top of page

ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлері – ұлы миссия арқалаған топ. Ол – қазақ идеясы, елдік миссия. Сол жолда олар бастарын бəйгеге тікті. Жан аямай еңбектенді. Олардың сөздері, ойлары, істері бірлікте болды. Пайда, мақтан, бақай есеп көздеген жоқ. Қайтсек қазақты ел етеміз, дамыған елдерге теңестіреміз деген ниет болды. Бір сөзбен айтқанда Алаш ұранын көтеріп, тарих сахнасына шыққан бұл үркердей топ – ұлт аманатын арқалаған азаматтар еді. Бұларды заман сұранысы тудырды деп тану керек. Бұл мəселені алаш аманатшылдығы тұрғысынан қарасақ, біраз мəселенің жай-жапсарын тереңірек түсінуге жол ашады. Аманатшылдық парыздан келіп туындайды. Алаш оқығандары ұлт алдындағы парызымыз бар деп санады. Жалпы аманатшылдық аңсардың мессиандық ұғымымен жанасатын тұстары жоқ емес. Əрине мессиандық – діни астары бар ұғым. Оның ел тығырыққа тірелгенде, əлденендей бір құтқарушыны күткенде пайда болатыны тарихтан белгілі. Бір сөзбен айтқанда, мессиандықты – құрметті құқық жəне қасиетті міндет деп айқындауға болады. ХХ ғасырдың бас кезінде жарық көріп, жалпы ұлттық басылымға айналған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің асыл мақсаттарын осы ой аңғарынан іздеген орынды. Алаш қайраткерлерінің бүкіл ойы, ісі, шығармашылығы осы ұлы миссияны орындаудан тұрды. Қазақтың тұңғыш журналы – «Айқапты» шығарып, барша оқығандарды өз маңына шоғырландыра алған Мұхамеджан Сералин басылым шығарудағы мақсатын «Газет һəм журнал халық үшін екендігіне шек жоқ. Халықтың қай дəрежеде алға кеткендігі – халық арасында таралған газет-журнал һəм кітаптардан білінеді» – деп тұжырып, «жұртқа атақ шығарып білім салу үшін емес, бəлкім дəулет иесі ағалар мұны көрген соң ойланар» деген ниетін білдіріп, “Айқап” мағынасын аша кетеді: «Журналға «Айқап» деген есім бердік. Бұл сөзге түсінген де балар, түсінбеген де табылар. Біздің қазақтың «Əй қап!» демейтұғын қай ісі бар?! Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымассақ та, ақшасыз істің жөні табылмады.»Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай» дедік.Жақсы жерлерімізді қолда сақтау үшін қала салмақ болдық. Басымыз қосылмады. Қолайлы жерлер қолдан кетті. “Қап” ынтымақсыздығымыз-ай” дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға “ендігі сайлауда көрерміз, қап, бəлем-ай” дедік. Осындай біздің қазақтың неше жерде “қап” деп қапы қалған істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық “Айқап” болды». «Айқап» журналы бес жыл бойы сан соғып сарсаңға түскен, қап деп қапы қалған кезген кездердің есесін қайтарудың жолдарын тынбай іздестірді. Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінде жарияланған бас мақалаларының бірінде былай деп жазады: «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс. Үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек.... «Балам деген жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан шықсын! Баланы ұлша тəрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тəрбиелесең құл болмақшы. Егерде осы күнгі орысша оқығандардың арасынан «жұртым» деген шығңып жатса, жұрттың өткізген төлеуі үшін емес, адамшылық борышты басынан атқару үшін. Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі». Ал Ахмет Байтұрсынұлымен мұраттас болған, қалың қазағына «Оян, қазақ!» деп ұран тастаған Міржақып Дулатұлы: «Мен бiткен ойпаң жерге аласа ағаш, Емеспiн жемiсi көп тамаша ағаш, Қалғанша жарты жаңқам, мен сенiкi Пайдалан, шаруаңа жараса, Алаш!», – деп ағынан жарылады. Ұлт көсемдерінің бірі Əлихан Бөкейханұлы: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – дейді. Бұл ойын ары қарай: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатындығына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», – деп сабақтап, тереңдете түскен. Бұл олардың жүрек сөзі, өмірлік мұраттары еді. Мұндай пікірді бір байламға келген, сол жолға басын тіккен адамның жүрек үні, жан тебіренісі деп қабылдаған жөн. Жоғарыда келтірілген қай-қай пікір болсын, хакім Абайдың төмендегі өлеңіндегі ойлардан бастау алып жатқан сияқты. Абай адам баласының мына өмірге келгендегі мақсатын, адамшылық парызы мен борышын төмендегі екі шумақ өлеңмен керемет тұжырымдаған. «Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, Харекет қыл, пайдасы көпке тисін. Көптің қамын əуелден Тəңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін». «Кеше бала ең,келдің ғой талай жасқа, Көз жетті бірқалыпта тұра алмасқа. Адамды сүй,алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?!» Алаш арыстары Абай шығармаларымен жақсы таныс болған. 