top of page

Дидар Жанатұлы Қамиев

  Дидар Жанатұлы Қамиев – 10 желтоқсан 1988 ж. Шет ауданы, Ақбауыр ауылының тумасы. Жыршы-термеші, жас ақын. Білімі жоғары. Қарағанды маңызды білім  беру «Болашақ» университетінің  түлегі. 

   Дидар Қамиев – бүгінгі айтыстың алдыңғы қатарлы ақындарының бірі. Жаста болса облысымыздың намысын қорғап, талай республикалық айтыстардың жүлдесін қанжығасына байлаған. Суырып салма өнерімен қаруланып, қазақ халқын жырымен сусындатқан ақиық ақын Дидар жастарға үлгі болар тұлға.

   Қаршадайынан  жыршылығымен дүйім жұртты аузына қаратқан Дидар Қамиев бүгінде аузын айға бөлеген айтыскер ақын ретінде көпке танымал.

sddefault.jpg
  «Халық қазынасы үшінші мыңжылдыққа» атты Республикалық жыршылар байқауында талғампаз өнер тарландарының назарын өзіне аударған қасықтай қара бала содан бергі уақытта талай мәрте дүбірлі додаларға қатысып, ауылдастарына қол соқтырып келеді. Наурыз мерекесіне орай өткізілген «Армысың, Әз Наурыз!» атты Республикалық дәстүрлі ақындар айтысында жүлделі екінші орынды жеңіп алған өнерлі өрен тамыз айындағы Қояншы-Таңай асында өткен ақындар айтысында бірінші бәйгеге ие болып, Дидардың әдемі жырымен әдіптелген айтысына сонда жерлестері риза болып қол соққан. Жас ақынның жібектей есілген, жүйріктей көсілген мәнерлі жырларына сонда талай жұрт тамсанып,, таңдай қаққан.

  Дидар Баянауылда өткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 150 жылдық мерей тойына арналған Республикалық ақындар айтысында бас жүлдені жеңіп алды. Дүбірлі додаға еліміздің әр түкпірінен шашасына шаң жұқпас 24 жүйрік қатысқан. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап, халық игілігіне айналдырудағы Мәшһүр Жүсіптің ерен еңбегін, тіл тазалығы мен ұрпаққа үлгі болған ұлағатты сөздерін жырына рақау еткен Дидардың ұтымды жауап, ұшқыр ойына тәнті болған әділқазылар алқасы әділ бағасын берді. Айтыста өзге ақындардан сөз оздырған Дидар бас бәйгені жеңіп алып, жүлдеге тігілген «Волга» темір тұлпарын мініп қайтты.

