығы, муниципалдық үйлер кешені, бір ауысымда 120–150 адамды қабылдайтын емхана, сулы-жасыл бульвар, «Отель-Президент» мейманханасы, «Ғашықтар» саябағы пайдалануға берілді.

    Астана — қазіргі заманға лайық, нағыз жаңа қала болып өте қысқа мерзім ішінде тарихымызда бұрын соңды болмаған қарқынмен қарыштап дамып, өзіне ғана тән бет — бейнесімен қалыптасып келеді.

   «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жалғастырды. Тарих қойнауына кірген Тауық жылы тәуелсіз Қазақстанның биік беделін төрткүл дүниеге тағы да паш еткен айтулы оқиға – ЭКСПО-2017 көрмесі болғанын әлем мойындады. Адамзат ақыл-ойының тамаша табыстарының бірінен саналатын Бүкіләлемдік жетістік көрмесінің қос ғасырлық тарихында Орталық Азияда, тіпті ТМД елдерінің ешқайсысында да мұндай халықаралық көрме жалауы желбіреп көрмеген едіБүгінгі әсем Астанамыз еліміздің тек әкімшілік орталығы болумен шектелмейді, сонымен қатар бабаларымыз аңсаған азаттық пен ұлттық қайта түлеудің де орталығына айналды. Еліміздің шетелдермен жоғары деңгейдегі ресми кездесулері, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, спорт пен туризм саласындағы іс-шаралардың бәрі біздің Астанамызда өтеді. ХХІ ғасырдағы бүкіл жаһандық үдерістердің бел ортасында тіршілік ету – әлемдегі кез келген ұлттың пешенесіне жазылмаған. Астана әртүрлі тарихи тағдыр тауқыметімен елімізге табан тіреген өзге халықтардың да мекені. Астана - біздің ортақ шаңырағымыз. Астана өзінің жаңа тарихында өзге ұлттарды ғана емес, бүкіл адамзатты бейбітшілік пен келісімге шақырып отыр және шақыра бермек Еуразия жүрегінде орналасқан Астана қаласының жаңа тарихы – бұл тәуелсіздік тарихы, бұл мемлекеттілік тарихы, бұл ұлттық тарих. Ал Астана қаласының құрылысы - төл тарихымыздың жаңа беттерін құрайды.

           

         Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1.  «Астана». // қоғамдық-саяси, танымдық журнал. –Астана: «Ақарман», 6(43) 2008ж.

  2. «Астана». // қоғамдық-саяси, танымдық журнал. –Астана: «Ақарман», 2(33)2013ж.

  3. Махмұт Қасымбеков «Елін сүйген, елі сүйген елбасы». –Астана: «Елорда», 2011ж.

  4. Н.Ә.Назарбаев.  «Еуразия жүрегінде».  –Алматы: «Атамұра», 1998 ж.

  5. http://engime.org/astana-alasini-tarihi.html

  6. https://kk.wikipedia.org/wiki/Астана

  7. Источник: http://e-history.kz/kz/contents/view/380
    © e-history.kz

bottom of page