top of page

Бекзат Жапатайұлы Алтынбек

  Бекзат Жапатайұлы Алтынбек 1993 жылы 30 желтоқсанда Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында туған. Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияcының, Академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультетінің түлегі. 2012 жылы жас прозашылардың арасында өткен Ғ.Мұстафин атындағы облыстық бәйгеде «Нағыз дос туралы аңыз» атты повесі үшін «Жанрлық ізденіс» номинациясын иеленді. Кейін аталмыш шығарма жыл сайын ұйымдастырылуы үрдіске айналған бәйгенің жинағына енді. 2013 жылы факультетте Құрбан айтқа орай ұйымдастырылған қала студентері арасындағы проза бәйгесінің, 2015 жылғы облыстық Қасым оқулары аясындағы жас ақындар мүшәйрасының жеңімпазы. Прозалық шығармалары облыстық, «Тіл және рух», «Тұмар», «Үркер» секілді республикалық мерзімді басылым беттерінде, «Қасым» порталында, өлеңдері оқушы кезінен бері аудандық газет бетінде жарық көріп тұрады.

Bekzat Altunbek.png
ӨЛЕҢДЕРІ

 Атжалман

Дөңгелектегі атжалман,

(Бұл сүрлеу әбден тапталған.)

Құжаттарың да қатталған,

Денеңе ғана шақ-ты арман.

 

Тауға тас өрлеткен Сизифтай.

(Оны біз ұқтық, сіз ұқпай.)

Өлшеп салынған сызықты-ай,

Қарармын қалай қызықпай.

 

Кеңдікте жүр едің, қамады.

(Қатулы иеңнің қабағы.)

Ендікте көргін шаманы, -

Атжалман – атың, шара мұң.

 

Жүгіре бермегін зыр қағып,

(Қайда барсаң да бір бағыт.)

Қараймын саған ұрланып,

Адамға ұқсатам, бұл ма құт?!

 

Дөңгелектейін күйбеңім,

(Денедей тұйық үйдемін.)

Өмірді рас қой сүйгенім,..

Атжалмандайын күйге ену?!

Қап-қара қара өлең

Дүние шіркінге кім ие?!

Тоқтамас жаудырар сәл де оғы.

Теңселіп барады дүние,

Еңсеріп тастады әлде оны.

 

Тартылыс күшін бұл жеңсе құт,

Жұлдызға ұшар ед ойға алған.

Теңселіп барады, теңселіп,

Басы емес, Жер-Әлем айналған.

 

Өмір-ай, шулерге тарт табақ,

Әдісін балайтын жеңіске.

Жолдастар ортасы артта қап,

Ылдилап барады еңіске.

 

Серігі дүлей күш Қодар ма ең,

Сері ме ең, сертіңе жете алған?!

Жауласқан жоқ-тұғын олармен,

Жабығып жай ғана бет алған.

 

Заманның солай ма ед ауаны:

Жантыққа – үлде мен бүлдесі.

Әр жерге тиеді табаны,

Сүрінсе, жығылмау – мүддесі.

 

Көрмейтін кейіпін жамылдық,

Бір қолда қанжар бар... хақын бер.

Сүрінсе мас адам – әділдік,

Тас атса тасадан... мақұл дер.

 

Тырбыңдап дән терген құмырсқа

Күйбеңін құшақтап өледі.

Шыңға да шығады тырысқан,

Ғашық жан сүйгенін өбеді...

 

...Өңі ме ед, түсі ме ед жаңағы

Ой мен жол, өмірдей күйреткен.

Сілкініп маңына қарады

Шөлмектер... қылқалам... суреттер...

Көгершіндер

(Мұқағалиша)

      «Көгершіндер,Шошымай,

     үйіме кір,өлерсіңдер...»

                                      Мұқағали

   Көгершіндер,

Жем шашпаған жандарды көрерсіңдер,

Қанат қағып қалықтап ұшпайсыңдар,

Қорек іздеп адамға шөгерсіңдер.

Көрерсіңдер, бәріне көнерсіңдер...

 

Қырандайын даланы кезіп ұшпай,

Қапасына қаланың келерсіңдер.

Рухтардай ғайыптан көзге ұрынып,

Ұрықтардың қолына сенерсіңдер.

Жұпарын да аңсамай жазираның,

Ауасына қаланың бөгерсіңдер.

 

Бір-біріңе шалынып, көгершіндер,

Төбесінен менменнің төнерсіңдер.

Қаталдығын құп алып қалалардың,

Көшесіне саңғытып өлерсіңдер... 

Көгершіндер...

Қасық

Бала кезінде әкесі сабақты маңдайынан жез қасықпен ұрып

отырып оқытады  екен...           

 

Теорема, косинус,.. «жыра белгі»,

Қаршадай-ақ санаға ақпараттар.

Ұғып алса, ұмытпас сірә да енді,

Жазып алса миына – ақ параққа.

 

Алагеуім. Аласа үй. Қарсыда  әке,

Молдасындай бағзының қытымырлау.