  Кешегі өткен Қақпан, Маясар, Жәкен сынды майталман ақын аталарының байрақты бәсекеде биікке көтерген туын жоғары ұстап келе жатқан Дидар 2002 жылы Көкшетау қаласында өткен «Кемел ойлы хан Кене» атты Республикалық жыршы-жыраулар сайысында 1 орын, 2005 жылы Байғозы батырдың 300 жылдық мерейтойына орай өткен республикалық жыршы-жыраулар сайысында 1 орын, 2006 жылы Қырғыстан Республикасында өткен бүкіләлемдік жыршы-эпосшылар фестиваліне қатысып, арнайы медальмен марапатталған, Наурыз мерекесінде «Армысың әз Наурыз» Қарағанды облыстық айтыстан екінші жүлдері орын, Талдықорған қаласында өткен Республикалық студенттер айтысында ІІ орын, Ақмола облысы Аршалы ауданында өткен аймақтық айтыста бас жүлде, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қоскөл ауылында өткен Республикалық ақындар айтыснда ІІ орын, Қарағанды облысы Шет ауданында өткен Қояншы Дәулет Таңай бабалар асына арналған Маясар Жапақов атындағы Республикалық ақындар айтысында жүлделі І орын, Павлодар облысы Баянауыл ауданында өткен Мәшһүр Жүсіп Көпеейұлының 150 жылдығына арналған республикалық ақындар айтыснда бас жүлде, Шет ауданының 80 жылдығына орай өткен Ркспубликалық ақындар айтысында Ерік Асқаров атындағы арнайы жүлде, Алматы облысы Жаркент ауданында І орын, Алматы қаласындағы Республикалық «Алашыңды ардақта» атты Алаштың 90 жылдығына арналған ақындар айтыснда І орын, Тілдер мерекесіне арналған Астана қаласында өткен Республикалық айтыста І орын, Қызылорда қаласында өткен «Нұр Отан» ХДП-ның 10 жылдығына арналған Республикалық айтыста бас жүлде, «Армысың әз Наурыз» Қарғанды облыстық айтсында І орын, Астана қаласында өткен «Күлтегін күніне» арналған айтыста бас жүлде, Қарағанды облысы, еркіндік ауылында өткен Республикалық айытста ІІ орын, Шиелі ауданының 80 жылдығы, Әбділда Тәжібаевтың 100 жылдығы, Иманжүсіптің 150 жылыдығына арналған Республикалық ақындар айтыснда бас жүлде, Талдықорған қаласында өткен Республикалық студенттер айтысында ІІІ орын, Көкшетау қаласының 70 жылдығына орай өткен Республикалық айтыста ІІІ орынды иеленсе, Жезқазған қаласында өткен «Ұлытау үні -19» фестивалі аясында өткен Жас ақындар айтысында бас жүлдені, 2010 ж. Астана қаласының 12 жылдығына орай өткен республикалық жас ақындар айтысында 1 орын, 2011 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық ақындар айтысында бас жүлде, 2011 ж.Алматы облысы, Ұзынағаш ауданында өткен Ж.Жабаевтың 165 жылдық мерейтойына орай өткізілген республикалық айтыста 1 орын, 2011 ж. Қостанай облысы, Амангелді ауданында өткен республикалық айтыста 1 орынды қанжығасына байлады.

  Мамыр айында Түркия мемлекетінің Кайсери мен Эрзурум қалаларында өткен түркі тілдес халықтардың симпозиумына  Қазақстан атынан қатысып, қазақтың суырыпсалмалық өнерін көпшілікке паш етті.  

  2013ж Қарағанды облысында өткен Жидебай батырдың 300 жылдығына арналған республикалық айтыста – Бас жүлде, 2013ж Қызылорда қаласының 195 жылдығына орай өткен республикалық айтыста – Бас жүлде

ӨЛЕҢДЕРІ

Мәуліт жыры

Тілімнен өлең жауса қарша борап

Ақ қарасын айырар ел саралап

Ассалмуалейкум баршаңызға

Бауырларым жүрмісің сау саламат

Мәулітін оқымақпыз Мухаммадтің (с.а.с)

Құлақ салып тыңдасын бар жамағат

Кешегі қараңғылық дәуірінде

Жұмыстар көп жасалған жаңсақ, ағат

Надандық-зұлымдықтан шаршаған ел

Бір елшінің келуін аңсаған ақ

Дүние есігін ашыпты сол мезетте

Мұхаммед (с.а.с)  жер жаһанға жар сала нақ

Адал дінге шақырып адамзатты

Жәннәтқа апаратын жол салады ақ

Сол күнді мұсылмандар Маулид дейді

Түсіндіре кетейін сәл шамалап

Хақ Расулдің  (с.а.с) еңбегі ұшан теңіз

Дін ислам кеңінен жайса қанат

Мәулітте пайғамбарға (с.а.с)  салауатты

Айту бар мұсылманға тән саналад

Жаратқанға арналсын барша мадақ

Пайғамбарға (с.а.с) айтылсын мол салауат

 