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы ұлы ойшылға арнап арнайы мақала жазып, Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп бағалайды. Абайды тану – бұл адамның деңгейін көрсетеді. Өйткені асылды асыл ғана таниды. Алаш қайраткерлерінің ұлы аңсарларының бір бастауы осы Абай танымында жатыр. Екінші бастауын сол кезеңде түркі-мұсылман жұртшылығында үлкен рухани үрдіске айналып, жаңашылдыққа жол салған жəдитшілдік қозғалысымен байланыстырамыз. Үшінші қозғаушы күшті 1905 жылғы орыс төңкерісінен бастау алып, ұлттық сананы сілкіндірген серпіліспен жанастырған орынды. Осы қозғалыстан серпін алған қазақ оқығандары Қоянды жəрмеңкесінде базаршы көпке үгіт-насихат айтып, Ресей империясының Министрлер комитетінің төрағасына жазылған петицияға 13 мыңға жуық қыр қазағының қолын қойғызды. Отарлық езгіге түскен Дала өлкесі қазағының мұң-мұқтажы 11 баптан тұратын бұл үшбу «Қарқаралы петициясы» аталып кеткен тарихи талап-өтініште толық қамтылды деуге болады: «1. …Ввиду изложенного необходимы: Свобода совести, организация особого для киргиз (бұл атауды «қазақ» деп оқып-түсіну қажеттігін көзі қарақты оқырман білеріне күмəн жоқ. – Н.А.) Степного края выборного духовного управления независимо от ведомств, установление явочного порядка постройки школ и мечетей и отмена цензуры на духовные книги на киргизском, татарском и арабском языках, передача метрических записи в органы духовного управления и установление законного порядка выдачи заграничных паспортов. 2. …Ввиду изложенного необходима правильная постановка просветительного дела в киргизской степи, для чего нужны: Допущение в аульных школах преподавания киргизской грамоты, преподавание в этих школах на языке детей и обязательное изучение государственного языка, восстановление упраздненных интернатов и пансиона при Омской гимназии, а также открытие пансиона для киргизских детей при Семипалатинской гимназии, увеличение числа существующих стипендий для поступления в профессиональные школы и высшие учебные заведения. 3. Для выяснения текущих нужд киргизского народа необходимо издание газет на киргизском языке, для чего требуется установление явочного порядка на издание газет без предварительной цензуры и на открытие типографии. 45 За последние 15 лет происходит колонизация Степного края. С каждым годом земли, находящегося в пользовании киргизов уменьшаются. Скотоводческое хозяйство по существу своему не может быть экстенсивным и требует обширных пастбищ для своего существования. Под переселенческие участки отнимаются лучшие угодья и пресноводное источники, поэтому необходимо признать земли, занимаемые киргизами, их собственностью. …7. В волостных канцеляриях делопроизводство ведется на русском языке. Вследствие отсутствия контроля со стороны населения, последнее служит предметом эксплуатации писаря волостного управителя (волостного старшины). По особому распоряжению Степного генерал-губернатора приговоры и решения на чрезвычайных съездах народных судей пишутся на русском языке, что ведет к необычайную злоупотреблению писаря, вследствие отсутствия контроля судей и сторон. По штату действующего Степного положения полагаются переводчики киргизского языка в уездах и областях правления. Между тем, местная администрация должность переводчика замещает русскими чиновниками, не знающими киргизской грамоты, иногда языка, прибегая в случае надобности к услугам третьих лиц. Иные крестьянские начальники не принимают прошения на киргизском языке, что заставляет киргиз обращаться к подпольном адвокатам без всякой пользы своего дела. В интересах киргиз необходимы: Введение делопроизводство в волостных канцеляриях и в народных судах на киргизском языке, замещение должности переводчиков людьми, знающими киргизский язык и грамоту, восстановление нарушенных прав киргиз подавать прошения на своем родном языке. 