Тапжылып көр, одан соң тапшы дәке:

Қолда қасық, қозғалса ытып ұрды-ау!

 

Түсінбесе, бәлкім, бұл – қиын есеп,

Ал әкесі әдісін аңдады ма?!..

Далада есі, ойыңды жию да сеп,

Ана дейтін, жасыңды, жанға бұла!

 

Теорема, косинус,.. «жыра белгі»...

Шекесі ұлдың қызарды, батты ма екен?!

Ұрған сайын бірдеңе ұға берді;

Бек майданға белбеуін тақты бекем...

 

... Жек көретін ғұмырын кездесе алар,

Сүюге де болмайды: батырады.

Өмір-әке маңдаймен тезге салар,

Сабақ оқып перзенті жатыр әлі.

                                               

Сыр

Кездесуі жүректердің ғанибет:

Ернім қанған өпкенге.

Басыма қан тепкен, (бірден тани кет)

Күмілжіген көктемде.

 

Ашуымның себебі – тек ашаң қыз,

Жымиғаны еректеп.

Қосылғанда күндей шуақ шашармыз...

Жауын құйды шелектеп.

 

Жиһанда көп толтырылмай қалғандар,

Сезім де – бір тостаған.

Кес-кестеумен өткізбесе арманға ар,

Ардың өзі оспадар.

 

Пірәдар мен деме асық күйі егіз,

Кейінгісі мас қана.

Жанжүрекпен өліп-өшіп сүйеміз, -

Үйленеміз басқаға...

 Кітапханашы
Кітаптар әлемі.
Автор-ау, бұнда тек шығармаң....
Үңгірдей күйбеңнің әлегі,
(Ұ)рухқа керек-ақ шырағдан.

Әр бөлім – мінездес бауырлар,
Әліпби бойынша бөлінген.
Әртүрлі талғамға тәуір бар,
Талғамға дауа жоқ. Өлімге...

Оқырман дірілдеп... тоқталды біріне,
Оқу зал(ы) тыныштық қозғасын.
Кейіпкер феникстей тірілер,
Куәмін, куәмін өз басым.

Шаршады, шалдықты ол бүгін,
Оңаша қалдыр дейді. Кітаппен.
Сыртынан сүйетін сорлымын,
Үшінші болмасам жұтап па ем?!

Одан соң... Айту – тым әбестік,
Құзырым жетері – бақылау.
Әріптер сөйлейді, әрі естіп.
Көзбенен өбісіп жатыр-ау...

Адамзат – кітаптар әлемі,
Авторлар – сомдаған тағдырлар.
Күйзелтер сөйлемнің әлегі,
Бет сайын ашылар сан қырлар.

Талғамға талас жоқ, тармасу.
Тек өзім сүйемін барлығын!
Кітапқа мерзімін жазбасын.
Уақытты жазбасын,
Тағдырдың қаттайтын әр мұңын!..

Шимай дәптер

(минипоэма)

Жүрегінің сиясын мойындап па ең?..

Төгетұғын қағазға ойын баппен.

Әдіптеп-ақ түсірер әріптерді,

Төсқалтаға салып ап қойындәптер.

 

Дүниеде сезімге сенген жат па?..

Қол ұстасып сезімі ерген бақта.

Ғалам түгіл ол дағы естен шықты,

Ғарыш жақтан сигналдар келген уақта.

 

Сезім, сенім өзара табысты ма?..

Ошақ, ұрпақ,.. басынан бақ ұшты да.

Көкте жүрді. Көкіді деп ұқты қыз,

Жердегімен жеңісін салыстыра.

 

Ден қойғаны, ем болса, ішкілікке...

Бұрылғысы жоқ еді ескі үмітке.

Мұңы менен сиясы - сауытында,

Дәптеріне төгілер кешкілікте.

 

Оны дағы тоңдырған ызғар ма еді?..

Қай дауылың, деп жүрді, қозғар мені.

Ғадауатпен кәсібі алға басты,

Дәптерінің азайды сызған жері.

 

Желкеніне орай жел енді ескен бе?..

Палуанды жыға алды белдескенде, -

Ашуына қаламы қырсықты кеп,

Шулерлерге не түрлі кездескенде.

 

Маңдайымда, жоқ әлде дәптерімде?..

Жеттім деді, - әу бастан бақ берілген.

Өкпелетті талайды. Масайрады.

Қаламдайын шығарды ат терін де.

 

...Жаза алмады, жоқ әлде жаза алмадым?..

Өлгеннен соң қаламда наз-арманы.

Жарты беті жыртылған, шимай-шимай...

Мекені оның бұл күнде - базар маңы.

 

Қызығы жоқ бұл қисса, несін айтам?..

Өлеңдейін бөбектің бесігі - Ай, таң.

Өлеңге, әлде өмірге Әріп барар,

Мастықтан соң кіргенде есі қайта.

 

...Өлеріңде өртеуге қимай қап па ең?..

Бар сырымды бүктеумен жинайды, әттең!

Дірілімен қаламның шатпақталған,

Өмірлер-ай! Шетінен шимай дәптер...

bottom of page