Қатар келген Мәулітті гүл көктеммен

Жөн болар жамағатпен бірге өткерген

Қараңғылық жайлаған дінсіз дәуір

Қараны ақ, жалғанды шын деп келген

Пұттарды құдай санап, қызын көміп

Арабтар бастан қиын күнді өткерген

Жүректері қарайып, кірлеп келген

Ақиқаттың ауызын күрмеп келген

Күнәға шомып тұрған сол уақытта

Алла елшісі (с.а.с) ең таза дінді ап келген

Халал менен харамды ажыратып

Құранды хақ, Алланы бір деп келген

Арсыздық, жамандықтан аулақ қылып

Жақсылық, адалдыққа үндеп келген

Талай жанның көкірек көзі ашылды

Жүрегіне ақиқат дін жеткеннен

Адамзаттың барлығын бірдей көрді

Жоқ ешкімді қожайын, құл деп бөлген

Жүрсін деп мен қалдырған сүннеттермен

Үміт күткен ең соңғы үмметтерден

Адамзат атаулының ең абзалын

Бар мұсылман өзіне үлгі еткен жөн

Насихаттау жолында исламды

Басынан талай қиын күнді өткерген

Қос дүние бақытының жолын нұсқап

Қос дүние сұлтаны боп құрметтелген

Қараңғылық дәуіріне сәуле шашып

Алланың рахымымен нұр боп келген

 

Ұстанып пайғамбарға сай қалыпты

Бала жастан жорғадай  тайпалыпты

Жақыннан айрылса да жастайынан

Қиындықтың барлығын тойтарыпты

Көмек қолын ұсынып барша жанға

Елгезек бала болып қой бағыпты

Жүрегін де тазалап періштелер

Күнәдан Мұхаммедті (с.а.с) қайтарыпты

Туралық, шыншылдықпен аты шығып

Ақиқатты тайсалмай айта алыпты

Ақ жолдан айнымаған жас баладан

Қаймығып лағынеті шайтан ықты

Тумысынан кіршіксіз ғұмыр кешіп

Имандылық бақшасы жайқалыпты

Түбінде тегін адам болмайтыны

Балалық кезінен–ақ байқалыпты

 

Расулдің туған күні мейрамды күн

Ендеше байқалмасын бейқамдығым

Үлгі қылып айтайын  ақ некесін

Хадиша анамызбен қиғандығын

Надандыққа оранған ортасынан

Тура жолды іздеумен қиналды мың

Қаланың у-шуынан шаршағанда

Нұр тауында өткізген кейде әр күнін

Бір күні Жәбірейіл (а.с) періште кеп

Нұрландырып жіберді Хира үңгірін

Раббыңның атыменен оқы деді

Айтты алғаш қан болып ұйығандығын

Сол жомарт Раббың деді үйрететін

Қаламменен жазуды, жинауды ілім

Қырық жаста пайғамбар болды осылай

Жаратқан сүйіншілеп сүйген құлын

Жиырма үш жыл уахилар келіп жатты

Ардақты елші көкейге түйді әр бірін

Осылайша Аллаһтың қалауымен

Күллі әлемге таратты иман нұрын

 

Раббының орындаған күшті әмірін

Пайғамбар (с.а.с) жасаған әр іс тағылым

Небір ауыр сынаққа душар болды

Таратам деп ең қиын тұста дінін

Жақыны да сол кезде жау боп шықты

Ата діннен безді деп қыстап ұлын

Қалуыңды ал да діннен бас тарт деді

Күрмеуге келмейді деп қысқа жібің

Бәдір мен Ухуд, Хандак шайқасында

Сахабаның ажалды құшқаны мың

Дін үшін сондадағы берілмеді

Бәріне төзіп жаудың қыспағының

Таифқа барғанында таспен атты

Таптың деп салтымыздан тысқары дін

Періштелер сол кезде ашуланды

Елшінің білмеді деп еш қадірін

Екі тауды бірақ қосып бұл қауымның

Жояйық деді бірден түп тамырын

Сонда Расул (с.а.с)  олармен келіспеді

Ашуына жеңдірмей күш, сабырын

Пайғамбар (с.а.с)  екенімді білмейді олар

Деп сонда елжіретті іш-бауырын

Ұрпақтары иманды болар бәлкім

Бізді қуып шыққанмен тысқа бүгін

Деп Алладан кешірімін тілей берді

Өзіне өлім тілеген дұшпанының

Мейірім, нұрға толы пәк жүрегі

Адамзат атаулыға нұсқа бүгін

Шіркін әркім өзіне үлгі қылса

Мұхаммедтің (с.а.с) осындай ұстанымын

 