8. Необходимым условием правильного отправления правосудия является знания судом языка народа, которому он служит. Между тем, в киргизской степи служат судьями и следователями русские, не знающие язык народа, а киргизы-юристы почему-то не назначаются в уезды с киргизским населением, отчего страдает дело правосудия в Степном крае. Поэтому необходимо, чтоб судьи знали киргизский язык и чтобы был введен суд присяжных в киргизской степи. 10. На основании 17 ст. Степного положения Степной генерал-губернатор имеет право высылать киргиз в административном порядке. Так как от применения означенной статьи пострадала масса невинных лиц, то в интересах законности и права необходима отмена этой статьи с установлением законной ответственности за преступление перед судом. 11. Высочайшим Рескриптом 18 февраля текущего года царь наш с высоты Престола возвестил, что он созывает «достойнейших доверием народа облеченных людей» в русское законодательное собрание. Для защиты интересов и прав киргизского народа необходимо участие его депутатов в означенном законодательном собрании. Подлинная за подписями 12767 лиц». Бұл бұдан бір ғасыр бұрын қазақ зиялыларының патша өкіметіне жазған талап тілектері еді. Бүгінгі күнгі қазақ зиялыларының жазып жүрген үндеулері секілді. Айырма бұл үндеулер бұрын патша өкіметіне жазылса, қазір қазақ билігіне жазылып отыр. Талап тілек – бірдей. Айырмасы шамалы. Əрі таң қалдыратын, əрі күйіндіретін жағдай. Жалпы «Айқап» пен «Қазақта» басылған материалдар жоғарыда сөз болған ұлы аңсарды – елшілдік идеясын ту етіп көтерді. «Айқап» журналында осы бағыттағы өлеңдер де көптеп берілген. Мысалы, Хамза Бекмұхаметұлы: «Қазағым, көтер басты, жатпа бекер, Ғұмырыңыз жатуменен босқа өтер. Көтерер басыңызды уақыт жетті, Ілгері ұмтылысып талап етер – деп, заманның ау-жайын аңғара отырып, əрекет ету қажеттігін меңзейді. Осы тектес өлеңдер мол. Олардың өлеңдік өрнегі мен көркемдік кестесі поэзияның талғампаз талабына сай келе бермегенімен, өз дəуірінің келеңсіз құбылыстарын тап басуымен, сол арқылы жұртшылыққа ой сала білгендігімен құнды. Алаш қайраткерлерінің сөздерінің өтімді, жүрекке жетімді, əлі күнге мəнді, өзекті болатыны оның шын жүректен шығуында. Еріннің ұшымен айтылмай, жүректің терең түкпірінен шығып жатуында. Бұлар елдікті сақтаудың, нығайтудың жолын көрсетіп қана қойған жоқ, соны өздері істеді, оқулықтар жазды, емле ереже түзді, бала оқытты, қызмет атқарды. Бірақ қалай болғанымен бұл өз заманының аңсары еді. Ұзақты көздеген, келешекке қадам жасаған аңсар еді. Ал бұл аңсар бізге қазір жарайды ма. Жараса оны қалай қолданамыз. Сонда біздің бір ғасыр өтсе де аңсарымыз өзгермеген бе. Бұл жерде құндылықтар мен аңсар деген мəселе шығады. Құндылықтар – мəңгілік, ал аңсар – кезеңдік. Қазір осындай аңсар бар ма? Қазір қандай ұлы идея бар? Осы идеялар бүкіл қазақты соңынан ерте алды ма? Өз маңайына жұмылдыра алды ма? Қазір заман басқа, заң басқа. Жастардың сана-сезімі мен ойарманы басқа. Соны ескеру,соған ерік беру қажет. 100 жылда ұғымдар өзгереді. Егер сол қалпында жүре берсек, даму болмайды. Бүгінде «Қазақ» газетінің жарық көргеніне жүз жыл толды, ал «Айқап» журналына 102 жыл болды. Осы екі басылымда көтерілген мəселелер қазір де өзектілігін жойған жоқ. Əлі де шешімін таппаған. Атап айтсақ, жер мəселесі, тіл мəселесі, əліпби, жазу, емле мəселесі, əйел теңдігі, оқу-ағарту, -ов, -ев орыс қосымшаларынан арылу, дін мəселесі, ел болу, ұлттық мемлекет құру мəселесі. ХХІ ғасырда біз əлі соны айтып отырмыз. Демек 100 жыл бойы бір нəрсені қайталай берсек, тиісті нəтижеге қол жеткізе алмасақ, біздің ұстанған жолымыз, пайдаланып отырған тəсілдеріміз, ойлау жүйеміз қайта қарауды қажет етеді деген сөз. Сондықтан мəселені басқаша қоюымыз керек шығар. Қысқаша қайырып айтқанда, Алаш қайратерлерінің аңсары əлі күнге өзектілігін жоғалтпаған. Одан үйренеріміз де, үлгі аларымыз да көп. Алаш идеясын тұғырнама ретінде пайдаланып, болашақ мақсат-мұратымызды айқындасақ адаспаймыз.

bottom of page