top of page

Ақпан төңкерісі

1917 жылы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік әкелді. 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында көптеген облыс-уезд орталықтарында аймақтық қазақ съездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады. Олардың жекелеген өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдары болған облыстық және уездік атқару комитеттерінің құрамына енгізілді. 1917 жылы Қазақ сиездері Орынбор (Торғай облыстық), Орал (Орал облыстық), Семей (Семей облыстық), Омбы (Ақмола облыстық) т.б. қалаларында болды. Қазақ сиездерін өткізуге ұлт зиялылары белсене кірісті. Орал облыстық қазақтардың 1-ші сиезі 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өтті. Сиезді уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Осы сиезде бірінші кезекте Мемлекетті басқару туралы, Уақытша үкімет туралы және жүріп жатқан импералистік соғысқа көзқарас туралы мәселелер қаралды. Сиез төрт күнге созылды, сиездің соңғы төртінші күні облыстағы оқу-ағарту, мәдениет және т.б. мәселелер қаралды. Сиез делегаттары Орал облысында қазақтар арасында бастауыш, орта, жоғары білім беру жүйесі қанағаттанғысыз деп тауып, төмендегі шешімдерді қабылдады: - мұғалімдер сиезін шақыру қажет; - Орал қаласында уақытша орта оқу орнын ашу қажет, ерлер гимназиясының бағдарламасы негізінде қазақ балаларына арнайы оқу орнын ұйымдастырып, оны қазақтар қаражатына салынған бұрынғы кәсіптік мектептің үйіне орналастыру жөн деп табылсын; - қазақ тілінде газет, брошюралар шығару қажет деп табылсын; Сиезде бұдан басқа да мәселелер қаралды, басқа қаралған мәселелерді қосқанда саны 23-ке жеткен. Орал сиезінің қарарында облыс орталығында орта мектеп ашу және кәсіби мамандардың қатысуымен халық ағарту ісін реформалау мәселелерін талқылау үшін мұғалімдер құрылтайын шақыру қажеттілігі көрсетілді . Осы сиезде Жаһанша Досмүхамедов: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін білетін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз», деп өз ойын білдіреді . Жаһаншаның жалынды сөзінде мемлекеттің саяси құрылысы мен оның мемлекеттік тілі, оның қолдану аясы ашық түрде айқын айтылғанын біздер ұғынуымыз керек. Кешегі өткен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының құрбандары болған жастар да Жаһаншаның ой-пікірін қайталағанын біз еске түсірмей кете алмаймыз. XX ғасырдың басындағы алаш ардақтылары халықты ұлтаралық бірлікке шақырды, олар ұлтшылдықты арқау еткен жоқ, керісінше ұлтын сүйген ұлтжанды азаматтар екенін танытты.

bottom of page