Әмина Мұхаммедтей (с.а.с)  нар ұл тапты

Нар ұлы тани білді әділ Хақты

Жасаған алпыс үш жыл ғұмырында

Ғаламға ақиқаттың шамын жақты

Тура жолға шақырып адамзатты

Жиырма үш жыл дін үшін дабыл қақты

Төзгісіз қиындықтар көрсе дағы

Соңына ерте білді қалың топты

Көркем мінез мейірім арқасында

Мойындатып жауының тауын шақты

Шыншылдық, көрегендік қасиеті

Досы түгіл дұшпанын таңырқатты

Былық жайлап, бықсыған тас түнкетен

Жарыққа алып шықты сан ұрпақты

Алпыс үшке келгенде науқас меңдеп

Денесі күннен күнге ауыр тартты

Қоштасып сонда барша үмметімен

Барлығының көңілін жабырқатты

Айрылу ең сүйікті адамынан

Жандарына тиіп ед ауыр  қатты

 Қос дүние сардары Мұхаммедте (с.а.с)

Ақырында өлімнің дәмін татты

Ұлы Раббым  деп соққан алып жүрек

Осылайша мәңгілік дамыл тапты

Ғаламға рахым нұрын шаша алыпты

Талайдың жүрек көзін аша алыпты

Жамағатпен қоштасқан Мұхаммедтің(с.а.с)

Ең ақырға құтпасы жасалыпты

Мен біреуді ренжітсем кешірсін деп

Өзі де басқаларын кеше алыпты

Кім Расул (с.а.с) өлді десе басын алам

Деп Омар (р.а) көзіне ыстық жас алыпты

Көңілі сенбегенмен өзекті жан

Өмірден өтетіні рас, анықты

Мәңілік өлм дәмін татпайтұғын

Әзәли Алла ғана аса мықты!

Жанына Жаратқанды қылды қорған

Дүниенің екенін білді жалған

Қалдырған соңындағы үмметіне

Хадисі мен сүннеті құнды болған

Адамзат баласының бақыты үшін

Тірлігінде талай іс тындыра алған

Ғибрат пен тағылымға толы өмірі

Барша адам баласына үлгі болған

Бәріңізді шақырам жаңылмауға

Мұхаммед (с.а.с) салып кеткен нұрлы жолдан!

Арнау

Қ. Медиевтің 75 жасына

Арқадан шыққан небір асыл көп қой,

Еңбектері болмайды рас үлгі етпей.

Жетпіс бестің шығыпты желкесіне,

Қазақтың қара нары Қасымбектей.

 

Қазақта кім білмейді Медиевті,

Қанша жыл басшы болып ел ұйытты.

Халқына қорған, пана бола білген,

Мекендегі Аюлыдай жерұйықты.

 

Тұғыр қып Сарыарқадай сар даласын,

Тудай қылып көтерген ар бағасын

Қазақтың Қасекендей қайсар ұлы,

Ат үстінде өткізген арда жасын.

 

Ал, ата құтты болсын жетпіс бесің,

Жасыңыздан құмарсыз текті іске шын.

Ел сізді жанашырым деп біледі,

Халықты ойлап сындарға көп түскесін.

 

Айтатын ініге ақыл, досқа жөнін,

Жүретін әрбір істің қостап оқын.

Жалғады Қасымбектей бір ұрпағы

Кешегі Қасымдардың қасқа жолын.

 

Шешетін түйіндерді тым күрделі,

Жарар ед сіздей болса ұлдың көбі.

Пионер вожатыйдан бастап едің,

Ел ағасы боп отсыз бұл күндері.

 

Әрдайым орыныңыз төрден болар,

Мұндайды көрмеген де, көрген де бар.

Елге қылған еңбегің жеміс беріп,

Омырауыңа қадалды орден, медаль.

 

Кілең жақсы жайсаңмен қатар жүріп,

Халқының қамқоршысы атанды нық.

Ауданын алға сүйрер өзіңіздей,

Ағалар көп болса екен атан жілік.

 

Қызметті істедіңіз, оқыдыңыз,

Көкейге талай жайды тоқыдыңыз,

Ауданның 100 жылдығын да тойлағанда

Қасқайып қақ төрінде отырыңыз!!!

Серік Сапиевке

(финалдың алдында жазылған өлең)

Саңылақсың сан мықтымен қатар тұрған,

Қалың ел тілеп қалды сәт артыңнан.

Сақтардың сарқыты деп қуанар ек,

Сапиев алқа тақсаң саф алтыннан.

 

 Бәйтерек болды ғой деп өз шыбығым,

Арқа елі қолдап отыр сөзсіз ұлын.

Мен де бір жерлесіңмін, тілеулес боп,

Түнімен алмай жүрген көз шырымын.

 

«Алтынды сатып алсақ мол ақшаға,

Қолданбас деп отыр-ау қонақ шара».

Біздерді Борат деген босқындарға,

Соққыңды қардай қылып боратшы аға!

 

Арасындағы  Алтай мен Ақ жайықтың,

Еңсесін бір көтерші жаппай ұлттың.

Ағылшындар тағы бір мойындасын

Черчильге айтқан сөзін Сәтпаевтың!

 

Замковойды жібердің демалысқа,

Шамаң қалай келмейді Эвансқа?

Саған сенім артады ел алыста,

Қазақтың көк байрағын жоғары ұста!

 

Дей алман ел сенімін аз ақтайсың,

Топты жарсаң ел үшін ғажап той шын.

Қоржынға түсіп жатқан сары алтынның,

Нүктесін қара көзді қазақ қойсын!!!

Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына арналған айтыстан

Дейсіңдер ау қасымның несі басым
Қасым солай болмаса несі Қасым
Ай қайран қазағым ай қай кезде де
Таланттардың қадірін кеш ұғасың
Тас қала бауырына баспағасын
Баспанасын сұрамай не сұрасын
Қасымды жауар бұлттай сұр қоғамның 
Арасынан жарқ еткен деші жасын
Жас толқын Қасекеңе қарап өсті
Келтірмей не күмәнін,не шүбәсін
Мұқағали айтқандай ақындардың
Әммесінен Қасымның десі басым
Келіспесе тонымды шешіп алсын
Теріс десе тілімді кесіп алсын

Әкем   Жанат  Қамиұлына

  Өртенді    кеудедегі   жалын  сөнбей,

  Әкеден  айырғанда өмір  сендей.

  Өзіміз  дел-сал  болып  қала  бердік,

  Көзіміз   сенсе  дағы   көңіл  сенбей.

 

  Ажал  кімнің   жағдайын   ескереді,

  Біреуге  ерте,  біреуге   кеш  келеді.

  Бес   күн   жалған   дүниеде   оған   қарсы,

  Ешкім қыла   алмайды   ештеңені.

 

  Жарың  жылап,   аңырап    анаң   қалды,

  Шуылдап  артыңда   төрт   балаң   қалды.

  Амал  не  жаратқан    тек  бұл   өмірге,

  Сынақ  үшін   жібереді   адамдарды.

 

  Тандырып    ақыл-естен  тамам  елді,

  Мәңгілік   мекен   қылдың   қара  жерді.

  Зар  жылап    аға,  апа,  бауырларың,

  Көкірегі   қарыс   айырылып   қала берді.

 

Қырық    күн   өткіздік   келер  деумен, 

Шерге  толып  қалғандай  шемен  кеудем.

  Әкеміз   кеп    қалар  деп  әлі   жүрміз,

  Ерте-кеш   есік   жаққа  елеңдеумен.

 

Үйден   кеттің,   қайтадан   келе  алмадың,

 Суыт  хабар  келгенде  сене  алмадым.

Ажал  айтып   келмейді  біз  түгілі,

Өзің  де  білмей  қалдың-ау   не  болғанын.

 

Аузымнан    тастамаймын    Тәңірімді,

Ашуға   жеңдірмеймін   сабырымды.

Барғаныңда   қара   жер   қойнына,

Алла  нұрға  толтырсын   қабіріңді.

 

Бізге   берсін  сүрмеген    өміріңді,

Енді    кім   көтереді    көңілімді.

Жаннаттан    айырылған   жанның   бәрі,

Жәннаттан   тілейді   тек  орыныңды

 

 Әжеме

Пенденің    таям   десе  батпан   бағы,

Пешененің   жазуы  ол,  Хақтан   бәрі.

Қырық   күн    өтті   міне,  мұңға   толы,

Әжеміз   бақилыққа   аттанғалы.

 

Дастандарын    оқытып   баяғының,

Немеренің    тыңдайтын   саялы  үнін.

Апамның  өзі түгіл,  сағындым  ғой,

Тықылдаған   дауысын  таяғының.

 

Сол   әжем  әрекет   қып  сай   ұғымға,

Кете  барды    келместің   қайығында.

Еркелеп   қойнына   кірер  едім,

Өзі  жатыр  қара  жер  қойнынында.

 

Өмірге  өлмек  үшін  әкелгесін,

Қазаны  да  мойымай   көтересің.

Әжеміз  бізді қалай   мәпелесе,

Әжемді  Раббым  солай   мәпелесін.

.

 Мағжанға

Тура айтып қара қылды қақ жаратын

Бар қазақ қадірлеген «қанжар» атын

Алашымды аспанға шығарар деп

Біздерге сеніп кеткен Мағжан ақын

 

Санасы тұрғаннан соң нақты оянбай

Баланың да басынан бақ таярдай

Өр ақынның үмітін кейінгі ұрпақ

Келе жатқан секілді ақтай алмай

 

Жастар жайлы мендегі ой күрделі

Кірпік қақпай ойланам кей түндері

Мағжан ақын ғайыптан келер болса

«Сенген қойым сендер ме» дейтін бе еді

 

Талмай өтер тар жолды тайғақпенен

Азайды арыстандай айбатты өрен

Мен үшін жолбарыстай қайраттылық

Бірге өлгендей боп тұрады Қайратпенен

 

«Жаннан қымбат ар» дейсіз, алдым жаттап

Арыңнан кетер қазір әркім де аттап

Жеңіл жүріс «Жібектер» белең алды

Ар арзандап барады, нан қымбаттап

 

Қысқан соң тас қаланың тар ауасы

Даланы ойламайды бала басы

Көк аспанға ұшуды көздемейді

Көкжиек көрмей өскен қала жасы

 

Тұлпарларың қажыды Мағжан аға

Жүрек жамау, толды ғой жан жараға

Мынадай Батырашы көп қоғамда

Құлагерлер қара үзіп топ жара ма

 

Өседі тамыр-таныс, ағамен ел

Айдалада қалды ғой адал өнер

Бұл күні тұлпарлар жоқ дара келер

Тотан озып алдымен пара келер

 

Ақылдылар шығады алға сирек

Сасқанда алға жүзе алмас үйрек

Қазақты алға сүйрер азаматтар

Базарда жан бағып жүр арба сүйреп

 

Дініме дұшпандарым іріткі сап

Салт-дәстүрді тастадық буып-тұсап

Бірлігінен ажырап жас ұрпағың

Бір-бірімен болып жүр қырық пышақ

 

Тіліме туды бүгін бұлыңғыр шақ

Бұл нәубет тамырыңның түбін қырқад

Николайдың тілінде былдырлайды

Никелодеон көретін бүгінгі ұрпақ

 

Болар деген байсалды ұл, байыпты қыз

Сенімге бола алдық па лайықты біз

Адал қарай алмадық аманатқа

Өр ақынның алдында айыптымыз

 

Қазақтың болашағы сендер достар

Онда бірге асайық белдерді асқар

Өлтірмеуге тиісті Алаш рухын

Мағжан Жұмабаев сенген жастар!

Ақбауыр мектебіне 80 жыл

Біссіміллә деп қонайын атқа бүгін

Құлына қуат берсе Хақ Тәңірім

Аллажарлап алдында сөз бастасын

Қайта айналып қазығын тапқан ұлың

Алып ұшып жеткенде ауылыма

Ағайынның  байқадым шаттануын

Білім ордаң толыпты сексен жасқа

Ұрпағына үйреткен көп тағылым

Ассалаумағалейкум аманбысың

Ақша нұрға шомылған Ақбауырым

Әлемдік дағдарысыты елең қылмай

Дүбірлі той жасаған текті ауылым

 

Қазығұрттың мекендген дара тауын

Бетке алдым Ақбауырдың ақ отауын

Мерейлі тойына кеп мектебімнің

Сіздерге шашу жырды таратамын

Маған да білім берген осы мектеп

Үйретіп әліппенің жаңа пәнін

Осында алғаш қадам басқанымда

Айткүл апам беріп ед дара тәлім

Араға жылдар салып қайта келдім

Шөктіріп сағыныштың сары атанын

Ендеше елге келген құлыныңа

Аямай соғылса екен алақаның

Қиядан жемін ілер қыран болды

Ұядан қанат қаққан балапаның

 

Шертілмеген шежіре сыры қалған

Мектептің айы туды бүгін оңнан

Сексен жылдың ішінде талай жанды

Біліммен сусындатты тұнық арнаң

Небір жайсаң жандарды оқытқансың

Дүниенің биік қоймас құнын ардан

Талай өнер иесі шыққан еді

Жұртының жүрегінде жыры қалған

Ақын м енен жазушы шықты талай

Қара өлеңнің қаймағын сылып алған

Жезтаңдай әншілер де тәлім алды

Әуелеп кең далаңда үні қалаған

Профессор,академик,ғалым шықты

Ешкім де дей алмайды бұны жалған

Ұлағатты ұстаздар тәрбие алды

Айнымаған баяғы ұлы жолдан

Қайраткерлер оқыды осы жерде

Еліне ерен еңбек сіңіре алған

Қысқасы кілең текті азаматты

Түлетіп ұшырған ед тұғыр ордаң

 Көлемі кішігірім болсадағы

Бұл орда мектептердің шыңы болған

Алақандай болса да бұл мектептен

Алатаудай тұлғалар білім алған

Тіл туралы

Талғампаз тыңдарманның тойға келген,

Жандарын жадыратам жайдары әнмен.

Тіліңнің тыртығы әлі жазылмай тұр,

Қанша жыл не тыңдырдық байбаламмен.

Заңыңның сайқалдығы тілімізді

Тексіздерге телміртіп қойған әлден.

Өзгеге жағынудан жарыс өтсе,

Қазағым, қара үзіп бәйге алар ма ең?!

Жоғарыда жанашыр жандар отырса,

Тілімнің тұнығы өстіп лайланар ма еді?

Осқырына қарайтын өз тіліне,

Мақтанасың төрдегі қай балаңмен?!

Соларды кеп сайлаймыз басшы қылып,

Тіліңді асырардай айдан әрмен.

Әй, бірақ, тіл меңгереді дей алмаймын,

Жаттап ап, бір-екі ауыз сайрағанмен.

Намыссызға зор сенім артып отырған

Қазағым мұнша аңғал жай болар ма ең?!

Санасызға тіл бітпес сайлағанмен,
Қара суға май бітпес қайнағанмен.

bottom of page